МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ ҚОЛДАУ – ЕЛ БІРЛІГІН ҚОЛДАУ!
2011 ж. 01 қазан
1418
0
Қадірменді тіл жанашырлары!
Өздеріңізге мәлім, таяуда біз, ұлт зиялылары, партия, қоғамдық ұйым мүшелері, ақын-жазушылар, өзге де тіл жанашырлары бірлесіп, мемлекеттік тілдің бүгінгі аянышты жағдайы туралы баспасөз беттерінде ашық хат жарияладық. Ашық хатта мемлекеттік тіл төңірегінде қордаланып қалған өзге де жәйттермен қатар Конституцияның 7-бабының 2-тармағын алып тастау туралы мәселе көтердік. Себебі, Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» – деп бадырайып жазылып тұрса да, 2-тармаққа «орыс тілі ресми түрде қазақ тілімен тең қолданылады» деген тіркес ендірілген. Елімізде орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын Қазақстан республикасының Конституциялық Кеңесі бірнеше дүркін дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың 2-тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатыр. Осы үшін де өзіміздің көптеген шалақазақтарымыз «бізде орыс тілі мемлекеттік тіл ғой, сондықтан қазақ тілін үйреніп әуре болудың қажеті не?» деген ойдың ауқымынан шыға алмай келеді. Ал елімізде орыс тілі этносаралық, халықаралық қатынас, байланыс тілі деңгейінде қала береді. Бұған ешкімнің дауы жоқ. Атазаңға осыны нығыздап енгізуіміз қажет. Біздің бұл ойымызды кейбір орыс тілді басылымдар мен ғаламтор сайттары көпе-көрінеу бұрмалап, жала жабуда. Олар тіл жанашырларын әсіре ұлтшыл етіп көрсетіп, республикамыздағы өзге ұлт өкілдерін бізге қарсы айдап салуға тырысып бағуда. Ашық хатта атап өткеніміздей, біз әрқашанда республикамызда орыс тілінің және барлық этностар тілінің, олардың салт-санасының, рухани құндылықтарының салтанат құруын, өркен жаюын қалаймыз. Сол ықыласымыз, талабымыз ешқашан өзгеріске түспек емес. Ал мемлекеттік тілдің әлі күнге дейін басқа елдердегідей бәрімізді біріктіретін дара күшке айнала алмағаны ащы шындық. Осыған орай, 2011 жылдың 2 қазанында, жексенбі күні сағат 11-де, қалалық әкімшіліктің арнайы рұқсатымен, Алматы қаласындағы «Сарыарқа» кинотеатрының маңындағы алаңда «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясын өткіземіз. Егер Сіздер, шын мәнінде ұлтымыздың болашағына, оның тіліне, діліне, салт-дәстүріне жанашырлық танытсаңыздар, онда бізбен бірге боласыздар! Тілсіз – ұлт жойылады. Тілсіз – ұлттық құндылықтардың ешқайсысы да өркен жая алмайды. Егер біз мәңгүрттенбеген, өз бағыт-бағдары бар ұлт екендігімізді, рухани күш екендігімізді танытсақ қана, өзгелер де бізбен санасады. Рухы оянған, намысын жоғалтпаған ел екендігімізді айқындар кез келді. Бейбіт көңілмен, шынайы рухтастық жағдайда өтетін сол басқосуда шыншыл ой-пікір тоғыстыралық. Ұйымдастыру комитеті