Атышулы аурухана дәрігері: "Назарбаевтың өзі орысша сөйлейді"
2018 ж. 29 тамыз
8824
0
Кешелі бері әлеуметтік желі қолданушылары арасында резонанс тудырған астаналық ауруханадағы жағдай әлі де өршіп тұр. Емделуші Мұқағали Балқыбаев аурухана қызметкерінен мемлекеттік тілде сөйлеуін талап еткен еді. Алайда 50-ден асқан қызметкерге құрметсіздік танытқан емделушінің өзін кінәлады, - деп жазды qamshy.kz.
Болған жағдайға бір көз жүгіртіп өтсек... Мұқағалиға 27 тамыз құлағына операция жасатып, сол күні кешке «Отоларингология» бөлімшесінің 9-палатасына жатқызылған. 28 тамыз палатаға тазалық сақтаушы орыс әйел кіріп, емделушілерге орысша сөйлей бастайды. Мұқағали өзінің орысша түсінбейтінін айтып, мемлекеттік тілде сөйлеуін талап етеді. Алайда әйел қазақ тілінде сөйлей алмайтынын айтып, емделушімен сөзге келіп қалады. Артынша палатаға дәрігер Асхат Николайұлын ертіп келеді. «Дәрігерім мені қорғайтын шығар» деп сенген емделушінің үміті ақталмады. Мұқағалидің айтуынша, дәрігер емделушінің өзіне тап берген. Тіпті «қазақша сөйле деп қақсай берсең, ауруханадан шығасы, шығару туралы анықтаманы да орыс тілінде жазып беремін» деп «қоқан-лоқы» көрсеткен көрінеді.
Мұқағалимен тілдескен біз дәрігері Асхат Николайұлының да пікіріне құлақ аспақ болып, хабарластық. Емделушісіне, қала берді мемлекеттік тілге араша түсіп, қолдайын деген дәрігерді көрмедік. Керісінше, «50-ден асып қалған тазалық сақтаушыға құрметсіздік көрсетті» деп Мұқағалидің өзін айыптай бастады.
«Өзіңіз ойлап қараңызшы?! Ол орыс әйел әрі 50-ден асқан. Қазақ тілін түсінбейді. Ондай адамнан қалайша мемлекеттік тілде сөйле деп талап ете аласың.. Ол әйел емделушіге «қазақша білмеймін» деп түсіндірген, бірақ емделуші өз айтқанынан қайтпады», - дейді дәрігер.
Ал «емделушінің орыс тілін білмейтінін ескерсек ше?» деген сауалымызға Асхат Николайұлы Елбасының үш тілділік саясатын айтып, құтылған болды. «Назарбаевтың өзі орысша сөйлейді. Қазақша сөйлей алмайтын адамға сол тілде сөйле деп талап ете алмайсың. Сол сияқты орысша білмейтін адамнан да орысша сөйлеуін талап ете алмайсың» деп жауап қатты.
Сонымен қатар Қазақстанның көп ұлтты мемлекет екенін айтып, әр ұлттың тіліне құрмет таныту керектігін түсіндіруге тырысты. Бұған орыс тілінде таза сөйлеп, халқын құрметтеген Абайды мысалға келтірді.
Ал «емделушіні ауруханадан шығарып жіберемін, анықтаманы орыс тілінде жазамын» деп айтқаныңыз рас па?» деген сауалымызға «жала» деп қана жауап қатты. «Ол менің емделушім. Оның денсаулығы үшін мен жауаптымын. Сол үшін оны шығарып жіберем деген әңгіме бос сөз», - деді Асхат Николайұлы.
Бұл диалогтан түсінгеніміз, өзі ісіне өкініп, емделушіден кешірім сұрайтын дәрігерді байқамадық.
qamshy.kz