Конституцияның 7-бабының орыс тіліне байланысты 2-тармағы алынып тасталсын!
2011 ж. 29 тамыз
86329
32
ҚАЗАҚ ХАЛҚЫНА және РЕСПУБЛИКАМЫЗДЫ МЕКЕНДЕЙТІН ӨЗГЕ ҰЛТ ӨКІЛДЕРІНЕ
Қазақстан Республикасының Президенті Н.Назарбаевқа Қазақстан Республикасының Премьер министрі К.Мәсімовке Қазақстан Республикасының Парламент Сенатының Төрағасы Қ.Мәмиге Қазақстан Республикасының Парламент Мәжілісінің Төрағасы О.Мұхамеджановқа
«15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды...» Нұрсұлтан НАЗАРБАЕВ, ҚР Президенті
«Аюға намаз үйреткен – таяқ» Халық даналығы
Таяуда ҚР Мәдениет министрлігі дайындаған «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасы баспасөзде, интернет беттерінде жарияланды. Аталмыш жобаға «Мемлекеттік органдарға мемлекеттік тілде жүгінуге міндетті» деген норма енгізілген болатын. Алайда, осы Конституциялық нормаға қарсы шыққан ресейлік және отандық кейбір орыс тілді басылымдар «тіл төңкерісі», «мемлекеттік төңкеріс» болады деп сес көрсетіп, айқай-шу көтерді. Ресейлік ақпарат құралдарынан сескенген ҚР Мәдениет министрлігі болса осы «Мемлекеттік органдарға мемлекеттік тілде жүгінуге міндетті» деген норманы және мемлекеттік тілді міндеттеген өзге де баптарды заң жобасынан алып тастады. Бұл туралы ҚР Мәдениет вице-министрі Ғ.Телебаев «Мегаполис» газетінің 2011 жылғы 15 тамыздағы санында хабарлады. «Мемлекеттік органдарға тек мемлекеттік тілдегі өтінішпен жүгінуді қарастыратын норма заң жобасынан алынып тасталды. Арыз-шағымды тек мемлекеттік тілде қабылдау мәселесі болмаған және болмайды да. Тіл туралы заң өз қалпынан өзгермейтініне кепілдік беремін!» – дейді вице-министр. Осының алдында ғана Мәдениет министрлігінің жауапты хатшысы Жанат Құрманғалиева 2013 жылы бүкіл мемлекеттік қызметкерлер мемлекеттік тілде сөйлейтінін батыл да, нақты мәлімдеп: «Біз мемлекеттік тілді білуді міндеттеуді алдымен өзімізден, мемлекеттік қызметкерлерден бастап жатырмыз. Конституцияға сай, тіл туралы мемлекеттік бағдарлама жоспары бойынша солай болуы тиіс, оған неге соншама шу тудыру керек?» – деген болатын. Мәдениет министрлігі заң жобасындағы Мемлекеттік қызметкерлердің мемлекеттік тілді білуін міндеттеген нормаға қарсы Ресейлік ақпарат құралдарының өре түрегелуі – Қазақстанның Тәуелсіздігін мойындамау. Бұл дегеніміз, Ресейдің Қазақстанды ашық басынуы, оның ішкі істеріне тікелей араласуы болып табылады. Ресейлік ақпарат құралдарының даңғазасына орай Қазақстан Үкіметінің кері шегінуі көңілге Қазақстан Ресей боданындағы ел ме деген күмән ұялатады. Бұл түрімізбен ертең Қытай ақпарат құралы шу көтерсе қытай тіліне де басымдық беретін шығармыз? Егер Қазақстан Тәуелсіз ел болса мемлекет қызметкерлерінен мемлекеттік тілді талап ететін, бүкіләлемдік қағидаға сай норманы қайта енгізуі тиіс. Біздің мемлекеттік саясатымызға, ішкі істерімізге ешкімнің араласуға хақысы жоқ. Осы жерде Қазақстанның ұлттық ақпарат қауіпсіздігін сақтау мақсатында тиісті шаралар жасайтын уақыт әлдеқашан келгенін айтуға тиіспіз! Мемлекеттік тіл туралы заң қабылдау еліміздің 22 жылдан бері асқан төзімділікпен күтіп келе жатқан арманы еді. Тәуелсіздік алған 20 жылда ресми құжаттар, кеңсе тілі, ақпарат