Қазақ тілінде қызмет көрсетуді талап еткен тұрғындарды саяжай басшысы жарық пен сусыз қалдырмақшы
2018 ж. 10 тамыз
4504
1
Өскемен қаласы «Восточник-3» баубақша қоғамдастығына қарасты саяжай басшысы Шушанников Г.П күшіне мінді. Жергілікті тұрғындарға қазақ тілінде хабар беріп, қазақ тілінде жиналыс өткізуден бас тартып отырғанын айтып шағымданғандарды қыспаққа алып жатыр. Сондағы ойлап тапқаны не дейсіздер ғой, өз пікірін айтып, шағымданғандарды қоғамдастық мүшелігінен шығарып, жарық, судан ажыратамын деп қорқытыпты.
Бұл туралы qamshy.kz хабарлайды.Кеше «Восточник-3» баубақша қоғамдастығының саяжай тұрғындарына ашқан жиналыста, тұрғындарды жинап алып резонанс тудырғандарды мүшеліктен шығаруды қарастырылып жатқанын айтқан. Неткен өзіне деген сенімділік дерсің. Құдды бір аталған саяжай Қазақстан территориясында емес, жеке дара мемлекетте тұрғандай. Өз заңдары бар, саяжайда қандай шешім қабылдаймын, нендей заң шығарамын десе де өз еркі. Ол Қазақстан Республикасының Ата-Заңына сәйкес келе ме, жоқ па, оған бас қатырып жатқан ешкім жоқ. Өйтпей қайтсін? Бірнеше жыл бойы Қазақстан Республикасының Тіл туралы заңын белшесінен басып келеді. Оған әй дейтін әже, қой дейтін қожа жоқ. Мұндағы әже мен қожа жергілікті халық емес, құзырлы органдар. Себебі халық бұрыннан бері бұл бассыздық пен заңсыздыққа өз наразылығын білдіріп келеді. Алайда нәтижесіз. Басындағы мәселесін айтып, прокуратураға да арыз жазды, әкімдіктің де табалдырығын тоздырды. Халықтың мұңына құлақ асар бір ресми орган табылмады.
Шушанников тұрғындардың шағымы аяқ асты қалып жатқанына куә болған сайын тұрғындарға деген өктемдігін қаталдата түскендей.
Заңгер Абзал Құспан бұл мәселенің күрмеуін шешу оңай екенін айтады. Прокуратураға жіберілетін арызда Шушанниковтың қандай әрекеттері нақты қай заңды бұзып отырғанын тізбектеп шығу керек екенін айтады. Заңгер Прокуратураның нақты функциясы анықталып, көрсетілмегендіктен, арыз нақты заң бойынша көрсетілмегендіктен оны қарамай отыр деген ойда.
- Менің заңгер ретінде кеңесім, тұрғындардың әрқайсысы 20 мыңнан жинап сауатты, ұлтжанды, табанды юристі жалдағаны абзал. Шушанниковтың ҚР Тіл туралы заңын бұзып отырғаны айдан анық. Шушанниковке шағымданғандарды кооператив мүшелігінен шығарып, жарықты, суды өшіру туралы шешімді қарауының өзі заңсыз. Себебі жарықты, суды тек оның ақшасын төлемеген жағдайда ғана қия алады, дейді заңгер.
Абзал Құспан айтпақшы, бұл заңсыздыққа заң аясында тоқтау қою жеңіл, бірақ бірнеше жылдан бері Шушанниковқа, қоғамдастыққа прокуратураның да, әкімшіліктің де тісі бата алмай отыр. Заңгер Руслан Түсіпбеков те қоғамдастықтың тілге қатысты жүргізіп отырған саясатының нақты қандай бап бойынша бұзып отырғанын айтып берді.
- Көбісі орыс тілі ресми тіл деп ойлайды. Алайда орыс тілі ресми тіл емес. Себебі Қазақстанда ресми тіл деген ұғым жоқ. Мемлекеттік тіл деген ұғым бар. Ал мемлекеттік тіл – қазақ тілі.
ҚР Ата-заңының 7-бабында былай деп жазылған – «Орыс тілі ресми емес, бірақ тек мемлекеттік органдарда ресми қолданылады» делінген. Конституцияның 7-бабына сүйенсек, орыс тілі ресми тіл болып саналады. Ал мемлекеттік емес органдарда қазақ тілі міндетті түрде қолданылу керек. Ең бірінші басымдылық қазақ тіліне берілуі тиіс. Себебі, тағы қайталап өтейін – қазақ тілі мемлекеттік тіл.
Заңгер айтып өткен 7-бапқа толығырақ тоқталайық. 7-баптың екінші тарауында «Орыс тілі ресми емес, тек мемлекеттік органдарға ресми тіл ретінде қолданылады» делінген. Айырмашылық бар ма, бар. Көбі қателесіп, «Елбасының өзі енгізді ғой, орыс тілі – ресми тіл» деп қателесіп жатады.
Заңгердің айтуынша, кез келген қазақстандық Қазақстанның кез келген жеріне барып, қазақ тілінде қызмет көрсетуін талап етуге толық құқылы. Одан бас тартса, сотқа шағымдануына да болады.
ҚР Тіл туралы заңда заң тасқа таңба басқандай жазылған. Алайда Шушанников бұл заңды оқымаған немесе оқығысы келмейді.
Қазақстанда тілге қатысты осындай мәселенің туындауының өзі елдігімізге сын. Заңгер Руслан Түсіпбеков мұндай жағдай екінші мәрте қайталанбауы үшін арнайы құзырлы орган құру керек екенін айтады.
- Бізбен қатар тәуелсіздік алған Балтық елдері – Латвия, Литва, Эстония ана тілдерін қорғап, дамыту үшін тіл полициясын құрған. Бізге сондай орган қажет. Оның атауын полиция дейміз бе, әлде басқалай қоямыз ба, ол жағын ойлану керек. Қазақ тілінің дұрыс қолданылуын қадағалап, тіл туралы орган заң жүзінде шара қолдана алатын, жазалай алатындай болу керек. Сот арқылы мәселені шешу көп уақытта талап етеді.
Заңгерлер айтпақшы, бұл мәселені шешу оңай болғанымен, оны қиындатып жүрміз. Заң бұзушылық орын алғанын шырылдап айтып жүрген тұрғындар бірнеше жыл бойы осы заңсыздықтың құрбаны болып келеді.