Өскемен Ресейдің губерниясы ма, Ахметов мырза?
2018 ж. 08 тамыз
11628
1
ШҚО-ның орталығы Өскеменнің тап іргесінде орналасқан саяжайлы ауылды «Ресейдің губерниясына» айналдырып жіберген жұрт бар екен. Ауыл емес, бау-бақша қоғамдастығы. «Восточник 3» деп аталады. Аумағында 200-дей саяжай бар. Міне, шу осы «Восточниктен» шығып отыр.
Кеше «Фейбук» желісіндегі жеке парақшасында сол «Восточниктің» тұрғыны Айым Қасымбекова есімді келіншек жазба жариялады. Жанайқайын жеткізді.
Ал бүгін Қасымбекованың өзіне хабарласып, мәселенің мән-жайын сұрап білдік.
Айым Нұрланқызы Қасымбекова біздің әріптесіміз болып шықты.Аудандық «Ұлан таңы» газетінің Бас редакторы екен. Аталған саяжайлы ауылдың, дұрысы бау-бақша қоғамдастығының тұрғыны. Отбасы, бала-шағасымен бірге 7 жылдан бері сол жерде тұрып келеді.
Олар әлгі «Восточникке» көшіп барған жылы қоғамдастықты Шушанников дейтін орыс зейнеткер басқарады екен. Қазір де билеп-төстеп отырған сол кісі көрінеді.
«Қазақшаға керек болса, өздерің аударып алыңдар»
Айым Қасымбекова, журналист, саяжай тұрғыны:
- Біз сол «Восточник 3» бау-бақша қоғамдастығына көшіп барғанымызға 7 жыл болды. Ол жерде 200-дей саяжай бар. Оның 60-тан астамы қыста да сол жерде тұрады. Қыста тұратындардың дені - қазақтар. Негізі орыс ұлтының өкілдері басым. Сол 200 үйдің әрі кетсе 30-40-тайы ғана қазақтардікі.
Қоғамдастықты Шушанников Григорий Петрович деген кісі басқаратын. Қазір де сол кісі. Басқарма мүшелері де түгел өз адамдары. Біз бірлі-жарым қазақты басқармаға кіргізген едік. Әйтеуір ебін тауып шығарып тастады.
Бұл бау-бақша қоғаамдастығы болғандықтан, жыл сайын мүшелік жарна төлеймін. Биыл 5300 теңге деп бекітіліпті. Оған қоса, жер телімінің көлеміне байланысты, әр сотығына 2000 теңгеден тағы төлейміз. Мысалы, мен биыл учаскеме 14 мың теңге төледім.
Бұл келісімшартта көрсетілгендіктен, саяжайдың барлық тұрғыны оны төлейді және төлеуден бас тартқан жоқ. Ал жыл сайынғы мүшелік жарнаны жаңағы Шушнниковтың басқармасы өздері белгілеп, бекітеді. Биыл бюджеті 6 миллион теңгеге жетті. .
Бау-бақша қоғамдастығының электр энергиясы да сол бір төрағаның иелігінде. Егер оның қалауы болса, ол кез келген тұрғынды жарықтан ажырата алады. Ол сол құзыретін асыра пайдаланып, қандай да бір құжатқа келісім жинау барысында, қарсылық білдіргендерге «электр энергиясын қиямын» деп қоқан-лоқы жасайды. Ақырында өз дегеніне көндіреді. Қиылған қуатты қайта қостырудың өзі 8 мың теңге тұрады ғой... Ал қиса, оны оңайлықпен қоса қоймайды.
Осылай өз білгенін жасап жүрген Шушанников Григорий Петрович деген кісі Ресей азаматы екен. Сөйте тұра, Қазақстанда тұрып, қаракөз қазақтарға иелік етуде. Жасы жетпістің айналасында болса да, оған ешкімнің әмірі жүрмейді. Ол да өзін бұл жердің Құдайы сезінеді-ау. Жергілікті қазақтарды менсінбейтініне өзім талай рет куә болдым. Талай рет әкімдікке, прокуратураға арыз жаздық. Бірақ, қимыл жоқ.
Ал тіпті, хабарландыруды да тек орыс тілінде жазады. Біз талай рет айттық. «Біз мемлекеттік мекеме емеспіз. Сондықтан қазақшаға керек болса, өздерің аударып алыңдар» деп жауап қатты.
Тұрғындардың атынан арыз жазып, бау-бақша қоғамдастығының басшысын ауыстырайық десек, тұрғындардың басым бөлігі орыс ұлтының азаматтары. Қоғамдастықтың проблемаларын бірлесе шешу үшін құрылған алқа да бар, бірақ ол алқаның өзіне өз қазағымызды таңдап тұрып қоссақ та, шығып қалады! Бұл бассыздықты қалай тоқтатуға болады?
Хабарландыру
Біз Шушанников әкімшілігіндегі хабарландыруларды көрдік. Сөйтіп, Айым Қасымбекованың сөзіне сендік. Сенбесімізге болмады. Міне, көріңіздер.
«Құрметті саяжайлықтар» деп басталатын хабарландырудың 4-бөліміне көз жүгіртіңіз. «Не финансировать из сметы Товарищества перевод информации на государственный язык» деп жазыпты. Қазақшаға сөзбе-сөз қотарсақ, «Ақпаратты мемлекеттік тілге аударуды Серіктестік сметасынан қаржыландырмау керек» дейді.
2018 жылдың 12-мамырында, осыдан үш ай бұрын ғана өткен жиында Шушанников есеп берген екен. Сөйтіп, қайта сайланған. Шушанниковтың есеп-қисабын «мұқият» тексерген ревизиялық комиссия арнайы акт түзіп, Петровичтің жұмысына оң баға берген.
Айтпақшы, «Восточник 3-тің» 2018 жылға жасаған сметалық жобасы 6 238 810 теңгені құрапты. Әр сотық жер үшін төленетін ақы мөлшері биыл 2 380 теңге деп бекітілген.
Түйін
Шушанников дейтін Ресей азаматының Өскеменде өз «губерниясын» құрып алғанын Ахметов білмей ме? Жоқ әлде, білсе де, білмегендей болып отыр ма? Әйтеуір, Шушанников анау-мынауды қойып, прокуратураның өзін пысқырмайды. Ол мемлекеттік тілді менсінбейді. Менсінсе, Серіктестік қаржысынан ақша бөлмесе де, екі ауыз сөз хабарландыруды қазақ тілінде жазар еді ғой.
Бұның сыртында бүтін бір «ауылды» жалғыз өзі билеп-төстеп отырғаны тағы рас. Электр жарығының ақысын, жылдық мүшелік жарна ақысын, әр сотыққа белгіленетін соманы Шушанников командасы өздері белгілейді. Бұл қалай сонда? Шушанниковтерге шектеу болмағаны ма?
Сонда Тәуелсіз Қазақстанның мемлекеттік тілін керек қылмаған Шушанниковтар секілділер кімге арқа сүйеп отыр? Бәлкім, басқа-басқа Петровичтің пірі Ахметовтің өзі шығар!.. Әйтпесе, біріншіден Ресей азаматының Қазақстан аумағындағы елді-мекенді басқаруға қандай құқығы бар! Екіншіден, Ресей азаматтының Қазақстан азаматтарынан ақша жинауы заңға томпақ емес пе? Үшіншіден, Қазақстан азаматы емес адамға аз да болса елді басқартуға кім мүмкіндік берді? Ахметов пе, басқа ма?
Нұргелді Әбдіғаниұлы
Abai.kz