Астанада жаңбырда қайықпен жүзген жігіт: "Бүкіл ел бізді қолдап отыр" (ВИДЕО)
2018 ж. 25 тамыз
3545
0
Астанада нөсер жаңбыр кезінде қайықпен жүзіп, ел есінде қалған екі жігіттің бірі сот қаулысына қалай қарайтынын айтып, алдағы жоспарларымен бөлісті.
25 жастағы Жандос Садыбектің айтуынша, нөсер жаңбыр жауған күні ол досы Дмитрийді шақырып, қармақ пен қайықты алып, өзінің "балалығын" видеоға түсіруге бел буған.
"Біз апаттық жағдай туғызбаймыз, ешкімге кедергі келтірмейміз деп ойладық. Әрине, жұрттың назары бізге ауатынын түсіндік, бірақ дәл осындай қоғамдық резонанс туады деп ойламаған едік", —деді Жандос Sputnik Қазақстан тілшісіне.
Жас жігіт қалалық сот досы екеуіне 5 АЕК (әрбіріне 12 мың 025 теңге немесе 33 доллар) айыппұл салғанда, қазақстандықтардың оларға қолдау көрсеткені үшін өте қуанышты екенін жасырмады.
Астананың ішкі істер департаменті ер адамдардың қылығын ұсақ бұзақылық деп бағалап, Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекстің 434-бабына сәйкес хаттама толтырды.
"Заңгерлер менімен байланысқа шықты. Олар біздің әрекетімізде ешқандай бұзақылық болмағанын айтып отыр. Біздің қылығымызды қайықтарды пайдалану ережесін бұзу ретінде ғана қарастыруға болады, одан басқа ештеңе емес", — деп сөзін жалғады атышулы видеоның кейіпкері.
Сот шешімі бойынша жігіттер бір ай ішінде айыппұл төлеуі тиіс немесе он күн ішінде шешімге шағым түсіре алады.
"Апелляция туралы әлі ойланып жатырмыз, бүкіл ел бізді қолдап отыр. Мен өзімді кінәлімін, заң бұздым деп санамаймын. Бір заңгер тіпті "қайыққа заңгерді отырғызып алып, қалаған жерлеріңде жүзіңдер" деп қалжыңдады", — дейді Жандос Садыбек.
Жас жігіт болашақта қызықты бейнероликтер түсіріп, хобби ретінде блогингпен айналысуды жоспарлап отыр.
Бірнеше күн ішінде екі ескекші түскен видео 500 мыңнан астам рет қаралды.
Астанада 20 тамыз күні нөсер жауын жауған еді. Төпелеген жауыннан қала көшелерін лезде су басты. Қала әкімдігі нөсер жүйесі мәселесін келесі жылы шешуге уәде берді.