ҚАРА ҚЫЛДЫ ҚАҚ ЖАРАТЫН ӘДІЛ СОТТЫ ҚАШАН КӨРЕДІ ЕКЕНБІЗ?
2018 ж. 22 маусым
4224
1
Біз демократиялық даму жолын таңдаған құқықтық мемлекетпіз, егеменді елміз. Өз туымыз, өз елтаңбамыз, халықтың қалауымен қабылданған өз заңымыз да бар. Конституциямыз бойынша лауазымына қарамастан біздің елдің әрбір азаматының құқығы бірдей. Еңкейген қариядан бастап еңбектеген балаға дейін, бәріміз де сол заңға бағынуға, оны сыйлауға міндеттіміз. Мекемелер және жеке тұлғалар арасындағы кездесетін түрлі даулы мәселелерді сол бәріміз үлкен сенім артқан сотымыз әділ шешіп беруге тиісті. Өкінішке орай, осы бір жалпыға ортақ қағида үнемі сақтала бермейді...
Қылмыстық істерге қатысты жаза тағайындауды айтпаған күннің өзінде, біздегі соттардың азаматтық даулы мәселелерді қараған кезде сыңаржақ шешім шығаратынына жүздеген мысалдар келтіруге болады. Оны күнделікті телеарналардан берілетін ақпараттардан естіп те, көріп те жүрсіздер. Сот шешіміне риза болмаған азаматтардың жоғары сатыдағы әділет орындарына жиі жүгінетінін ҚР Жоғарғы сотының төрағасы Жақып Асанов та атап көрсеткен болатын. Әділ шешім шығармаған соң халықтың сот атаулыға сенімі жоғалып, өкпесі қара қазандай болатынын айтып, бұл кемшіліктерді жою керектігін де тілге тиек еткен-ді.
Жақында (12.06.2018ж.) осындай даулы мәселені қараған Алматы қаласы Бостандық ауданының сот отырысына қатысуға тура келді. Қалың оқырманға түсінікті болу үшін мәселенің мән-жайын қысқаша түсіндіре кетейік.
Төрт бала тәрбиелеп, өсіріп отырған ерлі-зайыпты Бірлік Тоқай мен Жәмила Шүйішбаева 2014 жылы Алматы қаласы Фадеев көшесі, №2 «б» мекен-жайындағы жекеменшік үйді сатып алады. Бірлік Тоқай жанұясы үй емес, үйдей пәле сатып алғанын әрине, ол кезде білген жоқ-ты. Баспана құжаттары толық болғандықтан, оны рәсімдеген мемлекеттік органдар да одан ешқандай «шикілікті» байқамаған. Алайда, арада 3 ай өткенде «Тоспа Су» (қазіргі «Алматы Су») мемлекеттік коммуналдық кәсіпорнының қызметкерлері келіп, бұл үй «қызыл сызық» үстіне орналасқанын айтып, төбелерінен жай түсіргендей етеді. Ал, заң бойынша «қызыл сызық» деп аталатын аймаққа тұрғын үй салуға мүлдем болмайды. «Тоспа Судың» сол кездегі бас директоры Н.Жарболов 2017 жылы 20-қаңтарда сатып алынған жер телімінен өтетін орталық кәріз құбыры желісін үй иесінен өз күшімен басқа жаққа шығаруды талап етіп, Алатау аудандық сотына талап-арыз түсіреді. Сөйтіп, бүгінге дейін созылып, соңы қашанға дейін барары белгісіз дау-дамай басталып кетеді. Мемлекеттік мекеме оған қоса нақтылама талап-арыз толтырып, құбыр үстіндегі үйді де сүруді талап еткен. Абырой болғанда 2017 жылғы сәуір айындағы сот шешімімен «Тоспа Судың» арызы қанағаттандырусыз қалдырылады.
