ҚАРЫЗ бен ПАРЫЗ
2018 ж. 21 шілде
6514
0
ҚАРАПАЙЫМ ХАЛЫҚ БОРЫШ БҰҒАУЫНАН ҚАШАН БОСАЙДЫ?
Қарызды қайтару – парыз. Бұл қасиетті құран сөзі. Адами және заңдық тұрғыдан алсақ та борыштан дер кезінде арылған жөн. Қайтарылмаған қарыз бақилыққа барғанда да әрбір адамның алдынан шығатыны айтылады, ол өзінше жеке әңгіме. Ал мына жалған дүниеде де ол мойынға тағылған қыл арқанмен бірдей екенін көріп жүрміз. Несие, салық, айыппұл, коммуналдық және біздегі толып жатқан басқа да төлемдерді өтеуге шамасы жетпеген миллиондаған тұрғындарымыздың өмірі тозаққа айналғаны анық... Мемлекеттің шетелге берешегін айтпаған күннің өзінде, тұрғындарымызды түнде ұйқыдан, күндіз күлкіден айырып, тығырыққа тіреген қарыздың түр-түрі өте көп, ол жағынан кемістік көріп жатқан жоқпыз. Былай алып қарасақ, біз күнделікті тіршілігімізде қадам басқан сайын қарыз қамытына мойынымызды сұға түседі екенбіз. Енді санап көрелік, су ішпей, электр жарығын, газды, отынды пайдаланбай, қоғамдық көлікке отырмай, киінбей, тамақтанбай қалай өмір сүруге болады? Кейбіреулер сияқты шетелден зәулім сарайлар сатып алып, курортты теңіз жағасында арқамызды күнге қақтап, қыздырынып жатуды армандамай-ақ, бұның бәрі күнделікті қарапайым тіршілікке бірінші кезектегі қажеттілік. Соның бәріне қаражат керек. Бүгінгі күні әжетханалардың өзі ақылы. Біз қазір тек қана ауа жұтқанымыз үшін ғана ақша төлемейді екенбіз. Соған қарағанда біздің үкіметтегілердің атақты фантас жазушы Александр Беляевтың «Ауа саудагері» романын оқуға қолдары тимей жатқан сияқты. Оқымай-ақ қойсын, әйтпесе романдағы қиялды шындыққа айналдырып, ауа салығын да енгізіп жіберуі әбден мүмкін. Салық – мемлекеттің тірегі, оған қарсы ешкімнің айтар дауы жоқ. Салықтан түскен халықтың қаражаты қорғаныс қабілетімізді нығайтып, экономикамызды дамытуға, тұрғындарымыздың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсартуға жұмсалуға міндетті. Сол себепті, салық саясаты керек, оны көпшілік қолдайды да. Мәселе – оның көлемі мен қалай жұмсалуында болып отыр. Біріншіден, жер мен мүлікке, толып жатқан айыппұлдар, табыстан түскен пайдаға салынатын салық мөлшері бізде тым жоғары. Екіншіден, ең бастысы – мемлекеттің қуатын арттыруға салықтан жиналған сол қаржы өз мақсатында жұмсалмай, түрлі бағдарламаларға бағытталғанмен жолай талан-таражға түсіп, жемқорлардың жемсауында кетіп жатқаны да жасырын емес. Қолында сәл ғана билігі бар лауазым иесі жұмыртқадан жүн қырқып қалуға тырысады. Ондайлар мемлекеттік қызметке халықтың қамы үшін емес, қалтасын қалыңдату мақсатында барады. Сондықтан да біздегі тойымсыздар топ-тобымен түрмеге қамалуда. Оған мысал келтірмесек те өздеріңіз жақсы білесіздер. Ақпарат құралдарында күнделікті беріліп жатқан жаңалықтардан естіп, көріп жатырсыздар. Жақында Астана қаласының мемлекеттік кірістер департаментінің баспасөз қызметі мынадай жаңалық таратты. Салықты уақтылы төлемегені үшін әрбір оныншы қазақстандық ел аумағынан шыға алмай қалуы мүмкін екен. Бұл тек қана салыққа байланысты борышкерлер. Несие, айыппұл, алимент