кеңістігіміз, заңдық құжаттар: сот іс-қағаздары, нотариустар, өзге де келісім-шарттар, сенімхаттар негізінен орыс тілінде жүргізіліп келгендігі ешкімге құпия емес. Қысқасы орыс тілі мемлекеттік тілдің қызметін атқарып келеді. Күні бүгініге дейін аты бар да заты жоқ мемлекеттік тілдің орнын толтыруды ескерген Мәдениет министрлігінің заң жобасын «тіл төңкерісі» деу ешқандай шындыққа жанаспайды және қып-қызыл жала, ашық арандату! Еліміздегі мемлекеттік тілге, мемлекеттік саясатқа қарсы шыққан азаматтарымыз заң аясында жауапқа тартылуы тиіс. Мысалы, Қазақстандық Православтар одағының Spgk.kz сайтында жарық көрген Ф.Мирогловтың мақаласында: «Орыс азаматтары мұндай шешімдерге салқын қараңыздар. Өздеріне (заңды) жаза берсін. Тілге қатысты кез келген жарлық пен заңды күле отырып оқыңыздар, себебі оның барлығы – фантастика ауылынан туылған дүние. Бұрынғыдай негізгі тілде, құдіретті, ұлы орыс тілінде сөйлеуді және жазуды жалғастыра беріңдер. Оған тосқауыл қою ешкімнің қолынан келмейді...» – деп жазылған. Міне, арандатушылық! Қит етсе «Ресейге көшіп кетеміз» деп қорқытатындар неге сол көрші Ресейдегі заң жобаларын есепке алмайды? Мемлекеттік тілдің аясын кеңейтуге бағытталған әрбір іс-әрекетке «нельзя спешить!», «надо подходить крайне взвешенно», «нужно время» деген сылтаумен қарсылық білдіруде. Жат елдік ақпарат құралдарының еркін таралып, еркінсуінің «жемісі» – Көкшетау қаласынан басталған «Народный сбор», Бүкілресейлік қоғамдық қозғалыс пен қазақстандық «Лад» славян қозғалысының ұлтаралық қатынасқа дақ түсіретін империалық ленталар тарататын акция өткізуі, «біздің отанымыз – Ресей, президентіміз – Медведев» деп көкіп, көліктеріне Ресей жалауын тағып жүруі және өзге де антимемлекеттік мінездерге баруы нағыз масқаралық емес пе? Мемлекеттік тілге, яғни мемлекеттік мүддеге қарсы шыққан БАҚ-тардың, саясаткерлер мен қайраткерлердің, жеке тұлғалардың, ұйымдар мен партиялардың аты-жөндері аталып, қатаң айыпталуы керек болатын. Бірақ билік мұндай шектен шыққан өрескелдікке жұмған аузын ашқан жоқ. Мемлекеттік БАҚ (қай тілде болса да), әсіресе орыс тіліндегі бұқаралық ақпарат құралдары мемлекеттік мүддені қолдауы не қолдамауы билік тарапынан қатаң қадағалануы қажет еді. Неге мемлекеттің ақшасына шығып жатқан, немесе үкіметтен мол тендер алатын «Казахстанская правда», «Литер», «Мегаполис», «Время», «Караван», «Экспресс К», т.б. басылымдар мен интернет порталдар мемлекеттік тіл мүддесін ауызға алмайды? Сынауға бар да, қолдауға жоқ. Мемлекеттік тілге қарсы шығып, арандатушылық мақалалар басатын «Мегаполис» секілді басылымдарды қаржыландырудан бас тартатын кез әлдеқашан жетті деп білеміз. Біз, әрқашанда республикамыздағы барлық этностар тілінің олардың салт-санасының, рухани құндылықтарының салтанат құруын, өркен жаюын қалаймыз. Сол ықыласымыз, талабымыз ешқашан өзгеріске түспек емес. Ал, мемлекеттік тіл әлі күнге дейін, басқа елдердегідей бәрімізді біріктіретін дара күшке айнала алмай келеді. Осыдан үш жыл бұрын билік Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасы арқылы елімізді «Қазақстандық ұлтқа» енгізуді жоспарлады. «Қазақстандық ұлт» өзінің негізін «американдық