Қазақстандық радиоларда сауатты жүргізушілер жоқ - медиа сарапшы
2018 ж. 13 шілде
2423
0
«Жетінші телеарнаның» креативті директоры, медиа сарапшы Евгений Переверзев еліміздегі коммерциялық радиолар неліктен дамымай отырғанын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Оның пікірінше, еліміздегі қазақстандық радиоларды дамыту үшін әлі де жұмыс жүргізу қажет.
«Отандық радио нарықты жеке атап өту керек. Себебі, қазақстандық радиостанцияларды тыңдап, телеарналарды көрген кезде әсер алмайсың. Неге біздің поп жұлдыздар әлемдік деңгейде танымал емес? Себебі, біз әлі шыңдалған жоқпыз. Біз тек көшіріп басу әдісі бойынша жұмыс істеудеміз», - деді ол Radio Asia 2018 халықаралық конференциясының кулуарында.
Переверзевтің айтуынша, Қазақстанда радио нарық толық қалыптаспаған.
«Еліміздегі радиостанциялардың саны саусақпен санарлық қана. Елімізде коммерциялық радиолардың тарихы 1990 жылдан басталғанымен, олар әлі дамымаған. Бізге әлі көп нәрсеге үйрену керек. Қазақстан аумағында FM форматындағы станцияларға немқұрайлы қарайды. Елімізде әлі күнге дейін толығымын ашық әңгіме форматына негізделген радио жоқ. Біздегі радиостанциялар музыкалық-ақпараттық бағытта жұмыс істейді. Тіпті ақпараттық-музыкалық бағытта жұмыс істейтін станциялар аз. Оның қатарына тек «Қазақ радиосын» жатқызуға болады», - деді сарапшы.
Еліміздегі медиа нарықта 20 жылдан астам уақыт жұмыс істеп жүрген сарапшы отандық радиолар музыкалық плеерға айналып кеткенін ашық айтты.
«Станцияларда тек музыка ойнайды. Радио музыкалық плеерге айналып бара жатыр. Мұнда сауатты жүргізушілер жоқ. Ал олар қалай пайда болады? Егер елімізде ашық әңгіме форматындағы радиолар аз болса. Қазіргі таңда біз радиоға тек әдемі музыканы қоюды ғана үйрендік», - деді директор.
Сөз соңында Евгений Переверзев алдағы уақытта радио нарықтағы бәсеке күшейе түсетінін мәлімдеді.
«Қазіргі таңда көптеген азамат радионы интернеттен тыңдайды. Біздің радиостанциялар Австралия мен АҚШ-тың станцияларымен бәсекеге түсті. Сонымен қатар қазақстандықтар ағылшын тілін үйреніп жатыр. Сондықтан алдағы уақытта ағылшынтілді станциялар бізді (радиоларды – автор) нарықтан ығыстыра бастауы мүмкін», - деп түйіндеді сөзін ол.