Қытайда 9 ай мырзақамақта болған ҚР азаматы Үйсін Бабан елге оралды
2018 ж. 25 маусым
3805
0
Қытайда еш себепсіз 9 ай мырзақамақта болған ҚР азаматы Үйсін Бабан ақыры елге келді. 24 маусым күні Алматы облысында орналасқан «Қорғас» шекара бекетінен Үйсінді бір топ белсенді күтіп алған, - деп хабарлайды abai.kz.
Еске сала кетейік, Үйсін Бабан 2012 жылы Қазақстанға біржола көшіп келген. Қазақстанда ықтиярхатпен жүрген. 2017 жылдың қыркүйегінде Қазақстанның азаматтығын алу туралы өтініш тапсырған. 2017 жылдың қыркүйек айында Қытайдағы анасы хәл үстінде жатыр деген хабар жеткесін, Қытайға барған. Шекара сызығын әрі асқан мезетте-ақ, Қытайдың қытымыр билігі Үйсіннің паспортын тартып алып, кері қайтармай қояды.
Үйсін жұрт секілді саяси оқыту лагеріне, я болмаса темір торға тоғытылмаған. Тек туыстарының тұрғылықты жеріндегі үйде болған. Жүріп-тұруын шектеген. Яғни, мырзақамақта ұстаған. Міне, содан бері тұп-тура 9 ай өтті.
Басылымның жазуынша, Үйсін Қытайда жүргенде оның Қазақстан азаматтығын алу туралы өтініші қанағаттандырылып, төлқұжаты әзір болған. Оны растайтын анықтама Үйсіннің жұбайы – Риза Кәуанның қолында.