СЫР ТҰНҒАН СОЗАҚ
2018 ж. 15 шілде
4195
0
Ой-хой, шіркін, балалықтың бал дәурені өткен Созақ өңірі! Бұл – Мойынның құмы мен Бетпақтың даласын қақ бөліп ағып жатқан қасиетті Шу өзені мен Қазақтың қара шаңырағы қасиетті Қаратау аралығы. Сол аймақта мектеп бітіргенімізге де міне бірі кем елу жыл толмақшы! Иә, сырт көзге бұл өлке қатал мінезді болғанымен, онда өмір сүрген, жастық шағын өткізген адамға ол өңір жұмаққа парапар.
1965 жылы Созақ ауданы, «Шу» совхозында мектептің жаңа ғимараты пайдалануға берілді. Кейбір үлкен мектептерде жоқ спорт залы, акт залы, сол кездегі жетістіктермен жабдықталған ондаған кабинеттері болды. Бәрі жаңа. Осындай тамаша мектепте екі жыл оқып, сегізінші сыныпты бітіргесін, Жуантөбедегі мектепте оқуға тура келді. Себебі, біздің мектеп сегіз жылдық болатұғын. Ол жерге біздермен бірге көрші «Тасты» совхозының да «сегізді» бітірушілері барыпты. Бәріміз жиырма шақтымыз. Сынып біреу-ақ. Оған «Жуантөбенің» жергілікті оқушылары әрең сыйып отыр екен. Біз барғасын ертеңіне Шолаққорғаннан Әлтен ағай келіп бәрімізді аудан орталығына алып кетпекші болды. Бәріміз үрпиістік. Ағай бізді әбден айналдырды. Көнбеске шара жоқ. Осы Жуантөбедегі С.Сейфуллин мектебінде жиналыс болып, өз еркімізбен Шолаққорғанға баратын болып келісіп отырғанымызда, бақытты балалар анықталды. Сөйтсек, оның бірі мен екенмін, себебі мен осы кезде-ақ Шу бойы мектептерінде атағы шыққан суретші едім. Мені мектептің қабырға газеттерінің бас редакторы сипатында алып қалды. Қуанышым қойныма сыймай отырғанымда тағы бір қуанышқа бөлендім. Ол менің немере ағам – Бекмұратты осы мектептің мықты спортшысы ретінде алып қалуы еді. Оның да аты тек Шу бойы емес, бүкіл Созақ өңіріне танымал еді. Сосын жақсы оқитын Күлшен деген қыз қалды. Сонымен жиырма шақты баладан үшеуміз іріктеліп, С.Сейфуллин мектебінің оқушысы атандық та шыға келдік. Ауыл жақын. Рахат. Бірақ қуанышым ұзаққа созылмады. Әлгі сыныптастардан қалып кеткеніме кейін әбден өкіндім.
Интернаттың ең шеткі бөлмесінде жататынмын. Бұл бөлмеде тұратындардың екеуі осы Жуантөбенің қойшысының балалары, үшіншісі – мен, ал төртіншісі – оныншы сыныпта оқытын өзіміздің «Шудың» баласы – Нақан еді. Жасы үлкен, менің Бекмұрат ағамдай мектепке екі жыл кеш барған ағамыз-тұғын. Ол кезде жас айырмашылығы үш-төрт жас болса да бір сыныпта оқи беретін.
Оқу басталғалы бір айдай өте бастаған кез. Бөлменің кезекшілігі маған келіп, түс қайта сабақтан соң, еңкейіп еден жуып жатыр едім, дәлізден өтіп бара жатқан екі қыздың біреуі майдалап туралған қағазды біздің бөлмеге шашып жіберіп өздері қашып кетті. Таныдым. Сегізіншіде оқитын Бубина, Нурина деген қыздар екен. Осы дәу қыздар өткенде ғана өздері келіп менімен танысқан. Олар айтқанды, «біз сенің ағаңның жақсы көретін қыздарымыз» деп. Өздері Алматының Қытай шекарасы жағынан көшіп келген, қымсынуды білмейтін ашық қыздар екен. Ал менің ағам биыл осы мектепті бітіріп кеткен-ді. Тіпті біреуі маған «қайным» деп, менің бүйірімді түрткіледі де. Мен де, «ооо, жеңеше!» дей салған едім. Енді міне, саған жеңеше! Майда қағазды жинатып қойды.