сияқты өзге төлемдерді түгендесек кем дегенде әрбір үш қазақстандықтың екеуінің мойнына қарыз қамыты киілгенін аңғаруға болады. Департамент өкілдерінің айтуынша, толық емес деректер бойынша елордада салық пен айыппұлды төлемей жүрген 70 мыңға тарта азамат бар екен. «Астана қаласы Сарыарқа ауданының мемлекеттік кірістер басқармасы қазірдің өзінде бір мыңға тарта салық төлемеушілерге қатысты тыйым салу шарасы қолданылып, бұл жағдай белгіленген уақытта ел аумағынан ұшып шығуларын тоқтатуға әкеп соқтырды», – делінген хабарламада. Салық қызметі шетелге сапар алдында ыңғайсыз көрініс, жайсыз жағдай болмас үшін азаматтар өзінің барлық қарызын қайта тексеріп, ҚР салық заңнамасының бұзылуына жол бермеуі керектігін ескертіпті. Салықты уақтылы төлемейтіндер арнайы мәліметтер базасындағы «қара тізімге» тіркелген. Айтыңызшы, сізге қарыздар болып жүрген ұнай ма? Әрине, жоқ. Кімнің біреуге тәуелді болғысы келеді дейсіз. «Жаңалық» деп отырғанымызды да түсіндіре кетейік. Ойлап қараңызшы, салық, айыппұлы мен коммуналдық төлемдерін өтеуге шамасы келмеген адам шетелге қалай шықпақшы? «Байтал түгіл бас қайғы» демекші, шетелде олар не жоғалтыпты? Шетелге шығардай ақшасы болса есі дұрыс адам алдымен салық төлемі мен өзге де қарызынан құтылмай ма? Рас, салық пен төлемдерге салғырт қарайтын, қалтасынан тесік тиын шығарғысы келмейтін шығайбайлар да табылады. Олар біздегі борышкерлердің әрі кеткенде бір пайызына жуығын ғана құрауы мүмкін. Сондықтан салық саласы сабаздарының енгізген осы бір ережесі ерекше нәтиже беретін шара деп айту қиын. Бұл салық жинау жоспарын орындай алмағандардың «Суға кеткен тал қармайды» дегеннің кебі ғана. Борышкерлер санын азайту үшін мүлдем басқа, тың және қарапайым халық үшін тиімді жолдарды іздестіру керек. Ондай тиімді жолдар бар, ең бастысы соған деген таза ниет жетіспей жатыр... Қарапайым халыққа тап болған қарыздың басым бөлігі несиеге қатысты екені белгілі. Банктерден несие алуға келгенде біздің тұрғындарымыз өте белсенді. Әрине оны еріккеннен алмайды. Пәтер жалдап жалыққан біреулер баспаналы болу үшін, енді біреулер көлік сатып алуға немесе тағы басқа мұқтаждықтан қарызға қаржы алады. Ол үшін қарапайым халықты жазғыруға болмас. Өйткені, жұрт қатарлы өмір сүргісі келіп, өзгелерден қалмаймын деп намысқа басады. Содан барып қарыз қамытын киеді. «Несиесі жоқ қазақ – қазақ емес» деген әжуа мәтелдің түп төркіні де осында жатқан болар. Ол да босқа айтылмаған, кейбір деректер бойынша борышкерлердің басым бөлігі, 90 пайыздан астамы қазақтар екен. Шама-шарқына қарамай несие алғыш деп қазаққа қара күйе жағудың қажеті жоқ. Бұл әлем бойынша кең таралған тәжірибе. Несие арқылы тұрмыстық жағдайларын түзеп жатқан шетелдіктер аз емес. Бірақ шетелдік банктер мен біздің қаржы ұйымдарының ұстанған бағыты мен жұмысын тіпті де салыстыруға келмейді. Олардың қаржылық саясатында халқын көпе-көрнеу тонайтын ашқарақтық жоқ. Біздің банктер алып-сатар рөлін ғана ойнап отыр. Шетелден тауар әкеліп базарда сататын саудагерлерден кем түспейді. Саудагерлер