Бас мүфти мектептердегі хиджаб дауына қатысты пікірін айтты
2018 ж. 25 қыркүйек
2768
0
Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, бас мүфти Серікбай Ораз Ақтөбе облысын аралап жүр. Аймақтағы "хиджаб дауына" қатысты мүфти "ата-ана ұрпағын білім алудан шектемеуі тиіс" деп санайды. Бұл туралы Азаттық хабарлады.
- Бәлиғат жасына жетпеген қыз балалардың, тіпті 7-8 жастағы қыз балаларды яғни, жас баланың тағдырын тәлкекке, саудаға салу - жаңсақ дүние. Алла парыз еткен, бұйырған сәті келмегенге дейін балаға өз көзқарасын таңу дұрыс емес. Мен бас мүфти ретінде азаматтарды түсіністікпен қарым-қатынас жасауға шақырамын. Білім беру ошақтарының талап-тілектерін де жақсы білеміз. Біз ұрпағымызды білім алудан шектемеуіміз керек, – деді Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы Серікбай Ораз.
Бас мүфти Ақтөбе облысында 26 қыркүйекке дейін Алға, Мұғалжар аудандарын аралап шықпақ. Азаттық тілшісінің: "Мектеп формасына байланысты балаларын сабаққа жібермей отырған ата-аналарымен кездесесіз бе?" деген сауалына мүфти: "Бәлкім, кездесермін" деп жауап берді.
Қазір Ақтөбе облысында "мектеп формасы талабын сақтамағандықтан" сабаққа қатыса алмай отырған 34 оқушы қыз бар. Ақтөбе облыстық дін істері департаментінің дерегінше, олардың көбі - бастауыш сынып оқушылары.
Елдегі "діни ахуалы ең күрделі аймақ" саналатын Ақтөбе облысында соңғы жылдары билік "теріс діни ағымдардың" ықпалын азайтуға, діни экстремизм мен террорзимнің алдын алуға бағытталған түрлі шараларға баса мән бере бастаған. Қазақстан билігі діни радикализмнің тарауынан сақтану шаралары ретінде "дәстүрлі діни құндылықтарды" белсенді түрде насихаттайды. Кейбір билік өкілдері оқушы қыздардың хиджаб тағуын "жат діни ағымдардың әсері" деп қауіптенеді.
Ақтөбе облыстық білім басқармасының мәліметінше, 2017-2018 оқу жылында баласы мектеп формасы тәртібін сақтамаған 25 ата-анаға Әкімшілік кодекстің 409-бабы 2-тармағына ("Қазақстанның білім беру, дене шынықтыру және спорт саласындағы заңнамасын бұзу") сәйкес бес айлық есептік көрсеткіш (қазір бір АЕК - 2405 теңге) көлемінде айыппұл салынған. Төрт оқушы келесі сыныпқа көшпей қалған.