ұлттан», яғни көп ұлттан бір ұлт жасау идеясынан алатыны белгілі. «Қазақстандық ұлтқа» енсек, бүкіл ұлттық мүддеден мақұрым қаламыз. Ол кезде «Мен қазақпын», «Мен ұйғырмын», «Мен орыспын» деп айтсаңыз, жауапқа тартыласыз. Біз, зиялы қауым өкілдері, бұл ұлтсыздандыру шарасына түбегейлі қарсы тұрдық. Аштық жарияламақшы болдық. Республика бойынша 4 мыңнан астам адам бізбен бірге жатуға ниет білдірді. Билік амалсыздан біздің талап-тілегімізге құлақ асты. Қазақстан Халқы Ассамблеясы ұсынған «Ел бірлігі» доктринасынан «Қазақстандық ұлт» түбегейлі алынып тасталынды және оған «Қазақстанның әрбір азаматы мемлекеттік тілді білуге міндетті» деген сөйлем ендірілді. Бұл зиялы қауым өкілдерінің демократия саласындағы елеулі жеңісі еді. Осыдан біраз уақыт бұрын билік тағы да болашақта «қазақстандық ұлтқа» көшетінімізді ескертті. Енді бұрынғы текетірес қайтадан басталмақ па? Біз ешқашан, еш жерде қазақ тілін зорлықпен үйретуді жақтаған емеспіз. Қазақ тілі мемлекеттік мәртебе иеленген 1989 жылдың 22-қыркүйегінен есептесек, содан бері 22 жыл уақыт өтіпті. Осы мереке құрметіне орай біз жыл сайын «Мемлекеттік тілді қолдау» акциясын өткізіп келеміз. Алайда, билік бұл шараға өз құзырындағы қызметкерлер мен жұмысшыларды, жастарды және мектеп оқушыларын қатыстырмауға күш салып, теріс көзқарас танытумен келеді. Биыл мемлекеттік тілді қолдау акциясын 25-қыркүйек күні сағат 11-де өткізу жоспарланды. Осы жылы билік жылдағы көзбояушылық мінезін доғарып, тәуелсіздігіміздің 20 жылдығы құрметіне өткізілгелі тұрған бұл аса маңызды істе бізбен бірге болады деп сенеміз. Үкімет, яғни Мәдениет министрлігі дайындаған заң жобасындағы бапты мемлекеттің тіл саясатына қарсы қайдағы бір «сарапшылардың» өре түрегелгеніне бола жобадан алып тастау – биліктің де солармен ымыралас екендігін бағамдатады. Неге мемлекеттік тілді 22 жылдан бері әдейі үйренгісі келмеген, тәуелсіз Қазақстан мемлекетіне ашық қарсылық танытып келе жатқан Марат Нұрпейіс (бүркеншік ат болуы да мүмкін) секілді өз ұлтына қарсы шыққан «заңгерлер» үшін, Крамаренко секілді «ладтық» арандатушылар үшін біз, яғни тұтас ел, мемлекеттік мүддеден бас тартуға тиіспіз бе?.. Біз Үкіметтің – Мәдениет министрлігінің алғашқы заң жобасын қуаттаймыз. Мәдениет министрлігі Конституцияның 7-бабы мен 93-бабын басшылыққа алып отыр. 93-бапта: Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкiмет, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттiк тiлдi еркiн әрi тегiн меңгеруi үшiн қажеттi ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрiн жасауға мiндеттi, – деп айқын жазылған. Конституцияның 7-бабында «Мемлекеттік тіл – қазақ тілі» деп бадырайып жазылып тұрса да, екінші тармағындағы «орыс тілі ресми түрде мемлекеттік тілмен тең қолданылады» деген сөз – «ресми тіл» дегенді білдірмейтінін және орыс тілі екінші мемлекеттік тіл бола алмайтынын Конституциялық Кеңес дәлелдеп берсе де, сол бір 7-баптың екінші тармағы жұртты әлі шатастырып, орыс тілі заңсыз мемлекеттік тіл рөлін атқарып келе жатыр. Сондықтан Конституцияның 7-бабының екінші тармағын алып тастау керек. «15 жылдан бері мемлекеттік тілді аю да үйреніп алатын уақыт