ҚАЗАҚ ЖУРНАЛИСТИКАСЫ МАМАНДАРЫ ҚАЙ БАҒЫТТА ДАЯРЛАНАДЫ?
2018 ж. 29 маусым
5027
0
ҚР Білім және ғылым министрі Ерлан Сағадиев журналистиканы оқыту жөнінде тосын ой айтқаны мәлім. Сала басшысының: «Мен журналистиканы төрт жыл оқудың қажеті жоқ дейтіндермен келісетін шығармын. Меніңше, ең бірінші кезекте өзің жазатын саланың маманы болуға тиіссің. Егер сен медицина туралы жазатын болсаң, онда дәрігер болғаның, экономиканы жазсаң экономист, банкир одан кейін журналист болғаның жақсы. Журналиске экономика туралы жазуды, ақпаратты қалай дұрыс беру керектігін үйрету экономиске қарағанда әлдеқайда қиын», – деген сөзі қоғамда едәуір қозғалыс туғызғаны аян. Әсіресе, жұртшылық министрдің болашақ журналист мамандарды екі жарым жыл ішінде даярлау туралы пікірін тіксініңкірей қабылдағаны да негізсіз емес.
Осыдан кейін іле-шала Астанада Ақпарат және коммуникация, сондай-ақ Білім және ғылым министрлігінің аталған тақырыпта ведомствоаралық мәжілісі өткізілген еді.
Аталған жиындар әл-Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінің Журналистика факультеті мамандарын бей-жай қалдырмағаны түсінікті. Мұндағы «Заманға лайық маман даярлау мәселелері» тақырыбындағы республикалық оқу-тәжірибелік шараны сонау Астанада өткен әңгіменің қисынды жалғасы деуге әбден болады. Оған оқу орнының бірқатар профессор-оқытушылар құрамы мен бұқаралық ақпарат құралдарының жетекші мамандары қатысты.
Кезекті жиынды ашқан факультет деканы Сағатбек Медеубек сөз кезегін Елордадағы дүбірлі мәжіліске оқу орнынан делегат ретінде арнайы қатысып қайтқан кафредра меңгерушісі, профессор Гүлмира Сұлтанбаеваға берді.
Гүлмира Серікбайқызы биік деңгейдегі ведомствоаралық мәжіліске министрлер Ерлан Сағадиев пен Дәурен Абаевтан бастап осы салалардағы өзге де білікті қызметкерлердің қатысқанын және олардың елдегі жиырма тоғыз оқу орнында болашақ журналистерді даярлауға байланысты түрлі пікірлерін талқыға ұсынғанын жан-жақты баяндады. Профессордың айтуынша, ол жиында жекелеген адамдар «Журналистика кадрларын даярлау жалпы қажет пе?» дегендей, көкейге мүлде қонбайтын жәйттерді де қозғап қалғанын жасырмады. Дегенмен, кеңейтілген отырыстың шәкірттерді әзірлеу ісіне қысым көрсету тұрғысында емес, қайта бұқаралық ақпарат құралдарының болашақ мамандарын дайындауды дамыту ауанында өрбігені айтылды.
– Осыған орай мәжіліс соңында бәрімізге «Журналистиканы дамытуға негізделген басты төрт проблеманы атаңыз» деген сауалнама таратылды, – деді шешен. – Біз бұл тұрғыда, біріншіден, студенттердің дүниетанымы; екіншіден, шәкірттерді оқытуды ұдайы практикамен ұтқыр ұштастыруды; үшіншіден, оқытушылардың біліктілігін арттыруды; төртіншіден, білім беру бағдарламалары сапасын жақсартып, оның мазмұнын нарық талабына сай тереңдетуді атадық.
Дөңгелек үстелге жиналған қауымның көкейіндегі түйткіл көбінесе Білім және ғылым министрінің шәкірттерді оқыту бағдарламасын екі жарым жылға сыйғызу туралы байламы еді.
– Мұны, байқауымша, көпшілік дұрыс ұқпай қалған секілді, – деді Гүлмира Серікбайқызы, – әйтпесе Ерлан Кенжеғалиұлы: «Осы мәселеге байланысты заң жобасы қаралып жатыр. Ол бойынша алдағы уақытта төрт жыл оқу міндетті болмайды. Студент жинаған кредит балына қарай екі жарым немесе сегіз жыл оқиды» деген болатын. Демек, болашақ журналистердің оқу мерзімі келешекте, керісінше, ұзара түсуі мүмкін. Ал оны оқу орындары нақты жағдайларға қарай өздері белгілейді. Ол кісі негізгі акцентті салалық журналистиканы дамытуға салып отырғанын түсінгеніміз жөн...
Дөңгелек үстелде кәнігі маман, журналистика теоретигі, филология ғылымының докторы, Кәкен Хамзин:
– Жалпы, бұқаралық ақпарат құралдары мамандарын қалай және қандай мерзім аралығында даярлау туралы байламды журналистика тарихынан, мамандықтың қыр-сырынан мейлінше хабардар адамдар жасауға тиісті, – деді. – Күні бүгінге дейін Англияда да, Америкада да, Қытайда да журналистиканы ежелден қалыптасқан классикалық жүйе арқылы оқытады. Бізде де солай болуы керек. Ал жоғары жақтан істі егжей-тегжейлі білмей, «мынандай тәртіппен оқытыңдар» дей салу қисынға келіңкіремейді. Яғни, бұл – журналистика табиғатын, оның мән-мағынасын, қоғамдағы орнын түсінетін адамдармен өзара ақылдасып атқарылатын шаруа. Журналистика – ерекше мамандық. Бұл мол білімді, айрықша дарын-қабылетті қажет етеді. Журналистика қоғамдық пікірді туғызады, ұлттың санасын қалыптастырады. Мәселен, айталық, мемлекет басшысының рухани жаңғыру жайындағы бағдарламасын насихаттайтын кімдер? Әлбетте, журналистер. Міне, алдымен осы жағдайды терең ұғынуымыз қажет...
Аталған алқасөзде сондай-ақ факультет деканының ғылым және халықаралық байланыс жөніндегі орынбасары, доцент Қарлыға Нақысбекқызы, кафедра меңгерушісі, профессор Назгүл Шыңғысова, кафедра меңгерушісі, доцент Жетпісбай Бекболатұлы, филология ғылымдарының кандидаты, доцент Орынтай Ошанова, белгілі журналистер – Ахмет Аляз, Берік Бейсенұлы, Есей Жеңісұлы, Дәуіржан Төлебаев, Жадыра Нармаханова, т.б. бұқаралық ақпарат құралдары кадрларын даярлау жөніндегі көкейкесті ойларын ортаға салды.
qazaquni.kz