Министр: Қытай 625 этникалық қазақ үшін шектеуді тоқтатуы мүмкін
2018 ж. 11 шілде
4324
0
Қазақстан сыртқы істер министрі Қайрат Әбдірахманов Қытайдың Шыңжаң Ұйғыр автономиялы ауданының билігі 625 этникалық қазақтың Қазақстанға шығуына салынған шектеуді алып тастау мәселесін қарастырып жатқанын мәлімдеді. Бұл туралы ол Астанада өткен үкімет жиыны арасында Азаттық тілшісінің сауалына жауабында айтты.
Азаттық тілшісі министрге Қазақстан соты Қытайға қайтару мәселесін қарап жатқан этникалық қазақ Сайрагүл Сауытбайдың мәселесіне түсінік беруді сұрады.
"Біз бұған қатысты Қытайлық әріптестерімізбен кеңесу өтіп жатқанын туралы бірнеше рет айттық. Өзім Қытай сыртқы істер министрі Ван Имен кездестім. Бірінші орынбасарым Шыңжаңға арнайы миссиямен баып қайтты. Біз өз азаматтарымызға қатысты мәселені Қытай жағымен ашық талқылаймыз және ол туралы азаматтарды уақтылы хабардар етуге тырысамыз" деді Әбдірахманов.
Министр Азаттық тілшісінің Қытайдағы "саяси тәрбие орталықтары" туралы мәлімет сұраған сауалына "Бұл туралы білмеймін, ол Қытайдың ішкі ісіне қатысты мәселе. Оған комментарий бере алмаймын. Ол сұрақты Қытай жағына қойыңыз" деді.
Азаттық тілшісі бұдан соң министрден "Қытайда шағымданып жатқан адамдар жайлы қандай да бір мәліметтер бар ма?" деп сұрады. Әбдірахманов Шыңжаң Ұйғыр автономиялық ауданының билігі 625 этникалық қазақтың Қазақстанға шығуына салынған шектеуді алып тастау мәселесін қарастырып жатқанын айтты.
"Қазіргі күнге дейінгі мәлімет бойынша, Қазақстан Сыртқы істер министрлігі мен шетелге шығу құжатын рәсімдеу мекемелеріне көмек сұрап жүгінген 19 этникалық қазақтың 14-і босатылды. Олар қос азаматтығы бар болуына байланысты Қазақстанға шығуына тыйым салынған еді. Сонымен қатар, Қытай ресми өкілдерімен жүргізілген кеңесулер нәтижесінде Қытайдың Қазақстандағы елшілігі мен консулдығы арқылы биыл маусымның басынан бері 1870 этникалық қазақтың Қытай азаматтығынынан жеңілдетілген тәртіппен шығу туралы құжаты рәсімделді" деді Қайрат Әбдірахманов.