ДАМЫҒАН МЕМЛЕКЕТТЕР: БІЛІМ БЕРУ ДӘСТҮРІ
2018 ж. 05 шілде
5948
0
Осыдан бірер жыл бұрын Чехиядағы 700 жылға жуық тарихы бар Карлов университетінде ғылыми тәжірибе ұштағаным бар. Ғасырлар бойы әлемдік ғылым мен білімнің орталығы саналған осынау оқу орнынан бірқатар Нобель сыйлығының лауреаттары түлеп ұшқан. Сол сапарда уақыт тауып Прага мектептеріне соғып, Еуропаның орта білім беру ерекшеліктерімен танысудың сәті түсті.
Еліміздегі білім беру жүйесін жаңғырту – осы саладағы қызметтің тиімділігі мен қолжетімділігін арттыру бағытында жүргізілуі тиістігі жиі айтылады. Осы ретте бізге білім берудің халықаралық үрдісінен, оның ішінде Батыс Еуропадағы білім берудің дамыған жүйесінен өзара тәжірибе алмасуымыз қажет сияқты. Бұл бағытта қабілетті балаларды оқытуды мақсат еткен «Дарын», «Назарбаев зияткерлік мектептерінің» осы мәселемен тұтастай, отандық білім беру саласының сапасын арттыратындай дәрежеде айналысып отырғандығы үлгі-өнеге болса керек.
Қазір Чехияда озық технологиялар көмегімен виртуалды және каникулярлы білім беру жобалары жүзеге асуда. Осы тәжірибе шеңберінде балалар электронды байланыс арқылы қашықтықтан сынақтар тапсырып, қабылдау конкурстарынан өтеді. Емтихандар баланың қабілетіне қарай кәсіптік пәндер бойынша, сондай-ақ чех және ағылшын тілдерінде кешенді тестілеу түрінде жүргізіледі. Мұндай жүйе біздегі «Дарын» мектептерінде де бар. Бірақ, бұл мектептер кейінгі жылдары тек ҰБТ нәтижесіне ғана жұмыс істеуді көздейтіндіктен, ондағы бітіруші сыныптағы оқушылардың экспериментальды және зерттеу қызметтерін қаншалықты терең меңгеріп жатқанын байқай алмайсың. Мәселен, бірқатар аймақтық «Дарын» мектептері 7-сыныптан бастап өздері үш-төрт жыл бойы білім беріп жатқан оқушыларынан жоғары сыныпқа жеткен соң ҰБТ-ға енетін пәндер бойынша арнайы бақылау сынақтарын алып (оны ата-анамен арадағы келісім-шарт құжаттарына арнайы енгізіп, заңдастырып та алған), төмен нәтиже көрсеткендерін табиғи жолмен «тазартып» отырады. Яғни, мұнда баланың зияткерлік қабілетінен гөрі ертеңгі ҰБТ-да жинайтын балы негізгі көрсеткіш ретінде қарастырылады. Басқа мектептер де мүмкіндігі болса білімі төмен оқушыларын ҰБТ-ға қатыстырмау үшін ата-аналарға әлсіз «қысым жасап», «өз еріктерімен» өтініш жазып берулеріне күш салумен болады. Ал Чехияда басқаша – оқушылардың оқудағы жетістіктерін санатты бағалау басым бағытқа ие. Яғни, мұнда 7-сыныпқа қабылданған оқушы сол сәттен бастап сол мектептің меншігіне айналады. Оны орта жолда оқудан шығару мектеп имиджіне нұқсан келтіреді деп есептейді. Зәреде оқушы үлгерімі үшін оқудан шығар болса, оған ата-ана не оқушы емес, тиісінше білім бере алмаған сол мектеп ұстаздары кінәлі болып табылады. Қазір мұнда жалпы білім беретін мектептердегі білім беру жүйесін зияткерлік мектептердегі білім беру жүйесімен жақындастыру бағытында жұмыстар жүргізілуде.
Жалпы, Чехияда оқушы мектепте жүріп-ақ жоғары білім алудың алғашқы қадамын жасай алады. Мұнда білімге құштар кішкентай балақандар да балабақшаларда үш жастан бастап білім алудың қаншалықты маңызының бар екенін сезінеді. Бөбекжайлар бүлдіршіндерді ақпан-сәуір айларында және тамыздың соңғы аптасында қабылдайды. Шілде және тамыздан басқа айлардың барлығында да балалар он ай бойы балабақшада болуға міндетті. Мұнда педагогтар мен психологтар бөбектерге толыққанды білім беру үшін жұмыс істейді. Балажай ақысы айына 15-20 доллардан аспайды. Ал тамаққа жұмсалатын 40 долларды ата-ана өз қалтасынан төлейді. Алты жастан білім алғысы келген бала мектепке біздегідей қыркүйектен емес, қаңтар айынан барады.
