Ешкі сүтінен өнімдер шығарыла бастады
2018 ж. 04 маусым
2202
0
Оңтүстік Қазақстан облысында алғаш рет тәулігіне 3 тонна ешкі сүтін өндіруге және 24 тонна сүт өңдеуге қауқарлы «Асыл тұқымды шаруашылық ашылды. Жаңадан ашылған шаруашылықтың жұмысымен танысқан облыс әкімі Жансейіт Түймебаев аталған кәсіп түрін дамытудың жолдарын талқылады.
Ешкі сүтінің адам денсаулығына пайдасы мол екенін айтып, атқарылып жатқан жұмыстарға оң бағасын берді. Жұмыстың барысымен таныстырған серіктестік төрағасы Жеңіс Тоғызақбаев өндірістік кооперативтің іске қосылған бірінші кезеңінде сауын цехы мен сүт өңдеу зауытының және жем-шөп жинау ғимаратының құрылысы аяқталғанын мәлім етті. Оның айтуынша, Нидерланд елінен ешкінің Заанен тұқымын сатып алған. Даму жоспары үш кезеңнен тұратын жобаның жалпы құны 1 млрд. 829 млн. теңгені құрайды. Қазір мұнда 500 бас ешкі болса, жоспар толығымен орындалғаннан кейін 6 мың басқа жететін болады. Өсімділігі өте жоғары ешкі малы жылына егізден тауып, орта есеппен 100 басқа 200 төл береді екен. Заанен тұқымының қазақстандық ешкілерден айырмашылығы – сүтті көп беруінде. Отандық ешкілер күніне көп дегенде 1,5-2 литр ғана сүт беретін болса, заанендіктер күніне 5-6 литр сүт береді. Алдағы уақытта кәсіпорын Италия елінің жаңа технологиялы құрылғыларымен қамтылып, сауын және сүт өңдеу процесі толығымен автоматтандырылатын болады. Осының нәтижесінде ірімшік және моцарелла ірімшігін жасауды жоспарлап отыр. Айта кетейік, ешкі сүті – анемияда, тағамдық аллергияда, туберкулезде, асқазан, ішек-қарын жолдарының ауруларында, диабетте, диатезде, ағзаның қорғаныс қызметін арттыруда, ағзадан ауыр металдардың тұздары мен радионуклидтерді шығаруда және көздің нашар көруінде пайдалы екен. Жұмыс барысымен танысып шыққан аймақ басшысы Жансейіт Түймебаев, «Оңтүстік өңірі ауыл шаруашылығына өте қолайлы аймақ. Осыны тиімді пайдалануымыз керек. Әсіресе, заманауи технологиялардың көмегімен жылыжай шаруашылығын мықтап қолға алсақ, өнім сапасы мен көлемі артатын болады. Сондықтан да осы мәселені аудан, қала басшыларына үнемі айтып келемін», – деп, сала басшыларына аудандағы жылыжай шаруашылығын жандандыруды тапсырды.
Әмина Еркінбайқызы
qazaquni.kz