ШИКІ ЗАҢ ЖОБАЛАРЫ СЕНАТОРЛАРДЫ ДА ШАРШАТТЫ
2018 ж. 28 қыркүйек
1965
0
Сенат төрағасы Парламентке шикі заң жобасын алып келетін Үкімет мүшелеріне маңызды іске атүсті қарауды тоқтату керектігін қатаң ескертті. Қасым-Жомарт Тоқаев шала жазылған заң жобасын депутаттарды қойып, оны құрастырған шенеуніктердің өздері не жазғанын түсінбейді деді.
– Қабылданған заңға бір жыл ішінде жүз шақты түзету енгізген жағдайлар болды. Тіпті кейбірі бір-біріне қарама-қайшы. Өзара байланыс жоқ. Не жазылғанын ұқпайсың. Мұны Әділет министрі де мойындап отыр, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.
Жоғары палатаға заң шығару процесін жетілдіру туралы құжатты алып келген Марат Бекетаев заң жобасын әзірлеуді «ағылшындардан үйрену керек» деп отыр. Айтуынша, ол елде кез келген құқықтық құжат міндетті түрде қоғамдық талқылаудан өтіп, сәтті іске асады дейді министр. Бірақ сенаторлар мұнымен мәселе шешілмейді дейді. Айтуларынша, ол үшін лобби жасауға тыйым салатын заң қабылдау керек. Өйткені, депутаттар шикі заң жобасын өтірік қолдай салуды әдетке айналдырған. Мұхтар Құл-Мұхаммед, сенат депутаты: – Мәселен, бюджет мәселесі қаралғанда, аймақ әкімдеріне таныс депутаттары лобби жасап отырады. Мұны барлығы біледі. Қысқасы, Парламентке кез-келген заң жобасы келсе, оны өтірік қолдайтын депутаттар көп. Сол үшін, дамыған елдердегідей, лобби жасау туралы да заң қабылдау керек.
Бұл жерде ескеретін мынандай мәселе бар. «Лоббиды» проблема етіп қажеті жоқ. Өйткені, белгілі бір аймақтан сайланған депутат өз облысының дамуына атсалысуға міндетті. Сондықтан ол өз сайлаушыларының әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту үшін дауыс береді. Ал, заң жобасына келетін болсақ, оның алдын ала қоғамда талқыланғаны дұрыс. «Ағылшынша», «африкаша» деп айқайлаудың да керегі жоқ. Заң мәжілісмендер мен сенаторлар үшін емес, алдымен сол қоғам үшін жазылады. Біздің тәжірибеде салалық министрліктер өз қалауынша жобаны дайындап, парламентшілер үн-түнсіз қабылдай салады. Содан барып қолданысқа келгенде жаңағы заң түкке тұрғысыз болып қалады. Бір сөзбен айтқанда ашықтық, халықтың пікірімен де санасу керек.
qazaquni.kz