Біздегі қалыптасқан тәжірибеге қарасақ, әдетте мемлекеттік мекеме мен жеке тұлға арасындағы дауда сот көбінесе жеке тұлғаның жаурынын жерге тигізетіні белгілі. Демек, біздің сот билікке жалтақтап, соларды сойылын соғады деген сөз. Алатау ауданының бұл сот шешімінен отбасына келіп-кетер жеңілдік болған жоқ. Себебі, үй құбыр үстінде, яғни, қауіпті жағдайда қалып отыр, ол кез-келген күні опырылып түсуі мүмкін. Бұл баспана құрылысының барлығы дерлік 1974-1999 жылдар аралығында салынғаны үй құжаттарында айқын жазулы тұр. Баспана 30.10.2014 жылы жылжымайтын мүлік ретінде Әділет министірлігінде ресми тіркелген. Ал, бұрынғы меншік иелерінің атына 09.08.1989-жылы тіркеліп, заңдық күшіне енген. Кеңестік кезде кеткен қатедейін десек, қолда бар құжатта осы мекен-жайдағы жер теліміне 07.08.2003 жылы Алматы қалалық әкімдіктің бекітуімен қалалық Жер басқармасы жаңа құжат берген. Техникалық төлқұжаты 21.04.2003 жылы түзіліп, 18.09.2003 жылы қайталай тіркеуге алынған. Демек, жоғарыда айтылған жолсыздық атаулы қалалық әкімдік пен әкімдіктің қарамағындағы құрылысқа құжат беретін құзыретті органдардан туындап отыр. Олардың осындай «қызыл сызықта» тұрған үйге қалай ғана құжат толтырып бергеніне таңғаласыз. Әдетте, қандай да бір құрылыс басталмас бұрын жер телімі жан-жақты тексеріліп, содан кейін рұқсат етілуі керек-ті. Бұл айдала емес, қаланың іші. Қаладағы әрбір шаршы метр жер есепте, қай көшеден қандай жүйе өтетіні жайындағы сызбалар осы аталған мекемелердің бәрінің қолында бар. Алдымен ол маңда жерасты электр, су, газ немесе басқа жүйелер өтпейтіні анықталуы міндет. Қалада бір жерді қазу үшін жоғарыда аталған салалар бойынша мекемелерден рұқсат алу қажет. Ол – дұрыс талап. Өйткені, электр желісі өтетін жерді қазған адам байқамай токқа түсіп мерт болуы әбден мүмкін ғой. Немесе су, газ құбырларын зақымдап, тұрғындарды жарықсыз, сусыз қалдыруы ғажап емес. Ал, мына жағдайда қаланың қақ ортасында осы талаптар түгелдей бұзылған. Бұзып отырған кім? Әрине, әкімдік пен оның қарамағындағы Сәулет-құрылыс, Жер басқармасы, «Су арнасы» сияқты түрлі мекемелер. Заңсыз құрылысқа қалай құжат берілді дегенде бірнеше кемшіліктерін атап, түрлі күдік айтуға болады. Бірінші, қалалық әкімдіктің тікелей жауапсыздығы. Екінші, оның құрамына енетін сала басқармаларындағы мамандардың кәсіби сауатсыздығы. Үшінші, ең қауіптісі – парақорлық. Заңсыз құрылысқа қандай есі дұрыс маман құжат береді? Не үшін берген? Әрине, көзді жұмып қарауға пара алуы тікелей себеп болуы мүмкін. Басқа не деуге болады, әйтпесе қолында тайға таңба басқандай анық жазылған заң тұрғанда мұндай өрескелдікке ешкім бармайды. Бұл істі дер кезінде қарау керек-ті, енді талай жылдар өткенде оны анықтау да мүмкін емес. Ақиқатын айтсақ, бұл қып-қызыл қылмыс, мемлекетті шығынға батыру, тұрғындардың өміріне қауіп төндіру. Сол үшін осыған жауапты орындар қылмыстық кодекс бойынша қудалануы қажет.