болды» – деп Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың өзінің ащы шындықты жайып салғаны да орыстілділерді ойландыра алмаса, не шара?! Сондай-ақ біз үш тұғырлы тіл идеясының балабақшадан бастап қолданысқа енуіне де түбегейлі қарсымыз. Мұндай үстірт қадам педагогикалық, психологиялық заңдылықтарға қайшы. Мәселен, Жапондарда бала 12 жасқа дейін тек өз ана тілінде тәрбиеленіп, өз ана тілі қуатын бойына сіңіруі қажет екен. Одан кейін жүз тіл үйренсе де өз еркі. Біз тіл үйренуде теледидардың мүмкіндігін пайдалана алмай келеміз. Қазір республикалық телеарналардың бәрі дерлік орыс тіліне қайтадан басымдық бере бастады. Тілдік қолданыс 50 де 50 болсын деген бұрынғы ұстанымға да қол жетпей қалды. Бір сөзбен айтқанда мемлекеттік тілге қарсы тосқауылдардың осылайша қойыла беруінің басты себебі – Мемлекеттік тіл туралы заңның әлі күнге дейін қабылданбауы. Соған орай саяси және қоғамдық ұйымдар мен зиялы қауым өкілдерінен құрылған жұмысшы тобы «Мемлекеттік тіл туралы» заң жобасын әзірлеуде. Заң жобасының қабылдануына билік те мүдделілік танытуы қажет. Мемлекеттiк тiл мүддесіне оралар болсақ, ең басты кемшілік басшыларға жүктелетіні айқын. Бұған кездесулерде көбiнесе тек орысша сөйлейтiн, мемлекеттік тілді менсінгісі келмейтін, үкiмет отырыстарын орыс тiлiнде өткiзудi бұлжымас дәстүрге айналдырған, министрлiктердегi iс-қағаздарын мемлекеттiк тiлде жүргiзу бағдарламасын көрнеу көзге іске асырмай отырған билік кінәлі деп есептейміз. Тiл бағдарламасын жасауда, тіл туралы заң жобаларына түзетулер енгiзуде тиянақтылық пен табандылық танытпаған Мәдениет министрлігінің босаңдығына да қайранбыз!? Егер билік таяу арада мемлекеттік тілдің жағдайын түзетуге пәрмендi шаралар белгiлеп, оны iске асыруға ұйытқы болмаса онда біз қатаң шараларға баруға дайын екендігімізді ескертеміз. Жоғарыда көтерілген мәселелерді саралай келе біз, Қазақстанның саяси партиялары мен қоғамдық ұйымдары, зиялы қауым өкілдері Қазақстан Үкіметіне, алғашқы кезекте, мынадай талаптар қоямыз: 1. «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне мемлекеттік тіл саясаты мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң жобасына «2012 жылдан бастап бірте-бірте мемлекеттік органдарда тек мемлекеттік тіл пайдаланылып, іс-қағаздарды қазақ тілінде жүргізілсін» деген норма қосылсын; 2. ҚР Конституциясының 7 бабының орыс тіліне байланысты екінші тармағы алынып тасталсын; 3. Қазақстанның кейбір саяси күштері мен қоғамдық ұйымдарының қатыстырылуымен жасалып жатқан Мемлекеттік тіл туралы заң жобасы Парламенттің биылғы күзгі сессиясында қаралып, 2012 жылға дейін қабылдануы тиіс; 4. Бөгде ел және отандық ақпарат құралдарының арандатушылық мақалалары Тәуелсіз Қазақстанның ішкі ісіне нұқсан келтірушілік деп танылсын! Мемлекеттік жоғарғы билік органдары (Үкімет) тарапынан мұндай басылымдар қаржыландырылмасын. Қазақстанның Ұлттық ақпарат қауіпсіздігін қамтамасыз ететін шаралар тез арада іске қосылсын; М.ШАХАНОВ, «Тәуелсіздікті қорғау» және Республикалық «Мемлекеттiк тiл» қоғамдық қозғалыстарының төрағасы, Қазақстанның халық жазушысы, Қырғызстанның Халық ақыны; Ә.