ҚАШАНҒА ДЕЙІН ТІЛ ЗАҢЫ ОРЫНДАЛМАЙТЫН ЕЛ БОЛАМЫЗ?!.
2018 ж. 28 тамыз
6770
4
ЕКІ ТІЛДЕ СӨЙЛЕУГЕ ТИІС ТЕК ҚАЗАҚТАР ҒАНА МА?
Тіршіліктің ең маңызды нәрі НАН мен ЕМ сұрауға жарамаса, ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ - ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚҰНЫ ҚАНДАЙ БОЛҒАНЫ?
Ауруxанада операциядан шыққан Мұқағали қазақтың Астанасында қазақ тілінде сөйлегені үшін қағажу көріп жатыр.
Астанадағы №2 ауруханада жатқан ол өзінің фейсбуктегі парақшасында дәрігердің мемлекеттік тілде қызмет көрсетпей қойғанын жазып, елден қолдау күтті.
Бұл туралы біз «Қазақ үні» порталында «СҰМДЫҚ! Ресей тілін білмеген адам Астана ауруханасында өлуі керек пе?» атты мақалада егжей-тегжейлі жаздық.
Бүгін Мұқағали Балқыбаев бауырыммен сөйлесіп, көңілін сұрап, қуат беріп қойдым. Ол палатаны тазалаушы өзге ұлт өкіліне қазақ тілінде сөйлегені үшін басы дауға қалғанын айтты. «Тек қана орыс тілінде сөйле» деп жекіген ол кісі онымен тұрмай Мұқағалидың емдеуші дәрігері Асхатқа шағым айтып барған. Ал Асхат болса, ол кісіге Қазақстанның тіл туралы заңын түсіндірудің орнына Мұқағалиға ұрысқан. «Неге орыс тілінде сөйлемейсің, билігіміз үш тілде сөйлеу керек деп айтып жатыр»-деп алқымнан алған.
Үш тілде, мейлі, екі тілде сөйлеу керек десе де, өздері, аурухана қызметкерлері, МЕМЛЕКЕТТІК ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР, КӨПШІЛІК ОРЫНДАҒЫ ҚЫЗМЕТКЕРЛЕР үш тілдің біріншісі - МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛ - ҚАЗАҚ ТІЛІНДЕ НЕГЕ СӨЙЛЕМЕЙДІ? ӘЛДЕ ҮШ ТІЛ немесе ЕКІ ТІЛДЕ , СӨЙЛЕУ ТЕК ҚАЗАҚТАР ҮШІН ҒАНА МА?
Әлгі кісі бүгін тағы келіп, «Ертең бас дәрігер келеді»-деп сес көрсетіп кетіпті...
«Ауруханада бір де бір мемлекеттік тілдегі жазу көрмейсің. Мысалы, мына бір орысша жазу бұл жерге электр және қуаттандыру құралдарын қосуға болмайтынын ескертіпті. Мен оны түсінбей телефонымды қойып жүрмін..»-дейді Мұқағали.
Алаштың Астанасы деп аңсап келгенде, Ресейдің бір губерниясының ауруханасында жатқандай бейшара халде қалған Мұқағалиды мұқатып, мемлекеттік тіл туралы заңды бұзғандар жауапқа тартылуы тиіс. Тіл туралы заңмен бірге Мемлекеттік тілді дамыту туралы мемлекеттік бағдарлама бойынша 2013-2015 жылдары-ақ көпшілік орындардың бәрінде тек мемлекеттік тілді білетіндер жұмыс істеуі тиіс болатын. Қайда ол Мемлекет басшысы қол қойған Мемлекеттік бағдарлама талабы? Қашанға дейін орындалмайтын заңдар мен мемлекеттік бағдарламалар еліне айналамыз?
Өткенде Қарағандыда бір қазақ дүкеннен қазақ тілінде бір бөлке нан сұрап жей алмағанын жаздық. Енді Астанамызда ауруханада қазақ тілінде ем сұрап ала алмай жатыр. Тіршіліктің ең маңызды нәрі НАН мен ЕМ сұрауға жарамаса, ТӘУЕЛСІЗ ҚАЗАҚ МЕМЛЕКЕТІНІҢ МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛІ - ҚАЗАҚ ТІЛІНІҢ ҚҰНЫ ҚАНДАЙ БОЛҒАНЫ?
