АЛТЫН-ВАЛЮТА ҚОРЫН ӘРТАРАПТАНДЫРУ ҚОЛДАУ ТАПТЫ
2018 ж. 07 қыркүйек
2874
0
Ұлттық банк депутаттардың алтын-валюта резервтерін (АВР) әртараптандыру туралы ұсынысын толығымен құптайды – делінген Данияр Ақышевтің «Ақ жол» партиясы депутаттарының сауалына берген жауабында. Еске сала кетейік, ағымдағы жылдың 27-маусымында Азат Перуашев халықаралық саудалық санкциялар мен келіспеушіліктердің артуы, бірқатар ұлттық валюталардың тұрақсыздығы және басқа да халықаралық тәуекелдер аясында алтын-валюта резервтері құрылымындағы алтын қорларын ұлғайту туралы ұсыныспен сауал жолдаған болатын.
«Алтын-валюталық резервтері (АВР) ұлттық қаржы жүйесінің және ұлттық валютамыз – теңгенің тұрақтылығын қамтамасыз етуде маңызды фактор болып табылады», – деп атап өткен еді А.Перуашев. Демократиялық фракция әлемдік экономикада болып жатқан үрдістердің аясында Ұлттық банк пен ҚР Ұлттық қоры жинағының қауіпсіздігіне кепілдік беру мәселесінің өзектілігі одан сайын артып келеді деп есептейді.
Сонымен бірге Ұлттық қордың және Ұлттық Банк резервтерінің жинақтары және негізгі бөлігі шетел валютасы мен шетелдік бағалы қағаздардан тұрады. Мәселен, Ұлттық Банктің резервтерінде шетел валютасы және бағалы қағаздар 57% (17,8 млрд. АҚШ доллары) құрайды; Ұлттық қордың активтерінде бұл көрсеткіш одан да жоғары. 2016 жылғы деректерге сүйенсек, Ұлттық қордың қаражаты шамамен 40% АҚШ-тың валютасы мен құнды қағаздарынан, ал 22% – Еуроаймақтың, 10% – Жапонияның қаражатынан тұрады екен.
Сауалда көрсетілгендей, АҚШ-тың белсенді өзімшілдік (протекционистік) саясатынан күмәнданып қалған кейбір мемлекеттер мен ұлтаралық бірлестіктер әлемдік бірінші экономикадағы сауда қарым-қатынастарын шектеуге және төлем құралы мен резервтік валюта ретінде АҚШ долларынан бас тартып, оған баламасын табудың жолын іздеуге кіріскен. Мұндай жағдайда доллардың беталысын ғана емес (күрт өсуі немесе бірден құнсыздануы), сондай-ақ өзге де елдердің валюталары мен міндеттемелері сияқты америкалық бағалы қағаздардың өтімді құндылығын да күні бұрын болжау мүмкін болмай барады.
«Байқалып отырған геосаяси және макроэкономикалық тәуекелдерді ескере отырып, «Ақ жол» фракциясы валюта портфелін одан әрі әртараптандыруды жалғастырып, бір валютаның үстемдігінен шығу және ұлттық жинақтағы алтын қорының үлесін көбейту арқылы Қазақстанның алтын-валюта резервтерін қорғау шараларын қабылдау қажет деп санайды», – деп айтылған депутаттық сауалда.
Ресми жауапта Ұлттық Банк фракция депутаттарының ұстанымын қолдап, әртараптандыру мақсатында Ұлттық Банк алтын-валюта резервтері құрамындағы АҚШ долларының үлесін бірте-бірте қысқартқаны жөнінде хабарлады. Егер 2006 жылы ол 67% болса, ал 2018 жылдың маусым айының соңына дейін – 46%-ды құраған.
«Қазіргі уақытта Ұлттық Банктің алтын валюта резервтерінің құрылымындағы алтын көлемі 42,3%-ға жетті, бұл тарихи тұрғыдан ең жоғары шама болып табылады (алтынның ең аз 7,2% үлесі 2006 жылы байқалды). Құн бойынша бұл көлем 12,9 млрд. АҚШ долларын, ал нақты шамада 323 тоннаны құрайды. Дүниежүзілік алтын жөніндегі кеңестің деректері бойынша Қазақстан алтын резервтері бойынша әлемде 16-шы орында», – деп көрсетілген Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышевтің «Ақ жол» фракциясы депутаттарына жауап берген хатында.
qazaquni.kz