НҰРПЕЙІСОВ, Қазақстанның халық жазушысы, КСРО мемлекеттік сыйлығының лауреаты; А. ӘШІМОВ, КСРО және Қазақстанның Халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Т.КӘКІШЕВ, филология ғылымдарының докторы, профессор,Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген ғылым қайраткері; Ш.МҰРТАЗА, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; С.ҚИРАБАЕВ, академик, филология ғылымдарының докторы; Т.ӘУБӘКIРОВ, Кеңес одағының батыры, «Халық Қаһарманы», Қазақстан Республикасының тұңғыш ғарышкер-ұшқышы; Б.ТӨЛЕГЕНОВА, Еңбек Ері, КСРО халық әртісі; М.ӘЛІМБАЕВ, Қазақстанның Халық жазушысы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты;Д.ИСАБЕКОВ, жазушы, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Қ.ИСА, «Жас қазақ үні» газеті бас директоры, ақын, халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, ҚР Мәдениет қайраткерi; «Ақ жол» ҚДП Президиумы мүшесі; Е.ХАСАНҒАЛИЕВ, Қазақстанның халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; Қ.ЖҰМАДIЛОВ, Қазақстанның халық жазушысы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты;Т.ӘБДІКҰЛЫ, жазушы, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты;Ғ.ҚАБЫШҰЛЫ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның құрметтi журналисi; Т.МЕДЕТБЕК, ақын, ҚР Мемлекеттiк сыйлығының лауреаты; А.ПЕРУАШЕВ, «Ақ жол» ҚДП төрағасы; Ж.ТҰЯҚБАЙ, «Азат» ЖСДП тең төрағасы; Б.ӘБIЛЕВ, «Азат» ЖСДП тең төрағасы;Ғ.АЛДАМЖАРОВ, Саясаткер; С.МӘМБЕТӘЛИН, «Руханият» Жасылдар партиясы төрағасы; А.АЙТАЛЫ, «Ақ жол» ҚДП Ақылдастар алқасы төрағасы; Н.НҮСІПЖАНОВ, Қазақстан Республикасының халық әртісі, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; М.ҚҰЛКЕН, жазушы, «Өлке» баспасы президенті; Қ.СӘРСЕКЕЕВ, «Қазақ» газетiнiң бас редакторы; Р.СӘРСЕНБАЙ, қоғам қайраткері, «Жас Алаш» газетінің бас редакторы; С.ҚҰТТЫҚАДАМ, қоғам қайраткері; Е.АЙҒАЛИҰЛЫ, «Қазақстан-Заман» газетiнiң бас редакторы; М.ТОҚАШБАЕВ, «Президент және халық» газетiнiң бас редакторы, ҚР Мәдениет қайраткерi;Е.БӘПИ, «Тасжарған» газетiнiң бас оқырманы; С.МҰХТАРБЕК, «Қазақстан» газетiнiң бас редакторы; А.САРЫМ, саясаттанушы; Д.ҚУАТ, «Абай.kz» ақпараттық порталының бас редакторы; А. СОЛДАТБАЙ «masa.kz» инетрнет газетінің шеф-редакторы Ө.ӘБДІХАЛЫҚ, «Абай.kz» ақпараттық порталының шеф-редакторы; Ш.ҚҰРАҚБАЙ, «Правда Казахстана» газеті қазақ редакциясы редакторы; Ж.ҚАЛЫБАЙ, «Жұлдыздар отбасы» журналының бас редакторы; Қ.ҚҰРМАНӘЛI, Ш.Қалдаяқов атындағы ән фестивалi дирекциясының директоры, «Шәмшi» журналының бас редакторы;А.ОСМАН, «Мемлекеттік тілге құрмет» бірлестігі төрайымы; К.ХАН, «КОРЕЙ достық орталығының» вице-президенті; Х.ҒАБЖАЛИЛОВ, «Алаш» тарихи-зерттеу орталығының президентi; М.ТАЙЖАН, Болатхан Тайжан атындағы қордың президентi, экономика ғылымдарының кандидаты; Д.БАБАМҰРАТОВ, «Болашақ» республикалық жастар қозғалысының лидерi; С.БАТЫРШАҰЛЫ, экономика ғылымдарының кандидаты, Астана қалалық «Мемлекеттiк тiл» республикалық қоғамдық қозғалысының төрағасы; М.БӨТЕЕВ, «Аллажар-қолдау» қоғамдық қорының төрағасы; С.СМАТАЕВ, жазушы, Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының лауреаты; М.МЫРЗАХМЕТОВ, Филология ғылымының докторы, профессор,«Бауыржантану» ғылыми-зерттеу орталығының директорыҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты; С.