Астана қаласы Статистика департаментінің басшысы Құндызбек Әбдірәсілов елордадағы халықтың басым бөлігін қазақтар құрайтынын айтты, деп хабарлайды Baq.kz тілшісі.
Астана халқының басым бөлігін қазақтар құрайды – Статистика департаменті
2018 ж. 05 шілде
3817
0
Оның айтуынша, 20 жылда Астана халқының саны 730 072 адамға өскен.
«1998 жылдың басында қалада 300 500 адам болса, 2018 жылы шаһардағы адам саны 1 млн 30 577 адамға дейін өсті. Қазіргі таңда Астана қаласы төрт ауданнан құралады. Олар - Алматы, Сарыарқа, Есіл және биыл құрылған Байқоңыр ауданы», - деді ол ОКҚ-де «Астана қаласының 20 жылдығы әлеуметтік-экономикалық және демографиялық дамуы» тақырыбында өткен брифингте.
Осы орайда Құндызбек Әбдірәсілов халық тығыз қоныстанған аудандарға тоқталды.
«Халық ең тығыз қоныстанған аудан – Алматы. Мұнда 453 370 адам немесе халықтың 44%-і тұрады. Одан кейін Сарыарқа ауданы 84 806 адам немесе халықтың 37,3%-і, ал Есіл ауданында 192 401 адам немесе халықтың 18,7%-і қоныстанған. Қазіргі таңда Байқоңыр ауданы бойынша есеп-қисап жүріп жатыр», - деді басшы.
Сонымен қатар ол елорда халқының басым бөлігін қазақтар құрайтынын атап өтті.
«Бүгінде Астана халқының басым бөлігі қазақтардан құралған. Яғни мұнда 78,2% немесе 805 718 қазақ тұрады. Қаладағы орыстардың үлесі 18,4 % немесе 138 175 адам, украиндер 1,4 % немесе 14 176 адам, татарлар 1,1% немесе 11 624 адам, өзбектер 1%, немістер 0,9% және тағы басқа ұлттар», - деп түйіндеді Құндызбек Әбдірәсілов.