ЖУРНАЛИСТЕРДІ ДАЯРЛАУ ЖҮЙЕСІ ӨЗГЕРЕДІ
2018 ж. 21 мамыр
1099
0
Халыққа есеп беру жиыны барысында ҚР Ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев алдағы уақытта заман талабына орай отандық журналистерді даярлау жүйесі өзгеретінін айтты.
«Мен бұл мәселені өзім де байқап жүрмін. Журналистика саласында білім беру сапасына қатысты көптеген сұрақтар туындап жатыр. Негізі, бәрі орынды. Университеттерде сабақ беріп жүрген журналистика кафедраларымен бірге осы саладағы басшыларды біріктіріп, бұл жұмысты нақты бір жүйеге келтіруіміз керек. Біз оны қолға аламыз. Оған уәде етемін. Жылдың соңына дейін осы мәселеге қатысты нақты бір xабар береміз деп ойлаймын», – деді Д.Абаев.
Министрдің айтуынша, ҚР Білім және ғылым министрлігімен бірлесе отырып, әдістемені өзгерту жайы да қаралады. «Бізге сапалы журналистика қажет. Ал сапалы журналистикаға сапалы ұстаздар қажет, сапалы әдістеме болуы керек. Журналистердің саны аз болсын, бірақ сапасы жоғары болғаны дұрыс. Әрине, басқа салада жүрген дарынды журналистер де бар. Жазуы да, стилі де жақсы. Ондай мамандарды да ортақ жұмысқа тарту қажет», – деді Д.Абаев.
Осы орайда министр ағылшын оқулықтарын қазақ тіліне аудару шараларын да еске алды. «Мысалы, медиа этикаға арналған кітап алғаш рет ағылшын тілінен қазақ тіліне аударылды. Біз жыл сайын бір-екі кітаптан аударып отырамыз. Ол да бір көмегін тигізеді деп ойлаймын», – деп атап көрсетті Д.Абаев.
Кездесу кезінде Дәурен Абаев журналистерді баспанамен қамтудың машақаты туралы айтып берді. Сондай-ақ, қазіргі кезде БАҚ-тың жаңа рейтингісін әзірлеу жұмыстары атқарылып жатқан көрінеді.
qazaquni.kz