Қазақстанда отыздан аса әкім мен олардың орынбасары пара алды деген күдік бар
2018 ж. 20 тамыз
3051
1
Қазақстанда отыздан аса әкім мен олардың орынбасары пара алды деген күдік бар, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Агенттіктің хабарлауынша, жалпы жыл басынан бері сыбайлас жемқорлық қылмыстары үшін түрлі деңгейдегі 31 әкім және әкімдердің орынбасарлары жауапкершілікке тартылған (облыстық - 1, қалалық - 4, аудындық - 5, ауылдық округ - 21). Сотталғандар - 12. Целиноград ауданының бұрынғы әкіміне қатысты салғырттық фактісі бойынша тергеу басталды. Ол аудан аумағында 50 гектар жер учаскесін сатып алу арқылы ЖШС-не жеке меншік құқығын беру туралы қаулыға заңсыз қол қою арқылы өзінің қызметтік міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін күдікті болып отыр, бұл мемлекеттің заңды мүдделерін елеулі түрде бұзуға әкеп соққан.
Павлодар облысы Ақсу қаласының Қалқаман ауылдық округінің әкімі өзіне бағынышты бас маманмен алдын ала келісім бойынша ЖШС өкілінен жалға алу шартын жасасу және әкімдіктің әкімшілік ғимаратында төлем терминалын орнату үшін 50 мың теңге пара алғаны үшін күдікті болып отыр. Алматы облысының Байсерке селолық округінің әкімінің бұрынғы орынбасары лауазымдық өкiлеттiктерін теріс пайдаланғаны үшін күдікке ілінді. Ол облыс тұрғындарының біреуіне бас жоспарға сәйкес автокөлік тұрағына арналған жер учаскесін жеке қосалқы шаруашылық үшін заңсыз берген.
Бұның салдарынан мемлекетке 496 мың теңгеге зиян келтірілген. Бұл фактілер бойынша сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. Сонымен қатар, Атырау облысында аудан әкімінің орынбасары және құрылыс бөлімінің бастығы бопсалау арқылы пара алғандары үшін сотталды. Лауазымды тұлғаларға құрылыс бойынша мердігер компаниясынан 500 мың теңге пара алғандары үшін айып тағылған.
"Әкімнің орынбасары кінәлі деп танылды. Ол жеті жылға бас бостандығынан айырылды. Құрылыс бөлімінің бастығы да кінәлі деп танылып, 35 миллион теңге мөлшеріндегі айыппұл төлеуге сотталды", - деді мамандар.
Кәсіпкерден жүйелі түрде жалпы сомасы 300 мың теңге пара алғаны үшін Ақмола облысының Аршалы ауданы Жібек жолы ауылдық округінің әкімі 23,4 миллион теңге айыппұл төлеуге сотталды. 12 миллион теңге көлемінде айыппұл төлеуге Жетісай қаласының әкімі сотталды.
Ол биыл ақпан айында "Балапан" бағдарламасы бойынша қаржыландыру мәселесі бойынша оң шешім қабылдағаны және бұдан әрі қамқорлық жасау үшін ЖШС құрылтайшысынан 200 мың теңге көлемінде пара алған.
Ақмола облысының Целиноград ауданындағы Қосшы ауылдық округінің әкімі 8,8 миллион теңге мөлшерінде айыппұл төлеуге сотталды. Ол 2018 жылдың қаңтарында Астана қаласының аумағында жерді дамыту жөніндегі мемлекеттік бағдарлама аясында жер телімін беру үшін ЖШС директорынан 3 миллион теңге пара алған.