Әрине, ұлт зиялылары талай жазып келе жатқанындай, бұндай масқара жағдайға жетуіміздің барлығына қазақтың саны 50 пайызға жетпей тұрғанда қабылданған Конституциядағы орыс тілі туралы 7 баптың 2-ші тармағы кінәлі. Былтыр Конституциялық реформа кезінде әйгілі тарландар Әбдіжәміл Нұрпейісов, Дулат Исабеков, Асанәлі Әшімов, Қабдеш Жұмәділов, Өмірзақ Айтбаев, Мекемтас Мырзахметов, Төрегелді Шармановтар бастаған 115 ұлт зиялысы қол қойған Конституциядағы орыс тілі туралы 7 баптың 2-ші тармағын алып тастау туралы "МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІҢ ТӘУЕЛСІЗДІГІ АТА ЗАҢДА АЙҚЫН КӨРІНСІН!" атты Ашық хатты «Қазақ үні» порталында 80 мыңға жуық адам оқып, 150-дей пікір жазылып қолдаған болатын. Әлеуметтік желілердегі қолдаушылардың есебі жоқ. Бұл Ашық хат Президент қолына тигенін Президент әкімшілігі басшысы Әділбек Жақсыбеков Конституциялық реформа қорытындысы туралы ресми есеп берген жиында мәлімдегені БАҚ-та жарияланып, телеарналар көрсеткен еді. Бірақ әлі нәтиже жоқ. Енді алдағы уақытта екі тілде жарияланған сол Ашық хатты тағы бір қайта жариялаудың реті келіп тұрған секілді. Өйткені әлеуметтік желіде осыны сұрап, талап етіп жатқандар қатты көбейіп келеді...
Елбасымыз өткенде "Үкімет пен Парламент тек қазақ тілінде сөйлеуі тиіс" дегені бір серпіліс болып, құдайға шүкір, министрлер мен депутаттар тіл сындырып жатыр. Енді төменнен де, халықтың ең көп шоғырланатын мекемелердің бәрінен де осылай мемлекеттік тілді талап етудің уақыты жетті. Жетті емес-ау, жоғарыда айтқанымыздай өтіп кетті...
Мұқағалидың қазақша сөйлегені үшін қиындықта қалғанына күйінгендер жетіп жатыр. Журналист Жолымбет Мәкіш: «Қазақтың өз елінде қазақша жауап ала алмауы – масқара нәрсе! МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛМЕЙТІНДЕРДІ МЕМЛЕКЕТТІК МЕКЕМЕНІҢ МАҢЫНА ДА ЖОЛАТПАЙТЫН УАҚЫТ БАЯҒЫДА БОЛДЫ ҒОЙ !..» - деп жазды.
«Қазақ үні» сайтындағы аталмыш мақланы оқып, белгілі тіл кұрескері Оғыз Доған: «Ең болмағанда бір топ «Мен қазақпын!» дейтін қоғам белсендісі сол ауруханаға барып, мына бауырымыздың жағдайымен танысып, аурухана қызметкерлерін мемлекеттік тілге қатысты заңға бағынуға шақыру керек!!! Аяғым сынып, гипсте тұр!.. Ешкім бармайтын болса еңбектеп болса да мен барамын!!! Барыңыздар Астаналықтар, Алла үшін өтінемін…»-деп таусылды...
Мен өзім Алматыда болған соң, Мұқағали бауырымыз туралы белгілі жазушы-сыншы, қоғам қайраткері Жұманазар Сомжүрек ағамызға хабарласып, «Ауруханада қиын жағдайда қалған бауырымыздың жағдайын біліп келмейсіз бе?» деп айттым. Ол кісі ертең Астана әкіміне, №2 ауруxанаға барып, жағдайды білмекші болып дайын отыр. Жанұзақ Әкім ағамыз арқылы заңгер Жасұлан Иса ініміз де хабарласып, «Бұны бұлай қалдыруға болмайды!» деп, бірге бармақшы. Марат Ақанов бауырым да барамыз дейді..
Әлеуметтік желі дүрілдеп, өртеніп тұр. Бәрі №2 аурухананың емдеуші дәрігері Асхат пен бас дәрігеріне дейін жұмыстан кетуін талап етуде. Астана әкімі Әсет Исекешев пен Денсаулық министрі Елжан Біртановтың араласуын сұрауда.
Иә, мұзбалақ ақынымыздың аты қойылған Мұқағали бауырымыз қазақтың Астанасында қазақша сөйлей алмай, өз отанында қорланып жатыр... Қазақ Елінің Тәуелсіздігінің 27-ші жылында!!!
Біз қайда бара жатырмыз?
Қазыбек ИСА
Qazaquni.kz