түрлі салықтар төлеп пайда келтірсе, банктер орнында отырып алып есепсіз пайда табады. Әрине салымшылар мен алымшылардың есебінен. Әділін айтсақ, біздегі заңдастырылған бірінші алып-сатарлар дәп осы – банктер. Мысалы Халықаралық даму банкінен немесе өзге де шетелдік банктерден Үкімет кепілдігімен біз – 1, әрі кетсе 2 пайызбен қарыз алады екенбіз. Ал еліміздегі жеке және заңды тұлғаларға несие бергенде неге ол 15-20 пайызбен беріледі? Кейбір банктер «ішкі қызметін» қосқанда немесе айыппұлын бірге есептегенде ол 50 пайыздан асып кетеді. Айырмашылығы көзге ұрып тұрған жоқ па? Сол үстеме пайыздан түскен ақшаны шетелдік банктерге беріп жатыр ма? Жоқ, осыншама пайыз өздерінің қалтасына түсіп жатыр деген сөз. Мұндай үстемелік мөлшерлеме шетелдік банктердің түсіне де кірмейді. Олар мұндай тойымсыздыққа бармайды, ақшадан өз клиенттерінің алдындағы беделді анағұрлым биік санайды. Ал, біздің банктер бедел дегенді белінен басып жүре береді. Ең бастысы, сонда олар кімді қанап жатыр? Әрине, шетелдіктерді емес, өз халқын сорлатып отыр. Үкімет пен Ұлттық банк екінші деңгейдегі банктерге қанша пайызбен қаржы беріп жатқаны халық үшін құпия. Ол туралы ресми түрде бір ауыз сөз де айтылмайды. Айналып келгенде қарапайым халық қарызға батады. Әлемдегі өзге елдердің банк қызметіне бір сәт көз жүгіртіп көрелікші. Мысалы, ипотекалық несиенің жылдық пайыздық мөлшерлемесі Жапонияда – 1,68, Швейцарияда – 1,75, Финляндияда – 1,83, Германияда – 1,90, Люксембургте – 2,00 пайыз көлемінде екен. Байлы-бақуатты, төлеу мүмкіншілігі жоғары халқы бар елдердің өзі біздің «жетістікке» жақындай алмайды. Ал, Қазақстан халқы миллионерлерге ұқсап, осы уақытқа дейін жылдар бойы 20-30 пайызбен, айыппұлды қосқанда ақшаны екі есе қайтарып келді. Тіпті дәулетімен мақтана алмайтын Кипр, Хорватия сияқты ергежейлі елдердің өзінде банктік мөлшерлеме 4 пайыздан аспайды. Ал, Ислам банктері несиені ешқандай үстеме мөлшерлемесіз береді. Жалпы алғанда біздегі қаржы саласының жұмысы ешқандай сын көтермейді. Қаржы министрі Бақыт Сұлтановтың айтуынша былтырғы жылдың 9 айының көрсеткіштеріне сәйкес, тексерілген жалпы көлемі 1,4 трлн. теңгенің 40 пайызы бойынша ірілі-уақты қаржылық заң бұзушылықтар анықталған. Демек, толық емес тексерулердің өзі қаржының жартысы дұрыс жұмсалмайтынын көрсетеді. Бұл өз кезегінде халықтың тұрмысын нашарлатып, қарызға кіргізеді. Несие үстемесін төлей алмай жалғыз баспанасынан айырылғандардың өзіне-өзі қол жұмсауға дейін баруы соның айқын айғағы. Ал біздің банктерге тұрғындар түгел қырылып қалса да бәрібір. Олар алдымен өздерінің тойымсыз тәбетін тояттату керек. Халықтың арқасында пайдаға кенеліп отырғандарын есіне де алмайды. Сондықтан да Елбасы мен депутаттардың атына қарапайым тұрғындардан сансыз арыз-шағымдар түсіп жатады. Осыған орай биыл жаңа бағдарлама қабылданып ипотекалық мөлшерлеме 7 пайызға төмендетілді. Бұл да өзге елдермен салыстырғанда жоғары көрсеткіш, бірақ осыған да шүкіршілік дейміз. Ширек ғасыр бойы жоғары үстемемен төленген, тойымсыздардың құлқынында