"Бір ұрып құлатты": Қорғастағы шекарашылар төбелесінің видеосы жарияланды
2018 ж. 25 қыркүйек
14885
0
Қорғаста оңбай таяқ жеп, жағы сынған шекарашы төбелесті о баста өзі бастаған көрінеді. Сыртқы бейнебақылау камерасына ефрейтор мен тілмаш арасында жанжал отының тұтанған сәті түсіп қалған, - деп хабарлайды КТК арнасы.
Айыпты ретінде қамауға алынған Әзілхан Әзімханның адвокаты мен жақындары енді істің ақ-қарасын ажыратуды талап етіп отыр. Естеріңізге салайық, өткен аптада Қорғас шекара бекетінде төбелес болып, 25 жастағы ефрейтер ауруханаға жеткізілген еді.
Басы жарылып, жағы сынып, қанға бөккен шекарашы Нұржан Молдаштың видеосы әлеуметтік желіге жәбірленуші ретінде таралды. Жауынгерге жұдырық жұмсаған Әзілхан Әзімхан артынша қамауға алынды. Алайда даудың басы кімнен басталғанын бақылау камерасындағы жазба тайға таңба басқандай көрсетеді.
Әу баста тілмашпен сөзге келген ефрейтор ерегісті өзі бастап, соққыны бірінші болып сілтеген. Қабағы жарылғаннан қаны басына шапқан Әзілханның қарымта жасаған бір соққысынан ефрейтор сұлап түсіпті.
Бірлікбай Жармұханбетов, Ә.Әзімханның адвокаты:
- Шекарашыны ұруға мәжбүр еткен шекарашы Нұржан Молдаштың өзі. Екеуінің арасында келіспеушілік туындағаннан кейін Әзілхан ол жерден кетуге тырысып, 5-6 қадам Молдаштан алыстап кеткенде Молдаш жүгіріп келіп оны қапсыра қысып, сол қолымен бет тұсы, кеуде тұсынан екі рет соққы жасайды.
Абыр-сабырдағы дабыраға жұрт үймелеп жеткенде шекарашы есінен танып жатқан. Нұржан Молдаш дереу Панфилов аудандық ауруханасына жеткізілді. Әзілхан Әзімханның адвокаты ефрейтордың өзі екіленіп, ерегіспегенде жағдай осылайша ушықпас еді дейді.
Қорғастағы қырылыс қазір облыстық ішкі істер басқармасының бақылауында. Тергеу жалғасып жатыр. «Билік өкіліне күш көрсету" бабы бойынша іс қозғалған. Бақылау камерасындағы жазба май шаммен қаралса, жәбірленуші мен айыптының орны алмасуы мүмкін бе деген сұрақ көптің көкейінде тұр.