СҮЙІНШІ ҚАЗАҚ! АЛАШТЫҢ БАТЫР ҚЫЗЫ САЙРАГҮЛ БОСТАНДЫҚҚА ШЫҚТЫ!
2018 ж. 01 тамыз
5600
9
Қытай азаматы, шекарадан заңсыз өтті деп айыпталған этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайға қатысты үкім шықты. Алматы облысының Панфилов аудандық соты қандасымызды 6 айға шартты түрде бас бостандығынан айырып, сот залынан босатты. Оған Қазақстан аумағынан шығару туралы қосымша жаза қолданылмайды, Сайрагүл Сауытбай алты ай пробациялық бақылауда болады, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Шекараны заңсыз кесіп өтті деп айыпталған Сайрагүл Сауытбайдың тағдырына бүкіл Қазақ елі алаңдаған болатын. Бүгін Панфилов аудандық сотында этникалық қазақтың ісіне нүкте қойылды.
Бұған дейін прокурор Арзыгүл Имярова сот отырысында судьядан Сайрагүл Сауытбайды ҚР Қылмыстық кодексінің 393-бабы 1-бөлігімен кінәлі деп танып, оған аталған баппен алты ай бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды; Сайрагүл Сауытбайдың 2018 жылдың мамыр айының 23-інен күзетте болуын бас бостандығынан айыру түріндегі жаза мерзіміне қоса есептеуді; ҚР Қылмыстық кодексінің 60-бабын қолданып, тағайындалған жазаны шартты түрде ҚР Қылмыстық кодексінің 44-бабы негізінде Сайрагүл Сауытбайды 6 ай мерзімде пробациялық бақылауға алуды; пробациялық бақылауды Сайрагүл Сауытбайдың күйеуінің тұрғылықты мекен-жайы бойынша орнатуды; Сауытбайдың тәртібін бақылауды Еңбекшіқазақ аудандық пробация қызмет бөліміне жүктеуді; қосымша жаза Қазақстан Республикасы шегінен шығаруды қолданбауды; сот залында қамаудан босатуды сұраған болатын. Қорғаушы Абзал Құспан да прокурордың ұсынысын қолдайтынын жеткізді.
Сайрагүл Сауытбайдың ісі
Сайрагүл Сауытбайдың ісі бойынша сот отырысы бүгін таңғы 10.00-де басталды. Отырыстың басында Сайрагүл Сауытбайдың адвокаты Абзал Құспан сот төрағасына Сайрагүлге көші-қон полициясы берген пана іздеуші тұлға куәлігін тапсырды.
Сот отырысына азаматтық белсенділер, шетелдік және қазақстандық журналистерді есептегенде алпысқа жуық адам келді.
Айта кетсек, мамырдың ортасында Алматы облысының тұрғыны Уәли Ісләм әйелі Сайрагүл Сауытбайды Қазақстан Ұлттық қауіпсіздік комитетінің қызметкерлері "Қорғас кеден бекетін заңсыз бұзып өтті" деген айыппен ұстап алып кеткенін хабарлаған.
Ерлі-зайыпты Уәли Ісләм мен Сайрагүл Сауытбай екі баласымен бірге Қазақстанға 2016 жылы көшіп келгісі келген. Туыстарының айтуынша, Сайрагүл Сауытбайдың Қытайда мемлекеттік қызметте істеуіне байланысты жергілікті билік паспортын алып қойған. Сондықтан ол "Қазақстан азаматтығына тапсыра алмаған".