МӘЖІЛІСМЕНДЕР НЕСИЕ ШАРТТАРЫН ҚАЙТА ҚАРАУДЫ ТАЛАП ЕТТІ
2018 ж. 15 мамыр
1753
0
ҚР Парламент Мәжілісінің депутаты Бейбіт Мамраев бастаған бір топ мәжілісмендер «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ-ның несиелеу шартарын қайта қарауды сұрады.
Бұл туралы халық қалаулылары ҚР Ауыл шаруашылығы министрі Өмірзақ Шөкеевке депутаттық сауал жолдады. «Жуырда өңірлерде сайлаушылармен кездескенде Президенттің «Бес әлеуметтік бастамасын» халықтың қуана қабыл алып отырғанына куә болдық. Ауыл тұрғындары шағын несие беру бастамасына үлкен үміт артып отыр. Шөкеев мырза жақында Парламент Мәжілісінде 2018-2020 жылдарға арналған республикалық бюджетті талқылау барысында «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» АҚ арқылы 6 мың несие беретіндігін мәлімдеген болатын. Алайда қазіргі уақытта ауылдықтар аталған қор басшылығы 2018 жылдың наурыз айына бекіткен несиелеу шарттарына түсінбеушілік білдіруде», – деді Мамраев. Оың айтуынша, «Бастау бизнес» бағдарламасы бойынша оқытылып, жеке кәсіпкер ретінде тіркелген ауыл азаматтары аталмыш қордан үстіміздегі жылы мал шаруашылығымен айналысу үшін несие ала алмайтын болып отыр. «Себебі, олардың ірі және ұсақ қара мал, жылқы және түйе сатып алуына рұқсат етілмейтін болып шықты. Тек құс өсіріп, бал арасын ұстау үшін, сондай-ақ ауыл шаруашылығы саласына жатпайтын бизнесті дамыту үшін несие берілмек. Бірақ, ауылдарға қанша шаштараз және монша қажет? Ауылдық кәсіпкерлердің қаншасы осындай нысан ашу үшін несие алуы мүмкін? Мәселенің осы жағы жіті ойластырылмаған», - дейді ол. Депутат өз сөзінде тек шаруа қожалықтарын, фермер қожалықтарын және ауылдағы өндірістік кооперативтерді ғана кеңінен несиелеу ұсынысымен келісу қиын екенін білдірді. Осыған орай, үстіміздегі жылы жеке кәсіпкерлерді несиелеу шарттарын қайта қарап, тиісті түзетулерді енгізуді сұрайды.
qazaquni.kz