Казактарды әкімдер қолдайды, қазақты кім қорғайды?!
2018 ж. 07 тамыз
8230
3
Жақында өзімнің әлеуметтік желімде: «Казактар қылыштарын асынып, соғысқа дайындалып жатыр ма? Қазақстан заңында қылыш асынып жүруге рұқсат ете ме? Бұл суреттегі Көкшетаудағы көрініс. Жергілікті билік казактарға әскери жиындар өткізуге не үшін қаражат береді. Түсініксіз» деп жазған едім. Айналасы аз ғана уақыт ішінде желі ішінде пікір алмасқандар қатары көбейіп, казактардың қару асынып елдің алдына шығуы қазақты басынғаны деп бағаланды. Кешегі ұлттың азаттығы үшін қасық қаны қалғанша күрескен Кенесары ханның туған жеріндегі бұл көрініс жаға ұстатты.
Әрине, соңымызға шырақ алып жүгіргендер де табылды. Мені ел ішіне іріткі салып жатырсың деп өре түре келгендер де қылаң берді. Бірақ, олар мен емес, казактар өздерінің әскери киім киіп алып, қылыштарын жалаңдатып, елдің ынтымағын бұзғысы бар екенін қаперге алмағаны қынжылтты.
Бір өкініштісі, үй ішінен отау тіккісі келген казактарға әлгіндей әскери жиындарын өткізуге, он сегізге толған жастарын казак жасақтарын қатарына қабылдап, ант бергізуге, орман ішіне барып дойбы ойнадық дегенді желеу етіп, әскери әдістерге үйренуге қаржыны облыстық әкімдік арнайы әлеуметтік тапсырыс аясында беріп отырғаны дер едік. Ал, керісінше, осындағы ауған соғысы ардагерлері талай жылдан бері әскерге алынатын жастарға патриоттық тәрбие беруге қаражат сұраса да, ондай ұсыныстар назарға мүлде алынбайды. Сонда біз Ресей мемлекетінде өмір сүріп жатырмыз ба?! Қаражат казакқа емес, қазаққа берілуі тиіс емес пе?!
Мұндай әлеуметтік тапсырыс қаражаты казактарға соңғы бірнеше жыл қатарынан мұрты бұзылмастан беріліп келеді. Менің білуімше, әкімдіктегілер Қазақстандағы казактардың бас атаманы В.Божко кезінде Кулагинге хат жазып, казактарға қаражат бөлуді сұрапты-мыс. Жаңа әкімге де осындай хат келгенін айтып, оны қорғаштаған қол астындағылар Божконың мемлекеттік биік лауазымын пайдаланып, өзі басқаратын казактар ұйымдарына жергілікті бюджеттен қаражат бөлгізгені нағыз сыбайластықтың көрінісі екенін білмегені ме, сонда.
Божконың мұндай сұрау хаттары, бәлкім, бүкіл өңірдегі әкімдерге жолданған шығар. Сонда біз казактарды әскери іске машықтандырып, оларды кіммен соғысуға дайындап жатыр екеміз. Алғаш тәуелсіздік алған жылдары казактарға ұлттық дәстүрін, әнін айтып, мәдениетін дамытуға мүмкіндік берді. Бірақ, олар әскери киімдерін киіп алып, қылыштарын асынып, көшеге шығып, кімді басынады?
Жергілікті казактар қылыштарының әскери дәрежедегі емес, сувенирлік құрал екенін айтып ақталғысы бар. Егер ол сувенир болса, оны асынып, қазақтың жанды жеріне жара салу не үшін қажет болды екен. Құзырлы заң органдарындағылар тәуелсіздік алған алғашқы жылдары елдің тыныштығын сақтау үшін казактарға еркіндік берілгенін, енді оны қайта қопарып қайтеміз дегендей сыңай танытқанын да құлағымыз шалды.
Меніңше, азаттық алғанымызға ширек ғасыр уақыт өтті. Енді артқа қарайлайтын кез емес. Бүгінгі күннің талабымен казактар гармонын тартып, әнін айтып жүре берсін, бірақ, крест тағынған әскери киімдерін шешіп, қылыштарын кілемге іліп, жұрттың алдына шықпайтындай заң қабылдануы тиіс. Әйтпесе, қазаққа да шоқпар-қылышын, найза-садағын асынып, әскери жиындарын өткізуге мемлекеттен қаражат берілсін.
Өздеріңіз білесіздер, соңғы уақыттары казактардың қозғалысы қарқын алып келеді. Осыдан бірер ай бұрын Петропавлскіде Петр мен Павл әулиелерді пір тұтқан мыңдаған адамдар қала көшелерін шерулетіп өтті. Оларға жергілікті билік рұқсат берді. Неге? Біз Абылайды ауызға алсақ, ол мемлекет құрмаған дегенді желеу етіп, Кенесарыны айтсақ, ол орысқа қарсы шыққан, екі елдің арасына қылау түсіреді деп өз көлеңкемізден қорқамыз.
Жоғарыда отырған ағаларымыз бұл мақаланы оқыр, оқымас, бірақ, менің бұл жазғандарыма байыппен қарап, салиқалы шешім шығарады деп сенемін. Азат болғымыз келсе, бәрінен еркін болуымыз керек. Қазаққа өз тілін шұбарлап, өзге тілде сөйлеп, өзегінен теуіп, ал, басқаның шоқтығын биік ету тағдырымызға жазылмаған шығар. Казакты Божко қорғаса, қазақты кім қорғайды?!
Бақыт Смағұл, Қазақ үні