Тоғыз жылдық білім барлық азаматтарға ортақ. Мектепте білім беру екі кезеңде жүреді: бес жылы – бастауыш білімге, төрт жылы – толық емес орта білімге жұмсалады. Екінші кезеңдегі төрт жылдық оқуды оқушы басқа салалас білім ошақтарында жалғастыра алады. Негізінен, білім алу ғылыми, көркем әдебиет, мәдениет және кәсіптік еңбек бағыттарында жүреді. Әрі қарай оқушы 9-сыныпты бітірген куәлігімен кез-келген жерде алған кәсібіне қарай жұмыс істеуге құқылы. Бұл жұмыс берушілер үшін жазылмаған заң. Бастауыштан соң барлық пәндер міндетті және факультативті болып екіге бөлінеді. Яғни, орта білімі туралы аттестатпен бірге бала белгілі бір мамандықты қосымша игеріп шыққандығы туралы куәлікті де қоса алады. Прагада сегіз жылдық (5-сыныптан соң) және алты жылдық (7-сыныптан соң) гимназиялар бар. Оған түсу үшін 2-4 емтихан тапсыруға тура келеді. Базалық мектептерден басқа баланың қызығушылық бағытына қарай салалық мектептер де қарастырылған: мәселен, қолөнер, театр, саз мектептері өте көп. Мұнда ересектер де жұмыстан тыс уақытта дуальды білім ала алады.
Чехияда мемлекеттік тіл – чех тілі болғанымен, чех грамматикасының 30%-ы орыс тілінің қолданыстарымен түбірлес. Осыдан он бес жыл бұрын орта мектептерде орыс тілі міндеттеліп оқытылатын болса, қазір оның орнын ағылшын тілі басқан. Мұнымен қабат бастауыш мектептерде (Чехияда бастауыш мектеп орта білім мектептерінен бөлек ғимараттарда жайғасқан) оқушының қалауына қарай неміс, поляк, испан тілдері де оқытылады. Мектептердегі оқушылар саны 400-ден аспайды. Бастауыш мектептердің жанында міндетті түрде балабақшаның болуы қарастырылған. Білім беру саласын негізінен Еуроодақ қаржыландырады. Сондықтан, мұндағы жиһаздар мен құрал-жабдықтар қазіргі заманауи талаптарға сай. 1-2 сыныпта сабақ тура 8.00-де басталса, 3-4 сыныпта 8-ден 15 минөт өткен соң ғана басталады. Себебі, ағасы інісін немесе апасы сіңлісін сыныпқа жетектеп енгізіп, өз сабағына кешігіп қалмауы қарастырылған.
Чех мектептерінің өз тәртібі мен ерекшеліктері бар. Мәселен, «1» деген баға «өте жақсы» үлгерімді, «5»-тік «қанағаттанарлықсыз» бағаны білдіреді. Мүлдем оқымай келген балаға «0» қойылады. Егер оқушы күнделігіндегі пәндердің бірінің тұсында «5»-тік баға тұрса, ол оқушы оны тамыз айында ақылы түрде қосымша оқып, жоюға міндетті. Чехия білімді тест көрсеткішімен бағалаудан бас тартқан мемлекет. Емтихан дәстүрлі жазбаша-ауызша түрде алынады. Бағалау жүйесі кредиттік-әріптік бағалауға негізделген («А» – «өте жақсы», «В» – «жақсы», «С, Д» – «қанағаттанарлық», «Ғ» – «қанағаттанғысыз» бағаларды білдіреді).
Бастауыш мектептерде үзіліс кезінде оқушылардың тынығып алуына толық мүмкіндік бар: мектеп дәліздерінен оқушылар секіріп, ойнақ салатын түрлі тренажерлерді, дәліз едендерінде сызылған ойын алаңқайларын жиі кездестіресіз. Мектеп холлдары мен залдарынан саяси бағыттағы плакаттардан гөрі бала дүниетанымына әсер етер суреттерді, оқушылардың өз қолымен жасалған қолөнер бұйымдарын байқайсыз. Бір қызығы, мектеп директоры алдындағы хатшысы тышқан өткізбейтін біздегідей атшаптырым кабинеттерге қамалмайды, кәдуілгі холлдардың бірінде оқушы мен мұғалімге қолжетімді тұста отырады.
Мұғалімдер әмбебап бағытта дәріс оқиды: айталық, бір педагог химияны да, дене шынықтыруды да, физиканы да, әдебиетті де қатар жүргізе береді. Бұл елде мұғалімдер тапшылығынан туған жағдай. Оқушылардың сабақ кестесіндегі жүктемесі бізге қарағанда анағұрлым аз. Бастауышта апталық жүктеме 22-25 сағатты, 6-9 сынып оқушылары үшін 27-30 сағатты құрайды. Яғни, оқушы күніне үш-төрт сабақ қана оқиды. Қалған уақыты түрлі үйірмелер мен факультативтерге жұмсалады.
