«ВИРТУАЛДЫ ҚОЙМА» ӘДІСІНДЕГІ ҚОЛАЙСЫЗДЫҚТАР
2018 ж. 21 қыркүйек
2974
0
«Виртуалды қойма» модулі кәсіпкерлер үшін елеулі әкімшілік тәуекелдерді тудырып отыр. Осыған орай, «Ақ жол» депутаттары Қаржы министрлігінен аталған мәселелерді оңтайлы шешуін сұрады. Фракцияның аталмыш депутаттық сауалын Екатерина Никитинская мәлімдеді.
«Үстіміздегі жылдың 1-сәуірінен бастап Дүниежүзілік банктің жобасы шеңберінде республикада «Виртуалды қойма» модулі іске асырылуда. Ол салық төлеушінің қоймасындағы тауарлардың қозғалысын нақты уақыт режимінде автоматты түрде қадағалауға мүмкіндік береді. 2019 жылдың 1-қаңтарынан бастап оны толық іске қосу жоспарланып отыр, бұл деректер базасына кәсіпорындардың балансында бар барлық тауар-материалдық қосалқы қорлары мен негізгі құралдарды енгізу қажеттілігін білдіреді», – делінген депутаттық сауалда.
Дегенмен, Никитинская атап өткендей, кәсіпкерлер үшін елеулі әкімшілік тәуекелдер тудыратын бірқатар проблемалар бар:
1. Салық төлеушілер барлық тауарлар мен негізгі құралдар бойынша сыртқы экономикалық қызметтің тауар номенклатурасының кодтарына объективті түрде иелік етпейді.
2. Кодты өздігінен иемденіп алуы қолданыстағы классификаторға сәйкес келмеуі мүмкін. Сондықтан бұл дұрыс сәйкестендіруді қамтамасыз ете алмайды. Көлденең мамандарды тарту арқылы кодты иемдену – аса шығынды процедура, сондықтан, әрбір кәсіпкердің оған қауқары жете бермейді.
3. Модульде және салық төлеушінің 1С базасында тауарлардың көрсетілу мерзімдеріндегі айырмашылықтар әбден болуы мүмкін, өйткені, жүзеге асыру бойынша салық салынатын айналымның датасынан бастап 15 күнтізбелік күннен кешіктірмей, ЭСФ-тің үзінді көшірмесін жасауға заңды түрде рұқсат берілген. Мұның үстіне, жергілікті контрагенттерден шыққан бірдей тауарлар әртүрлі атаулармен, ал шетелдік жеткізушілерден келгендер мүлдем басқаша сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасы кодтарымен жүргізілуі мүмкін. Барлық осы кірістер бір номенклатуралық топтың картасында көрініс табады. Ал, бұл сөзсіз, «Виртуалды қойманың» және бухгалтерлік есептің деректері арасындағы сәйкессіздіктерге әкеліп соғады.
4. Ақшаға шаққандағы есеп-қисапты жүргізу талабы электронды шот-фактуралардың үзінді көшірмесін алуға мүмкіндік бермейді, ал «Виртуалды қойма» арқылы бұл тіптен мүмкін емес. Шындығында, әрбір іске асырылатын бірліктің қосымша параллель есебі қажет. Бизнес үшін бұл тағы да қосымша қаржы шығындарын жұмсау дегенді білдіреді.
5. Әзірлеушілердің түсіндіруінше, «1С Кәсіпорын 8» тұғырнамасындағы бағдарламалық өнімдердің конфигурациясында «Виртуалды қойма» модулімен интеграциялауды жақын арада іске асыру жоспарланбаған. Осылайша модульмен біріктірілген бухгалтерлік есептік бағдарламалық қамтамасыз етудің өзге нұсқаларына көшу қажеттілігі туындайды. Немесе деректерді «Виртуалды қойма» дерекқорына қолмен енгізу үшін бухгалтерлерді уақытша жалдауға тура келеді. Бұл іс-шаралар ауқымды қосымша шығынды талап етеді, оны кәсіпкерлер келесі жылы да алып жүреді.
«Әлбетте, «Виртуалды қойма» модулін енгізудің басты талабы номенклатураға СЭҚ ТН (сыртқы экономикалық қызметтің тауарлық номенклатурасын) қолдану арқылы «Тауар номенклатурасының бірыңғай анықтамасын» (штрихкодтау қағидасы бойынша) құру болуы тиіс. Сондай-ақ, арнайы бағдарламаны әзірлеп, оны әрі қарай әрбір салық төлеуші өз өнімдерін автоматты түрде кодификациялауға мүмкіндік беретін уәкілетті органның сайтына орналастыру қажет», – деп атап көрсетті депутат.
Модульді құрудың басты мақсаты экспорттық-импорттық мәмілелерді басқарудың тиімділігін арттыру болып табылатындығын ескерсек, Никитинская кәсіпорынның балансындағы негізгі құралдар және пайдаланудағы тауар-материалдық босалқы қорлар туралы деректерді «Виртуалды қоймада» көрсету бойынша талаптарды жоюды әділетті деп санайды. Есепке тек әкелінетін (импортталған) немесе экспортқа шығарылатын тауарлар мен жабдықтарды жылжыту тізбегінде жүргізуді ұсынды.
Жоғарыда айтылғандарға байланысты «Ақ жол» депутаттары Қаржы министрлігінен келесі ақпаратты берулерін сұрады:
– жоғарыда көрсетілген мәселелердің шешілуін қамтамасыз ететін іс-шаралар туралы;
– аталған әкімшілік олқылықтар сақталған жағдайда кәсіпкерлер үшін айыппұл, өсімақы және әкімшілік санкциялар түрінде пайда болатын тәуекелдер туралы;
– салық төлеушілердің қосымша қаржы шығындары бойынша, әсіресе шағын бизнес және аграрлық сектор саласындағы есептеулер туралы мәлімет беруін сұрайды. «Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру және отандық бизнестің мүддесін қорғау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
qazaquni.kz