Бурабайдағы экскурсоводтың сөзі елдің жағасын ұстатты
2018 ж. 31 тамыз
26452
3
"Көкшетау, Ақмола дегендеріңіз Ресейдің оңтүстік бекеттері екен (южные рубежи Российской империи деп кәдімгідей ұрып отыр)"
Бурабайда "Ақ ордалы Астана" атты xалықаралық поэзия фестивалінде жүрміз. Ағылған өлең, төгілген жыр, арқа-жарқа сұxбаттар, небір әңгімелер, фотосессиялар т.б. боп жатыр. Франция, Польша, Ресей, Австралия, Қырғызстан, Армениядан келген ақындар Қазақ еліне дән риза. Бәрі тамаша, бәрі жақсы. Тек бір көңілге кірбің түсіретін жағдай болды кеше. Біз тоқтаған қонақ үйдің әкімшілігі фестивальге қатысушыларды автобусқа мінгізіп Бурабайды аралатты. Тамаша табиғатқа біз де, қонақтар да көзіміз тоймай қарай бастадық. Бір уақытта жүргізушінің қасында көзі Көкшенің аспанындай көкпеңбек экскурсовод қарағым әңгімені жарсын! Экскурсия мәтінінің ұзын-ырғасы былай. Аңыз айтып отыр баяғы: Құдай жер жүзін жаратқанда қазаққа жер жетпей қапты. Әлгі қазақ жер таратылып жатқанда, албасты басып ұйықтап қалса керек, оянса бір қадым жер жоқ (ауада ұйықтаған-ау). Содан не керек, әлгі қазекең, қайдан тапқаны белгісіз Алдар-Көсеге ойбайлап барыпты. Алдар-Көсе Құдаймен бұрыннан таныс болса керек, біздің бейбақ бабамызға осы Көкшетау жерін сұрап әперіп, жарылқап тастапты. Жә, оған намыстан жарылардай боп отырсақ та, күле салдық. Сөйтсек, бұл әлі бер жағы екен. Бір кезде злой и жестокий правитель Қасым xан бүйткен-сөйткен деген әңгімені оңды-солды боратсын. Сосын бұл жерде үш жүздің басын қосып, қазақ xалқын Ресейге қосып аман алып қалған Абылай xан деген кісі өмір сүрген деп төбемізден жай түсірді. "Боровое" деген сөз орыстың "Бор" деген сөзінен туындапты-мыс. Ал, осы Көкшетау, Ақмола дегендеріңіз Ресейдің оңтүстік бекеттері екен (южные рубежи Российской империи деп кәдімгідей ұрып отыр). Шетелден келген қонақтар осының бәрін естіп, басын шұлғып отыр. Автобустан түскен соң, әлгі экскурсовод қыздан "мына мәтінді сізге кім дайындап берді?" деп сұрадым. Бұл мәтін бұрыннан бар, оны ежелден осы жерді білетін кәсіби экскурсоводтар (орекеңдер деп оқыңыз) жасақтаған деп тұр. Мыналарыңыз қате ақпарат десем, оны сіз емес, біз білеміз деп жұлынды да қалды. Міне, ағайын елордамыздың іргесінде осындай шовинистік пиғылдағы идеологиялық жұмыстар жүріп жатыр. Осындай сорақы дүниелерді естіген шетелдіктерде, тіпті өзіміздің жастарда тариxымыз жайлы жалған, теріс пікірі қалыптасады ғой. Осы орайда, мен Ақмола облысының әкімінен және оның туризмге жауапты орынбасары Марат Игали мырзадан Бурабайда жұмыс істеп жатқан қонақ үй, демалыс үйлері, санаторийлердің экскурсиялық бағдарламаларын тексеруді және оларға ұлттық мүддеге негізделген, ғылыми сараптамадан өткен, ортақ экскурсия мәтіндерімен қамтамасыз етуді талап етемін. Өз елімізде өз тариxымызды, аңыз-афсаналарымызды қорғай алмасақ ұят қой.
Ақберен Елгезек, Фейсбук парақшасынан