Осы қу қыздардың жазасын берем деп жүріп, байқаусызда тәрбиешіге тәртіпсіздік танытып қойдым. Сонымен интернат бойынша шұғыл жиналыс болып, оқушылар тізіле тұрып, ортаға мені шығарып, сол кездегі интернат директоры ағайымыз менің жер-жебіріме жетіп, «кулиган, бұзық» деп, интернаттан қуып жіберді. Ертесіне мектепте ірі жиналыс болып, мектептен де қуылдым. Сүтке тиген мысықтай болып «Шуға» келдім. «Бұның не?!» деп, ұрысатын әке-шешем жоқ. Олардан ерте айырылған жетім едім. Ағамның қолында тұрамын. Екінші тоқсан басталғанша үйде жатып алдым. Үйдегілер мені де мектепті де кінәләй алмады. Анығына келсек екеуміздікі де дұрыс. Ал қыздарға не істейсің?... Үйдегілер бір күні маған «студент болу ойыңда бар ма?» деген еді. Әрине бар! Ол кезде екі ағам студент еді. Каникулда елге келгендегі әңгімелерінде ондағы қызықтардың майын тамызатын. Студент болу үшін мектеп бітіріп аттестат алу керек екені еске түсті. Екінші тоқсанның басында Шолаққорғанға бір өзім жол тарттым.
Сонымен Шолаққорғанда интернат-пансионда жатып, Ы.Алтынсарин атындағы мектептің тоғызыншы сыныбын бітіргенмін. Мұнда да талай қызық болған. Оларды жазсам бір кітап болады. Бұнда да мен суреттен талай із қалдырдым. Мейрамдарда транспоранттарды, «лозунгілерді» мен жазушы едім. Сабақты да жақсы оқыдым. Мектепте мені сынып жетекшіміз Таужан, Әлтөре, Әштай, Бейсенбек, Сәулембай ағайлармен бірге Айша апай жақсы көруші еді. Интернат-пансионатта директорымыз Тастыбаев пен тәрбиешіміз Қайдакеш ағамыз әлі есімде. Бұл жерде мен бір бөлмеде қызылкөлдік Бағашаров Сабыржан, жуантөбелік Бәлкенов Темір, балдысулық Дәулет төртеуміз бір бөлмеде тұрдық. Интернатком оныншы сыныпта оқитын осы бөлмелесіміз Темір еді. Олар таңертең, мен түс қайта оқимын. Мені түске дейін ұйықтай бермесін деді ме, әлде менің сыныптасым Наханова Іңкәрге ғашықтығынан ба білмедім, интернатком Бәлкенов Темір маған абыройлы жұмыс «горнды» тапсырды. Сонымен амалсыздан таңғы жетіде тұрып алып горн шалып бүкіл пансионатты оятып жүретін болдым. Балалар менің онсыз да қиын есімімді атамай бәрі «горнист» дейтін болды. Осы пансионат жайлы кейініректе «Бірі кем дүние» атты сатиралық повесть жаздым...
Келесі жылы «Тасты» совхозындағы Абай атындағы мектеп онжылдық болды да мен сонда оқыдым. Менімен бірге сыныптасым марқұм Тұрғанбаев Едіге де барды. Шудың тоғызыншы-оныншының балалары Тастыда қайта жиналдық. 1968-1969 жылдардың естен кетпес қақаған суығын Тастының интернатында өткіздік. Қыстың бір айы бойы тек ғана тоғыз бен онның ер балалары оқыдық. Сынып ішінде «контрамарка» пеші бар. Математикадан ғана сабақ жүреді. Оны жүргізетін Ибжанов ағай. Тақтаның қасы суық. Сондықтан Ибжанов ағай формулаларды «контрамарка» пешіне айналдыра жазады, Біз де айналып жүріп оқып, дәптерімізге көшіреміз...