Осы төрт жылда түрлі мемлекеттік мекемелердің табалдырығын тоздырған үй иесі Бірлік Тоқай бүгін өзі де заңгерден кем түспейді. Бұл іске қатысты заң баптарын жатқа айтып бере алады. «ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» №242 Заңының 31-бабы 2-бөлігі 4-тармағы 1-тармақшасы бойынша «Шешілуі мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау мен қадағалау органдары құзыретінің шегінен тыс қалатын жағдай туындаған кезде бақылау мен қадағалау–«су қорғау аймақтарының аумағындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметіне бақылау жүргізу бөлігінде – су қорын пайдалану және қорғау саласындағы уәкілетті орган жауапты» екені айтылған» – дейді Бірлік Тоқай. Ендеше, қалалық әкімдік пен оның салалық басқармаларына жауапкершіліктен жалтаруға негіз жоқ. «Алматы Су» құрылысқа құжат берген мекемеге алдын-ала мәлімет бермей, «қызыл сызық» үстіне құрылыстың салынуына жол берген. Жерді берген мекеме де онда не бар, не жоқ екенін тексермеген. Салынған құрылысқа дер кезінде тосқауыл қойылып, бұл үйдің бұрынғы меншік иелеріне заң бойынша шара қолданылса, мұндай жағдай туындамас еді. Бұл баспананы Бірлік Тоқай сатып алмас та еді. Мемлекеттік орындардың жауапсыздығынан оның зардабын көпбалалы отбасы тартып отыр. Қалдық судың сасық исі мүңкіген апатты үйде 4 жылдан бері бала-шағасымен алаңдап, үреймен күн кешіп келеді. Үй опырылып құласа ешкім тірі қалмасы анық. Тереңдігі үш метрге жуық, көлемі кіші-гірім үйдей кәріз суы шұңқырына байқаусызда түсіп кетсе бала-шаға түгіл ересек адам да қайтып шыға алмайды. Мәселе сотта қаралған соң «Алматы Су» кәріз жүйесін өзге бағытқа бұрғанмен үй астындағы апан сол күйінде қалып, апатты жағдай сақталған. Бұл жауапкершіліктен жалтарып, талап етушіден құтылудың амалы екені айтпаса да түсінікті.
ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» №242 Заңы 17-бабының 4-тармағында: «...Субъектiлердiң сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметi туралы заңдарды бұзғандық үшiн жауапкершiлiгi; Сараптама жүргізу процесінде жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасында объектінің беріктігіне, орнықтылығына және сенімділігіне тікелей әсер ететін бұзушылықтар анықталған жағдайда, жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамасын әзірлеген ұйым Қазақстан Республикасының заңдарында белгіленген жауаптылықта болады...» – деп көрсетілген. Осы мекен-жайдағы құрылысты заңдастыру барысында құжат берген құзыретті органдар ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» №242 Заңының 27-2-бабының 1-тармақ, 2-тармақ және 9-тармақтың 1-2-4-5-6-тармақшаларында, 10-тармағында көрсетілген ғимараттарға қойылатын қауiпсiздiк талаптарын, яғни, заңдық нормаларды ескермеген. Реті келгенде айта кетейік, біздің заңдардың шұбалаңқылығы оқыған адамды шаршатып жібереді. Нақты не айтқанын түсінбей дал боласыз. Заң орысша жазылып, қазақшаға аударылғандықтан не айтып, не қойғанын білмейсіз, қысқасы тілмаш керек. Сондықтан, заңдарымызды редакциялап, қайта қарап нақтылау қажет. Оның үстіне заңның бір бабы екіншісіне қайшы келіп жатады. Сол себепті қалтарысы көп қағидалар судьяларға еркін, өз бетінше шешім шығаруға ыңғайлап жасалған. Ал, заң жаңылтпаш емес, ол нақты және әділ болуы қажет.
ҚР «Сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Заңының 20-бабы 6-тармақ 7-тармақшасында: «Ғимараттар мен құрылыстардың сенімділігін және орнықтылығын техникалық зерттеп-қарауды жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту» 11-тармақшасында:«жобалардың мемлекеттік сараптамасына басшылық ету»; 11-8-тармақшада: «барлық деңгейдегі қала құрылысы жобаларына кешенді қала құрылысы сараптамасын жүргізу қағидаларын әзірлеу және бекіту»; 12-1-тармақшада: «сәулет, қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың қызметіне оларға ҚР заңнамасымен жүктелген функцияларды тиісінше орындау бөлігінде бақылауды және қадағалауды жүзеге асыру»; 12-4-тармақшада: «сәулет,қала құрылысы, құрылыс және мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауы істері жөніндегі жергілікті атқарушы органдардың оларға ҚР заңнамасымен жүктелген функцияларды тиісінше орындауын анықтау мақсатында объектіге бару»; 13-тармақшада: «мемлекеттік қала құрылысы кадастрын жасау, оның жүргізілуін бақылауды жүзеге асыру»; 15-тармақшада: «сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі саласындағы заңнаманың белгіленген нормаларын, мемлекеттік нормативтік талаптарды, шарттар мен шектеулерді жол берілген бұзушылықтар мен ауытқуларға байланысты бұзушыларға заңнамада көзделген шараларды қолдану туралы шешімдер қабылдау» Сәулет, қала құрылысы және құрылыс iстерi жөніндегi уәкiлеттi органның құзыретiне кіретіні жазылған. Оған қоса ҚР «Жер кодексі» 69-бабының 1-тармағында жер мемлекеттік мүддеге орай алынса жер иесі мемлекеттік органнан сол үшін төлемақы талап етуге құқылы екендігі де айтылған. Олай болса әкімдікке қарасты құрылыс жобасын қадағалауға құқылы құзыретті органдар заңсыздыққа жол берген. Жол беріп қана қоймай, өз қолдарымен құбыр үстіндегі үйді көре-біле тұра заңдастырған. Бұл қылмыс, өзгелердің өміріне қатер төндіру десе де болады.
