Астанада 40-қа жуық отбасы үйсіз қалуы мүмкін
2018 ж. 13 қыркүйек
1946
0
Жақында салынған жатақханадан бөлме сатып алып тұрып жатқан отыз жеті отбасы алдағы уақытта баспанасыз қалуы мүмкін, деп хабарлайды Sputnik 31 арнаға сілтеме жасап.
Жатақхана Ильинка ауылында орналасқан, бұл ауданда негізінен екі қабатты коттедждер салынған. Жер учаскесінің иесі әкімдікке сондай коттедж саламын деп, кейін орнына жатақхана салып, бөлмелерін сатып жіберіпті. Бір бөлменің құнын екі жарым миллион теңге деп есептеген.
Енді сот заңсыз салынған жатақхананы бұзбақшы. 37 отбасыға ескерту жасалған, 17 қыркүйекте олар баспанасыз қалады.
Жатақхананы салған адам бөлме иелеріне қала шетінен баспана алып беремін деп отыр. Бірақ ол уәдесінде тұрған күннің өзінде, үй алғанға дейін адамдардың қай жерді паналайтыны беймәлім.
Мұндай қиын жағдайдың алдын алу үшін мамандар үй сатып алардан бұрын құжаттарын тексеріп алған жөн деп кеңес береді. Ол үшін жергілікті атқарушы органға өтініш жасаса, салушының тұрғын үйге қатысты құқығы мен оның не мақсатта салынғаны туралы ақпарат ұсынады. Ал егер баспана тіркелген болса, үшінші тұлғалардың құқығы бар-жоғын тексеру үшін халыққа қызмет көрсету орталығынан анықтама алған жөн.