Тоғыз жылдық мектепті бітірген соң оқушы толық орта білім алу үшін барлығына бірдей міндетті болып саналмайтын төрт жыл тағы оқиды. Өйткені, жоғарыда айтқанымыздай, 9-сыныпты бітірген бала жұмыс істеуге құқылы. Тек он үш жыл оқудан соң ғана оқушы жоғары білім алуға талпына алады.
Чехияда жоғары білім алу мемлекет қарауында, 100 пайыз тегін. Жалпы, чех балалары біздегідей жаппай жоғары білім алуға оншалықты құмар емес. Өйткені, еңбек нарығы жоғары білімді маманнан гөрі орта арнаулы білімі бар мамандарға аса зәру. Сол себепті университеттер мен институттардың жанында түрлі кәсіпке баулитын ақылы курстар жұмыс істейді. Мәселен, біз барған Карлов университетінде он айлық курстар кездеседі: олар медицина, терапия, фармацевтика, мал дәрігерлік, жер қатынастары, табиғаттану кәсіптеріне баули алады. Жалпы, мектеп түлектерінің 80 пайызы жоғары білім алғаннан гөрі орта кәсіптік училищелерге барып, тездетіп мамандық игергенді жөн көреді.
Ал, Жапонияда сабақ сәуір айында басталады. Бастауыш (сëгакко) мектептердегі оқу алты жылды, орта (тюгакко) мектептердегі білім алу үш жылды, жоғары (кото гакко) мектептердегі сабақ үш жылды құрайды. Алғашқы екеуі міндетті болып табылады да, жоғары мектептегі білім әркімнің таңдауына қарай жалғасады. Бір сыныпта 34-35 бала отырады. Бастауышта оқушы аптасына 45 минуттан 24 сағат оқиды. Яғни, бір оқу жылында бала 850 сағаттық білімді игеруі тиіс. Оның 306 сағаты – мемлекеттік тілге, 136 сағаты – арифметикаға, қалған 102 сағаты тіршілік негіздері мен дене шынықтыру пәндеріне жұмсалады. Ұзақтығы 15 минуттан аспайтын алғашқы сабақ шағын сынып жиналысы мен оқылым дәрістерінен басталады. Баланың қабылдауына қиын біздегідей түрлі ұсақ-түйек пәндерден ада мұндай жеңілдетілген білім әрбір оқушының жеке тұлға ретінде қалыптасуына, білімге деген құштарлық мотивациясына игі ықпал етеді.
Жапон мектептерінде балаларды сабаққа қатысы бар түрлі қызметтер арқылы еркіндікке, жауапкершілікке тәрбиелейді. Аспаз киімін киген кезекші балалар түскі ас кезінде мектеп асханасында әзірленген тағамдарды ас арбасымен сыныпқа әкеліп, сынып жетекшісімен бірге отырып тамақтанады. Сосын сүттен босаған қағаз қораптары мен ыдыстарды жиыстырып, ыдыс жуу бөлмесіне апарып тастайды. Түскі асқа айрықша мән беріледі. Себебі, көптеген балалар үйде оншалықты тамақтанғысы келмейді. Диетолог бір айға арналған ас мәзірін әзірлеп, оқушының қолымен ата-анасына беріп жібереді. Онда баланың қалай тамақтануы қажеттігі қағидалары да жазылған. Мәселен, «егер баланың тәбеті болмаса, кешқұрым тым кеш тамақтанбаған жөн» деген сияқты кеңестерді кездестіруге болады. Оқушы таңертең кештеу тұрып, үйде таңғы асын ішіп үлгере алмай қалған жағдайда, тоңазытқышта тіске басар түрлі жартылай фабрикаттардың болуы қарастырылған. Мұның барлығына оқушыдан айына шамамен 35-36 доллар (11491 тг) ғана төлемақы талап етіледі. Әрбір ата-ана баласы үшін мектеп мұқтажына жұмсалар мұндай шығындарды төлеуге міндетті. Тамақтан өзге оқушы қажетіне мектеп киімі (ранец), сөмке, спорт киімі, мектеп ішінде киіп жүретін аяқ киім, апаттан қорғанатын жабдық, түскі ас төсеніші де енеді. Бұлардың барлығы да оқушы аты-жөнімен маркіленеді. Ал, оқулық мемлекет есебінен тегін беріледі.
Түскі астан кейінгі жарты сағат уақыт сыныпты жуып-шаюға жұмсалады. Әр оқушы өзіне жүктелген міндетпен айналысады: бірі еден жуса, екіншісі ауланы сыпырады т.б. Мұның өзі баланы жастай еңбекке баулуға жәрдемдеседі.
Қалай десек те, әлемдік білім беру үдерісін тану арқылы біз Елбасы белгілеп берген білім жаңғыруына қол жеткізе аламыз.
Бекжігіт Сердәлі,
профессор,
Түркістан облысы
qazaquni.kz