Қазыбек Иса. ӘЛЕУЕТІ ЗОР ӘЛЕУМЕТТІК ЖОЛДАУ
2018 ж. 05 қазан
8333
0
Адамдарға ақыл-парасат өз өмірін жақсарту үшін берілген. Қазір - ынтымақтасу мен іскерлік кезеңі. Қазір адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған шағын қадамның өзі шалқыған даңғаза ұраншылдық пен үдере үндеушіліктен әлдеқайда маңызды.
Нұрсұлтан Назарбаев
Бүгінгі Елбасының «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты Жолдауы ерекше өтті. Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев бұл Жолдауды жұмыстық форматта жүргізді. Үкімет басшысынан бастап, министрлер де, әкімдер де Елбасы сауалына жауап берулеріне тура келді. Нақты сұраққа дәл жауап беруде кімнің кім екені де анықталып қалған жайлар бар. Мұғалімдер мерекесіне сәйкес келген Жолдаудың ең басты тартуы ұстаздарға бұйырды. Білім саласына Жалпы Ішкі Өнімнің 10 пайызы жұмсалмақ. Көптеген елдерде ЖІӨ-нің 3 пайызы ғана білім саласына бұйыратынын ескерсек, Қазақстанның бұл 10 пайыздық көрсеткіші дамыған елдермен деңгейлес екені көңілге қуаныш ұялатады. Бұл арқылы мұғалімдердің жалақысы 30 пайызға көбейеді. Педагог статусы туралы заң қабылданады. Егер бұл заң қабылданса, әкіімшіліктің қолбаласына айналып кеткен мұғалімдер қауымының мұраты орындалмақ. Оқушылардың білім жүктемесін азайту да айтылды. «Мектеп тапшылығы, үш ауысымды мектеп әлі де бар. Сондықтан, 2019-2021 жылдары осы мақсаттарға тағы 50 млрд теңге бөлуді тапсырамын. Әлгі масқаралы үшауысымды мектептер мәселесін шешу қажет», - деп, тапсырды Президент. Сонымен қатар Елбасы елдің жоғары оқу орындарының білім беру сапасы төмен болғандықтан да, талантты жастардың шетелдік университеттерге кетіп жатқандары азаймай тұрғанын сынға алды. Бұл мәселелер бойынша бас мұғалім Ерлан Сағадиеевтың Елбасы алдында нашар оқушыға айналып, талай сұраққа қиналып жауап беруіне тура келді. Сонымен қатар жайлап алған жемқорлық мәселесі де қозғалды. Мысалы, ең арысы мектепке мұғалім болу үшін де, тіпті еден жуушы жұмысқа тұру үшін де пара берілетіні жайлы келеңсіздіктер де Елбасының аузынан айтылды. "Ауруын жасырған -өледі" дегендей, Елбасы ел ішіндегі бұндай кеселдерді тап басып көрсетіп берді. Жемқорлық жолы кесілмесе, болашағымыз қиын болатыны анық жәйт. Шенеуніктер шені үлкейген сайын, жемқорлықтың көлемі де үлкейе беретіні белгілі. Сонымен бірге шені үлкен шенеуніктердің қол астындағыларға қысым көрсететіні де айтылды. Сондықтан Елбасы Ұлттық Қауіпсіздік Комитетіне бұндай кеселдердің жолын кесу туралы нақты тапсырма берді. Адам денсаулығы еліміз үшін ең басты назарда болып келеді. Сондықтан, денсаулық пен спорт саласына да дем берілетін болады. Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының Елбасының спорт нысандарына байланысты сауалына нақты жауап бергенін айтуға тиіспіз. Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев пен Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев та Елбасы сауалына тұщымды жауап бере білді. Ауылшаруашылық өнімдерінің өнімін арттыру мәселелері де Жолдаудың басты тақырыптарының бірі болды. «Ауыл – ел бесігі» атты бағдарлама да іске асырылады. Әкімдердің 2019 жылы орындарында қалу-қалмауы Баспанамен қамтудың 7-20-25 бағдарламасының шешілуіне байланысты болады. Ең төменгі жалақы бір жарым есе өсетіні де елді қуантып тастады. Ел тұрғындарының үштен бірі жастар болғандықтан, келесі жылды Жастар жылы деп жариялаудың да маңызы өте зор. Студенттердің сапалы білім алуын мен олардың жұмысқа орналасуы қамтамасыз етілетін болады. "Ақ жол" партиясы айтып келе жатқанына алты жыл болған салық амнистиясы да осы Жолдауда қолдау тапты. Иә, бұл мәселе кәсіпкерлерге үлкен көмек болатыны айқын. Бұл туралы бүгін Астанада өткен "Ақ жол" партиясының Елбасы Жолдауын талқылауға арналған жиынында кеңінен айтылды. Отандық өнімді қолдауда Елбасы өзі үлгі көрсеткенін шенеуніктердің есіне тағы да салды. Мемлекеттік аппараттың кәсіпқойлығы баса айтылды. "Мемлекет пен қоғам арасын жақындату керек. Бұл үшін халықпен ашық әңгімеге бару керек" деді Елбасы. Иә, бұл ең басты мәселелердің бірі. Қазір билік пен халықтың арасы алшақтап бара жатқаны анық байқалуда Есігінде екі-үш полиция ұстап, қытай қорғанын тұрғызып алаған әкімдерге қарапайым халықтың кіре қойып, арызын айта қоюы мұң болып та, жыр болып та келеді. Бір бөлімде отырған он адамның үшеуі ғана нақты жұмыс істейтіні, қалғаны бос отыратыны да айтылмай қалмады. Сондықтан оңтайландыру мәселесі күн тәртібінде нық тұр. Президент Кеңсесі басшысы Махмұд Қасымбековтың «Министрлер бір жылда 100 күнін жиналыспен өткізеді» деген мәліметі де Елбасының наразылығын туғызды. Премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа «Сендер бұндай жиындарыңмен елге жұмыс істетпейсіңдер ғой, Өзің күніне 7 рет жиын өткізсең, қай кезде жұмыс істейсің?» деп, мәселені төтесінен қойып, нақты нұсқау берді. Бұл Жолдауда "Полиция елді қорғай ма, қорлай ма?" деген сауалға да жауап ізделді. Ішкі істер саласын үлкен реформа күтіп тұрғаны анық. Бұл мәселеде Елбасы қанша сөзге тартып, сауал қойса да үндемей құтылды. Бәлкім, генерал-министрдің айтары да жоқ болар.. Елдің жаппай қолдауына ие болған Рухани жаңғыру мен бес әлеуметтік бастама да жалғасын таба беретін болады. Қорыта айтқанда, елдің әл-ауқатын арттыру мен тұрмыс сапасын жақсартуға арналған әлеуеті зор әлеуметтік Жолдау ел көңілінен шығуда. Біз сөзашарымызда келтірген Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың "Адамдарға ақыл-парасат өз өмірін жақсарту үшін берілген. Қазір - ынтымақтасу мен іскерлік кезеңі. Қазір адамдардың өмірін жақсартуға бағытталған шағын қадамның өзі шалқыған даңғаза ұраншылдық пен үдере үндеушіліктен әлдеқайда маңызды"- деп, кезінде айтқан өнегелі сөзі осы Жолдаудың өзегіне айналып тұрғаны анық. Енді тек Елбасы Жолдауын іске асыруға бәріміз өз үлесімізді қосуымыз керек. Өйткені, осыдан бір ғасыр бұрын Алаш көсемі Әлихан Бөкейханның "Адам қызметі кіріспей, қазына тумайды"-деп айтқанындай, өз өмірімізді жақсарту өз қолымызда. Қазыбек ИСА, «Ақ жол» партиясы төрағасының орынбасары Qazaquni.kz- Елбасы жолдауы
- Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев
- премьер-министр Бақытжан Сағынтаев
- «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру»
- Qazybek ISA
- Президент Кеңсесі басшысы Махмұд Қасымбеков
- Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамадиұлы
- Ерлан Сағадиеев
- Қызылорда облысы әкімі Қырымбек Көшербаев
- Ішкі Істер министрі Қ.Қасымов
- Түркістан облысы әкімі Жансейіт Түймебаев