Жұмысшылар ректорды "университет ішінен сауна салып алған" деп айыптады
2018 ж. 09 шілде
3282
0
Ақтөбеде «атағы дардай мемлекеттік университетке сауна салып, күрделі жөндеу жасап бердік» деген бір топ жұмысшы ректор бізге ақша бермей жүр дейді. Он айдан бері 16 миллион теңгемізді ала алмай келеміз деген азаматтар бүгін Жұбанов атындағы мемлекеттік университетке басып кірді. Бірақ, университет ректоры «бұның бәрі жала, университетпен өз атыма кір келтіргісі келетіндердің тірлігі» дейді.
Бұл туралы 31 арна тілшісі хабарлады.Жиырмаға жуық жұмысшы бүгін мемлекеттік университетке осылайша басып кірді. Сөздерінше, олар өткен жылдың күз айында осы оқу орнының ішін әрлеп, сырлап, күрделі жөндеу жасап беріпті. Алайда күнде жұмыстарын қарап, өзгертулер ұсынып, қабылдап алған ректорге әлі күнге еңбекақымызды төлете алмай отырмыз дейді.
НҰРЛАН САҒИЕВ, жұмысшы:
– Күнде ертең, күнде ертең. Сонымен шығарып салады. Соңында тіпті бізді мына ректоратқа кіргізбейтін болды. Өзіміздің ақшамыз ғой, еңбегіміз. Басқа ештеңе сұрап жатқан жоқпыз. Осы жерде тұрғанның бәрінде семьясы бар. Осында жатып, қонып та жұмыс істедік. Балаларын тастап бәрі.
Жұмысшылар тіпті «университеттегі спорт кешеннің жертөлесінен сауна да жасап бердік» деп, суреттерін көрсетті. Алайда бұл сауна туралы ешкім білмейді екен. Жұмысшылардың айтуларынша, университитет жанынан жасырын жұмыс жасайтын сауна тек басшылыққа арналған. Бір қызығы ректор «он айдан бері жалақы ала алмай, күнде есік қағып жүрміз» деген жұмысшыларды танымайтын, білмейтін болып шықты. Бауыржан Амангелдіұлы «ешкімге қарыз емеспін, бұл ақша бопсалаудың бір түрі. Ал сауна туралы бірінші рет естіп тұрмын» дейді.
БАУЫРЖАН ЕРДЕМБЕКОВ, Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік мемлекеттік университетінің ректоры:
– Аудиториялар, хореографиялық зал, т.б. жасау деп отырмыз, бәленбай материалға адамдар қарызға жасамайды. Екіншіден, бізде құқық қорғау органдары бар. Бізді тексереді. Менің басым екеу емес. Сондықтан, олардың барлығының құжаттары төленген. Ақшасы, госзакуп арқылы деген сияқты бәрі төленген. Ал бұл кісілер соның ішінде жұмыс істеуі мүмкін, оның үстіне бұларды жалдап алуы мүмкін. Ал көшеден келіп, маған ақша бер деген адамдарға ақша бере беретін.
– Жалған дейсіз бе?
– Ия! Сотқа берем! Менің жеке басыма және университеттің престижіне үлкен нұсқан келтіріп отыр. Сауна деген нәрсені мен сіздерден бірінші рет естіп тұрмын.
АЛМАС РАСБАЕВ, жұмысшы:
– Бұл жақта ешкім білмейді сауна бар екенін. Біздер оны ремонттадық. Біздерге айтты ешкімге айтпаңдар мында сауна бар екенін. Жарайды дегенбіз. Біздер бүгінге дейін үндеген жоқпыз. Ішінде бассейн бар, парилкасы бар, комната отдых бар, тренажеркасы бар. Бастықтардың өздері түсіп жүрді. Потому что қыздар бастықтардан кейін барып уборка жасап жүрді.
Алайда оқу ордасының басшылығы мән жайды түсінгісі келмеді ме, әйтеуір ақша даулап барған жұмысшылардың алдына шықпады. Керісінше полиция шақыртып үлгеріпті. Енді білдей мемлекеттік университеттің ректоры жөндеу жүргіздік деген жұмысшыларды жала жапты деп сотқа бермек. Ал амалдары таусылған жұмысшылар болса қолдан келгенше жан -жаққа шағымданамыз деп отыр.