Абылай ханның ақ ордасында сыра фестивалін өткізбек болғаны қалай?..
2018 ж. 28 қыркүйек
4260
0
Осы хабарламаны естіп, төбе шашым тік тұрды. Қазақтың басын біріктіремін деп аттан түспеген Абылай хан бабамыз болашақ ұрпағының өзінің ақ ордасы болған жерде осылай жын ойнақ салады десе сенер ме еді. Ал, он жыл бойы бодан болған алашына азаттық әперемін деген Кенесары хан ше?
Өкінішті жағдай, бұл сыра фестивлін өткізуге көлденең көк атты емес, жаңадан бекітілген Ақмола облысының туризм басқармасының басшысы міндетін атқарушы Жампейісов деген қол қойып, байқау жариялаған. Тіпті, бұл шараны ,,Астананың 20 жылдығына,, орайластырмақ болғанын қайда қоярсың. Ал, бұл сыра фестивліне жұмсамақ болған қаржы - 11 миллион 741 мың теңгені құрайды. Сонда жын ойнаққа осынша қаржы жұмсағанша, сол Бурабайда жетімсіреп тұрған Кенесары хан үңгірін тарихи орынға айналдыруға талпынбас па еді. Иә, рухани жаңғыру аясында бұл үңгір республикалық жобаға енгізілді дейтін шығар. Солар қазақтың соңғы ханының үңгірін шеттен келген туристер ,,Қарақшы үңгірі,, дейтінін біле ме екен. Сырттан келгендерді былай қойып, өз ішіміздегілер де солтүстік өңірді Ресейдің ең соңғы бекеті деп айды аспанға шығарғаны жайдан жай емес.
Әлде Бурабайда туризмді дамыту сыра фестиваліне келіп тұрма екен?! Бұл өңірде туризмді ламыту үшін Елбасы бастамасымен арнайы бағдарлама жасалып, мол қаражат бөлінгенін де естіген едік. Елбасының салиқалы бастамасын осылай ,,ішкіштердің,, басқосуын өткізу арқылы жандандырамыз десе оңбай қателеседі. Жаңағы Жампейісов қайдан келген. Әй, осы Көкшенің тумасы емес-ау. Тағы да сырттан әкелінген біреу ме? Егер осы елдің жергілікті кадры десе, біз естімеген тұлға. Қашан шаңыраққа қарайтын уақыт туады.
P.S. Осы жазба біраз күн ерте жазылып, желіге енді жарияланғалы жатқанда, фейсбук арнасынан Ақмола облысы әкімінің осы салаға жауап беретін орынбасарының бұл фестивал қолданыстағы заңнамаға сәйкес өткізілмейтіні жөнінде хабарламасын көзім шалып қалды. Кеш болса да, ақылға келген екен деген ой келді. Көрейік, артынан аты мен затын өзгертіп, тағы бірдеңені бүлдірмесе болды. Одан да жаңағы ақшаға Кенесары ханға еңселі ескертіш орнатса құба құп болар еді. Сонда оны бодандық саясатпен ,,қарақшы,, деп емес, қазақтың азаттық үшін күрескен соңғы ханы деп бағалар еді.
Бақыт Смағұл, Қазақ үні