Соңғы жылдар үй иесі Бірлік Тоқай Алматы қаласы әкімінің орынбасары С.Мәкежановқа, Алатау ауданы әкіміне, Алматы қалақұрылыс басқармасына, Алматы Жер басқармасына өтініш жазып, басшыларының қабылдауында бірнеше рет болған. Мән-жайды білген соң, бәрі бірауыздан: «Сіздің бұл мәселеңіз тек сот арқылы шешіледі» деген жауап айтып шығарып салған. «Тоспа Судың» бұрынғы директоры Н.Жарболов: «Сотқа беріңдер. Сот бізге ақша төле десе, қанша болса да төлейміз, соттың шешімінсіз ештеңе істей алмаймыз» деген де көрінеді. Үстіміздегі жылдың ақпан айында «Еуразия» телеарнасындағы «Заң сөйлесін» бағдарламасына сұхбат берген «Алматы Судың» баспасөз хатшысы: «Бұл мәселені шешудің жолын қарастырып жатырмыз» деген-ді. (Бейнебаян жазбасы бар). Бірақ соңғы сот отырысында бәрі де керісінше өзгерді.
Бостандық аудандық сотында судья Г.Жоламанова екі тарапты да мұқият тыңдап шықты. «Алматы Су» кәсіпорыны өкілі Б.Надырқұлова мен Алматы қалалық әкімдігінің заңгері А.Жүнісбеков талап етуші жақтың өзін кінәлап, өздері сүттен ақ, судан таза болуға тырысты. Керек болса бұрынғы үй иесін тауып алып сонымен соттасыңдар дегенге дейін барды. Ал, бұрынғы үй иесіне құжат жасап бергендерін, оның заң бұзушылық екенін қаперіне де алған жоқ. Ал талап етуші жақтың «Қаз НИИСА» мамандары мен «Тәуелсіз сараптама кеңесі» сараптамасының үй апатты жағдайда тұрғаны және бұл баспана сүрілуі керектігі туралы берген анықтамасын судья да есепке алмаған секілді. Сөйтіп талапкерлердің Алматы қалалық әкімдігі мен «Алматы Суға» заңдық жауапкершілік жүктеп, ҚР «Жер кодекісі» 69-бап 7-тармағына сай сервитут жасалып, үйілерін жиырма бес миллион теңгеге сатып алуға, екі рет сараптама жасатуға кеткен 64 290 теңге шығынды толықтай өтеуге, «Алматы Судан» түбіртектегі төлеген мемлекеттік төлем 2400 теңгені қайтаруға байланысты жазылған талап-арызы қанағаттандырылған жоқ.
Енді ойланып көрелік. Бұл жерде талап етуші жақтың қандай кінәсі бар? Үйдің бұрынғы иесіне құжат жасап берген құзырлы органдардың заңсыз әрекеті неге есепке алынбайды? Неге олар жауапқа тартылмайды? Неге қалалық әкімдік пен оның құрылымдарының ғана сөзі өтіп, қарапайым жеке тұлғаның талабы орындалмады деген негізгі сұрақтар ашық қалып отыр. Алдында айтқанымыздай мемлекеттік органдармен соттасып ешкім абырой таппасын осыдан-ақ көруге болмай ма? Қара қылды қақ жаратын әділ сотты қашан көреді екенбіз?..
Зейнолла АБАЖАН,
qazaquni.kz