Менингит дерті қайта өршіді: Үш оқушы ауруханаға түсті
2018 ж. 27 қыркүйек
2203
0
Дерт қайтадан дендеді ме? Алматы облысында соңғы 10 күннен бері 3 оқушы менингит диагнозымен ауруханаға түскен. Сондықтан Қаскелең қаласындағы менингит шыққан Абай мектебі оқушыларының ата-аналары осы білім ошағын карантинге жабу керек дейді. Өйткені балаларының өмірі үшін алаңдаулы. Ал жұқпалы аурулар ауруханасындағы дәрігерлер бұлай дабыра жасауға себеп жоқтығын айтады.
Бұл туралы КТК арнасы хабарлады.Құсуы жиілеп, басы ауырған алтыншы сыныптың оқушысына ақ халаттылар өткен апта іріңді менингит деген диагноз қойды. Абай мектебінде білім алатын жеткіншектердің ата-аналарының қазір көңілі күпті. Карантинге жаппаса, менингит одан әрі дендеп кете ме деген үрейлері бар. Тіпті балаларын оқуға жіберуге қорқып қалған.
Әсем Рахымова, Қаскелең қаласының тұрғыны:
- Менің ойымша, карантин жариялау керек сияқты. Әлде өлімді күтіп отыр ма?
Қаскелеңдегі жұқпалы аурулар ауруханасында Абай мектебінен түскен оқушыдан бөлек, тағы екі жеткіншек жатыр. Үшеуіне де іріңді менингит диагнозы қойылған. Дәрігерлер өмірге қатер төндіретін қауіп жоқ деп сендіріп отыр. Жалпы, жыл басынан бері бұл ауруханада 63 адам менингиттен айығып шығыпты.
Сәуле Барақбаева, Қаскелең қалалық жұқпалы аурулар ауруханасы балалар бөлімінің меңгерушісі:
-Іріңді менингит дегеніміз - ми қабаттарының қабынуы. Суық тигеннен, иммунитеттің төмендігінен пайда болады. Негізі менингиттің жұқпалы түрі. Бірақ біздің ауруханада осы іріңді менингиттен ешкім қайтыс болған жоқ.
Жұқпалы аурулар ауруханасындағы жеткіншектердің денсаулығы қазір бірқалыпты. Дәрігерлер осы аптаның аяғына дейін емдерін толық алып, құлан таза айығып, үйлеріне қайтады деп отыр. Ал менингит шыққан мектептегі оқушылардың ата-аналары білім мекемесін карантинге жабу керек деп дабыл қағуда. Өйткені, ауруын жасырған өледінің кері келмесін деп уайымдайды.