кеткен халықтың қор болған қайран қаржысы демеске шарамыз жоқ. Бұл банкке байланысты кейбір деректер ғана. Халықтың қарызға батуының бұдан басқа себептері толып жатыр. Солардың ең маңыздыларының бірі тұрғындарымызды тұрақты жұмыспен қамту болып табылады. Тұрақты жұмысы, жоғары жалақысы бар адам ешқашан қарызға кірмесі бесенеден белгілі. Бұл бағытта өткен ширек ғасырда сансыз бағдарламалар қабылданып, қыруар қаржы бөлінді. Өкінішке орай, сол жоспарлардың бірде-біреуі соңына дейін толық орындалған жоқ. Біздегі берілетін ресми мәліметтерге сенсек халқымыз түгелдей баяғыда жұмыспен қамтылған болар еді. Аймақтар мен кәсіпорындардың берген ақпараттарында сан мыңдаған адамдар жылдар бойы жұмыспен «қамтылып» жатады. Бірақ жұмыссыздар саны азаймайды. Демек жоғарыға жалған ақпарат беру қалыптасқан. Өндіріс – экономиканың өзегі екенін бәріміз білеміз. Бір ғана сауда-саттықпен ешқандай ел дамымайды. Импорттық тауарларды әкеліп өткізу шетел экономикасына жұмыс істеп жатырмыз деген сөз. Біздегі өндіріс атаулы баяу дамуда. Сонау атышулы жекешелендіруден бері ширек ғасыр өтсе де, осы істі қажет деңгейге жылжыта алмай қойдық. Алып зауыт-фабрикаларды меншігіне алып, өндірісті өркендетеміз деген пысықайлар түк бітіре алмады. Ғимараттарды сауда орындарына айналдырып, әрбір шаршы метрін жалға беріп, жатып алып ақша табатын орын жасап алды. Өндіріс орнын сақтап, жұмысшыларға жұмыс, лайықты жалақы тауып беруге олардың ой-өрісі мен күші жетпегенін көріп отырмыз. Тіпті, ондай ниет оларда болған да емес. Экономика саласын жіліктеп бөліп алғандар ашық өндірістік бәсекенің орнына өзгелерді аяқтан шалуды ғана біледі. Жаңадан кәсіпорын ашыла қалса тексерулер қаптап кетеді. Одан кейін қайдағы даму, қайдағы жаңа жұмыс орындарын ашу туралы сөз болмақ. Қарапайым халықтың сатып алу мүмкіндігіне қуат көздерінің негізсіз қымбаттауы да тікелей әсер етеді. Электр қуаты мен жанармайдың соңынан барлық қызмет түрлері мен тауарлардың бағасы өсіп шыға келеді. Шикізат өзімізден бола тұра қымбатшылықты қолдан жасаймыз. Онымен күресуге тиісті Монополияға қарсы күрес комитетінің басшысы Мұрат Оспанов пара алып ұсталып, миллиардтаған айыппұл төлеп әзер құтылды. Электр қуатын қымбаттатуға негізсіз рұқсат бергені мыңдаған тұрғындардың қалтасын қақты. Бұдан кейін қарапайым халық қайтып қарызға кірмейді? Қазақтың қарызға кіру себептерінің бірнешеуін ғана атадық. Санай берсек, оған саусағымыз жетпейді. Сондықтан, бұл бағытта әлі де көптеген нақты жұмыстар атқаруымызға тура келеді. Оған біз сенім артып отырған Үкіметіміз бен ел басқарған азаматтар тікелей жауапты. Реті келгенде айта кетелік, Хорватия құрамасының шабуылшысы Анте Ребич жалғыз өзі туған ауылында тұратын барлық тұрғындардың несиесін жауып берген. Аталған ауылда шамамен 500 адам тұрады екен. Қандай адамгершілік, қандай сауап! Ал, біздің байлар халықтан ұрлаған ақшасын шетелге жасырып әлек. Қазақтың мойнында қарызы болса, лаузымдылардың алдында одан құтқарудың парызы бар. Осыны ұмытпағандары жөн... Зейнолла АБАЖАН qazaquni.kz