Орманды заңсыз отауға қатаң шара қолданылуы керек
2018 ж. 23 маусым
2727
0
Бурабай мен Зерендінің орманын заңсыз отау азаятын емес – депутат Үкіметтен мұндай қаскүнемдікке қатаң шара қолдануын сұрады. Бұл туралы Меруерт Қазбекова бүгін Мәжілістің жалпы отырысында Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевтің атына жолдаған сауалында мәлімдеді.
«Бүгінде Қазақстанның орманының аумағы төрт бүтін оннан алты пайызды ғана құрайды. Сондықтан, осындай аз орманды алқапты қорғау біз үшін аса маңызды болып табылады. Елбасымыз осы мәселеге ерекше назар аударып, Астана қаласының айналасын жасыл желекке айналдыру туралы бастама қолға алынды. Бұл негізінен Ақмола облысында, оның ішінде Бурабай мен Зерендіні туристік кластерге айналдыру аясында жүзеге асырылады.
Осындай маңызды жобалар қолға алынып жатса да, Бурабай мен Зерендінің орманын заңсыз отау азаятын емес. Бір жас көшетті отырғызып, өсіру үшін ондаған жылдар қажет. Бірақ, орман жаулары мұны назарға да алмайды. Себебі, оларға ағаш кесу құқығын беріп отырған да өзіңізге қарасты мемлекеттік органдар. Бұл қаскүнемдікті дереу тоқтату керек», – деді М. Қазбекова.
Халық қалаулысының айтуынша, жақында «Ақ жол» партиясының атына Зеренді ауданы, Қанай би ауылының 75 тұрғыны қол қойған хат келіп түскен. Онда «Кіші Түкті» орман шаруашылығының тоғыз мыңдай гектар орман қоры алқабы «Жасыл ағаш» серіктестігіне ағаш кесіп, дайындау үшін 49 жылға пайдалануға заңсыз берілгені анықталды. Жергілікті тұрғындармен қоғамдық тыңдау өткізілмеген екен.
«Мұндай оқиға Бурабай ауданына қарасты Қарабұлақ ауылында да орын алып отыр. Кесілген ағаштың орнына жас көшеттер отырғызу бағытында да жұмыстар жоқ деуге болады. Бұлай ағашты отай берсек, осындай аз байлығымыздан айырылып қаламыз. Елімізде туристік кластерді жүзеге асыру бастамасының тамырына да балта шабылуы мүмкін», – деп баса айтты депутат.
Осы орайда «ақжолдықтар» Абылай ханның ақ ордасы болған киелі Бурабайдың ағашын заңсыз кесіп, бір түп көшет отырғызбау – бұл ұлттық қасірет. Бурабайдың сұлу табиғаты біздің көз алдымызда жойылып барады деп есептейді.
Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП фракциясы Үкіметтен Ақмола облысының орман саласындағы заң бұзушылықтарды тыңғылықты тексеріп, Министрлік және заң органдары тарапынан қатаң шара қолдануын сұрады.
«Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру және сайлаушылардың аманатын орындау бойынша жұмыстарды жалғастыруда.
qazaquni.kz