Сырт қанша суық болса да интернат ішін Созақтың қасиетті сексеуілі жылытатын еді. Дүкендердегі арақтар мен шараптар қатып, сынып жатты. Енді 56 градустық спирт сатыла бастады. Біз, балалар таныстарымыз арқылы шарап сатып алатынбыз. Сосын ол кезде дүкендерге «перловая каша», «рисовая каша» деген консервілер келетін. Қатты суық біздердің қарындарымызды қатты ашырғандықтан интернат тамағына қоса жаңағы ботқаларды алып және түнде тоңбау үшін шарап ішетінбіз. Әрине, бұнымызды интернат тәрбиешісіне білдірген емеспіз. Сөйтіп бір күндері көктем де жадырай келген...
Ә, айтпақшы, Жуантөбедегі аға тәрбиеші ағаймен Шымкентте кездестім. Ол кезде мен енді жұмысқа араласа бастаған шағымда, облыстық мекемеде тексеруші қызметінде едім. Осы кемпіріме үйленер алдында бойдақтың әнін салып, ысқырып жүріп, аудандарды тексеруге іссапармен барушы едім. Шолаққорғанға да барғанмын. Бір күні Шымкентке сол Шолаққорғаннан мекеме басшысы Қазыбеков Жарылқасын келіп қалды да, ресторандаттық. Содан көңіліміз көтеріңкі шыққаннан соң, ол: «Ал інім, жүр, мен сені бір сұлу қызбен таныстырайын» деді. Мен де қарсы болмадым. Екеуміз салып ұрып бір үйдің үшінші қабатындағы пәтерге кіріп бардық. Барсақ үй иесі жоқ екен. Жеңгеміз Жақаңды танып, қуанып бәйек болып, шай әкелді. Ауылды сұрап жатыр. Таныстарының аманшылығын біліп жатыр. Шай үстінде әлгі қыз келді. Бір қарағанда жаман емес сияқты. Жақаң айналасына білдірмей маған иек қақты. Мен иығымды қиқаңдаттым. «Болады» дегенімді түсінгесін ол да тынышталды. Сөйтіп отырғанымызда үй иесі келді, даладан. Кіргеннен бірден таныдым. Аты да есімде. Бірақ ешкімге сыр білдірмедім. Үшеуміз бір шишаны тауысқасын, мен «кетемізге» бастым. Себебі мені, әке-шешесі жоқ шын жетім болсам да, бір су болған киімі үшін интернаттан бездіріп жібергені қайта-қайта еске түсе беріп, енді бұларға тиіскім келіп отырғанымды байқадым. Жақаң түсінбейді, «осында қона салайық, бойдақсың, саған бәрі бір емес пе қайда болсаң да» деп жатып алды. Мен енді шыдай алмай, тұрдым да, үйден шығып кеттім. Үйден алыстай бергенімде, қараңғыда екеуі соңымнан қуып жетті. «Қал» деп қанша жалынса да қалмадым. Тәрбиеші ағай ашуланды. Аузынан жаман сөздер шықты. Менің енді қолым қыши бастады да, бірақ ертеңгі жұмысты ойлап, өзімді өзім әрең тежедім. Сосын бір өзім қараңғылықпен кетіп қалдым....
Уақыт өткен сайын Созақ өңірі көңіліме жақындай түседі. «Тау алыстаған сайын биіктей береді» дейтін қазақтың философиялық нақылы қалай тауып айтылған десеңізші! Созақ өңірінде сол баяғы төрт мектепте бірге оқыған сыныптастармен бірге жүріп небір қызықтар өткізген шақтарды кейде оңашада еске аламын. Көңілдің ақ кептері қанатын сабалай, елге қарай ұшқысы-ақ келіп ентелейді-ай. Бірақ балалық шақтың бұлдырағанын бұлтсыз көңіл бағдарлайды да, сабасына түседі. Содан соң күрсіне «Ойхой шіркін, өтіп бара жатқан уақыт-ай» деп, бас шайқағаннан басқа не істерсің?!...
Әбдінағым КӨШЕРОВ
qazaquni.kz