Нұралы Әбішев: "Бөрте-Милка" фермасының биік дәрежеге жетуіне Елбасының үлесі зор
2018 ж. 05 қазан
5693
0
Бүгін Мемлекет басшысы Н. Назарбаев Қазақстан халқына арнаған кезекті Жолдауында ел экономикасының негізгі бағыттарын дамытуды тапсырды. Соның ішінде ауыл шаруашылық саласына ерекше тоқталған Президент, Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы "Бөрте-Милка" кешенді фермасының инновациялық жұмыстарын елге үлгі етіп атап өтті. Бұл туралы біз "Елбасы үлгі еткен "Бөрте-Милка" кешенді фермасы туралы не білеміз" атты мақалада егжей-тегжей баяндадық. Аталмыш мақаламыз жария болғасын ферма директоры, белгілі кәсіпкер Нұралы Әбішев редакциямызға хабарласып, өзінің Елбасыға арнаған Үндеуін жолдады. Өңірге белгілі кәсіпкердің Мемлекет басшысына арнаған лебізін оқырман қауымға ұсынамыз.
Аса құрметті, Нұрсұлтан Әбішұлы!
Сіздің «Қазақстандықтардың әл-ауқатының өсуі: табыс пен тұрмыс сапасын арттыру» атты бүгінгі Жолдауыңызды ерекше зейін қойып тыңдадым.
Биылғы Жолдауда елдің әл-ауқатын көтеріп, мемлекетімізді алға жетелейтін нақты жоспарларды баяндап, оны орындау жолын да көрсетіп бердіңіз. Мені ерекше толқытқаны, жиында Сіз Түркістан облысы, Ордабасы ауданындағы «Бөрте-Милка» кәсіпорнына арнайы тоқталдыңыз.
Өйткені біздің кәсіпорынды бүкіл елге үлгі етіп көрсетуіңіз оның құрылтайшысы ретінде мені айрықша қуанышқа бөледі. Сіздің «Бөрте-Милкаға» арнаған жылы лебізіңіз біздің ұжымға қанат бітірді.
Кәсіпорынның осындай дәрежеге жетуіне Сіздің үлесіңіз зор. Себебі, өзіңіздің бастамаңызбен кәсіпкерлік саласына мемлекеттен көптеген жеңілдіктер жасалып жатыр. Мен де мемлекеттік қолдауға ие болып, 1 млрд. теңгеге заманауи техникалар мен құрылғылар орнаттым. Нәтижесінде Түркістан облысында жасалған сүт өнімдері еліміздің түкпір-түкпіріне тарап жатыр.
Қазір «Бөрте-Милка» кәсіпорнында 40 адам тұрақты жұмыспен қамтылған. Биылғы Жолдауыңызда айтылған міндеттерді орындауға барынша күш саламыз және бастамаларыңызды нақты іспен қолдайтын боламыз!
Нұралы ӘБІШЕВ,
«Бөрте-Милка» кәсіпорнының құрылтайшысы,
Түркістан облыстық мәслихат депутаты.