ҒАББАСОВ, жазушы, медицина және педагогика ғылымдарының докторы,КСРО денсаулық сақтау ісінің үздігі; С.ЕЛУБАЙ, жазушы, ПЕН-Клубының вице-президенті; А.ӘЛІМ, ақын, М.Мақатаев атындағы сыйлығының лауреаты; Ө.АЙТБАЕВ, Халықаралық Қазақ тілі қоғамының төрағасы, Ұлттық ғылым Академиясының академигі; Д.КӨШІМ,«Ұлт тағдыры» бірлестігі төрағасы; Қ.БIЛӘЛ, жазушы, ҚР Мәдениет қайраткерi; И.САПАРБАЙ, ақын, «Тарлан-Платина» сыйлығы лауреаты, «Ақ жол» партиясы ОК мүшесі; И.ИСАЕВ, ақын, «Ақ жол» партиясы ОК мүшесі; С.ТҰРҒЫНБЕКОВ, ақын, «Ақ жол» партиясы ОК мүшесі; Э.ТӨРЕХАНОВ, Алматы қалалық «Қазақ тiлi» қоғамының төрағасы; Ж.ӘКІМ, саясаттанушы, биология ғылымдарының кандидаты; Б.ЕРҒАЛИЕВА, Қазақстанның «Демократия және құқық» халықаралық тарихи-құқық орталығының төрайымы; Ә.ҚАЛАМБАЕВ, КСРО халық ағарту ісінің үздігі, Сарыағаш ауданының құрметті азаматы; Т.АЙТПАЙҰЛЫ, жазушы, «Жыл он екі ай» балалар журналының бас редакторы; М.АСПАНДИЯРОВА, «Азат» ЖСДП президиум мүшесі;Қ.ҒАБДОЛЛА, «Жұмадағы жүздесу» газетінің бас редакторы, Тіркелудегі «қазақ елі» қоғамдық қозғалысының ұйымдастыру тобының төрағасы; Ә.ҒАЛИ, саясаттанушы, тарих ғылымдарының докторы;Б.СӘДУҰЛЫ, «Желтоқсан ақиқаты» қоғамдық бiрлестiгiнiң төрағасы;М.АБАҒАН, «Кенесары хан» қоғамдық қоры төрағасы; Т.ІРГЕБАЕВ, «Қабанбай батыр» атындағы қордың төрағасы; К.ҚАПТАҒАЙ, «Халық дабылы» қозғалысының төрағасы;Б.МЕРГЕНБАЕВ, «Аманат» қоғамдық қорының төрағасы; С.СЕЙІТМАН, ақын, Халықаралық «Шабыт» фестивалінің 1-дәрежелі лауреаты; Ш.ӘБДІКӘРІМОВ, ақын, Қызылорда қалалық «Қоғам ТВ» телеарнасының төрағасы; Р.АЙЫПҰЛЫ, «Жебеу» республикалық қоғамдық бiрлестiгiнiң атқарушы директоры; С.САПАРҒАЛИ, «Жұмысшылармен мен жұмыссыздар» одағының төрағасы; Е.РАҚЫШЕВ, «Жас Ұлан» киностудиясының директоры; Ж.КЕНЕБАЙ, «Таным» пiкiрсайыс клубының жетекшiсi; Ө.АҚЖІГІТ, «Жас қазақ үні» газеті бөлім редакторы; Д.ЕЛДЕСОВ, «Жас қазақ үні» газеті бөлім редакторы; Г.ҚЫСТАУБАЕВ, ұлт патриоты;Ж.АШУҰЛЫ, Қазақстан саяси қуғын-сүргiнге ұшырағандар қауымдастығының төрағасы; Б.БӨТЕЕВ, «Алаш үні» қоғамдық бірлестігі төрағасы; Қ.ӘБЕН, «Аллажар» фильмінің авторы және қоюшы режисері; I.БАЙЖАНОВ, Шымкент қалалық «Тәуелсiздiктi қорғау» ХДҚ ұйымдастыру комитетiнiң төрағасы; Ж.ШЫМШЫҚОВ, экономика ғылымдарының кандидаты; Ө.КЕНЖЕБЕК, журналист, саяси шолушы; А.КӨШЕРБАЙ, публицият, «Еркін интернет үшін» қозғалысының мүшесі; С.КЕНЖЕБАЕВ, философия ғылымының докторы, профессор; М.АХМЕТОВА, зейнеткер, бұрынғы ҚазКСР Министрлер Кеңесі төрағасының орынбасары; Н.ҚАНАФИЯ, филология ғылымдарының кандидаты; М.КҮЛӘШБЕКҰЛЫ, зейнеткер,публицист; Н.ОШАНБЕКОВ, қоғам қайраткері; Ж.ДӘУЛЕТ, сазгер, ҚР Мәдениет қайраткерi; Б.ӘБIШ, жазушы, Ғ.Мүсiрепов атындағы сыйлықтың лауреаты; Б.ӘЛҚОЖА, ақын, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты; Е.КЕНЕХАН, ақын, Т.Айбергенов атындағы сыйлықтың лауреаты; О.ҚАСЫМ, ақын, Республикалық жыр-мүшәйраларының жүлдегері Қ.АШАНҰЛЫ, жеке кәсiпкер; Е.МҰҚАНҒАЛИЕВ, зейнеткер, өміртанушы; М.ИЛЯСОВА, әнші, ҚР еңбек сіңірген әртісі; Б.СӘМЕДИНОВА, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген әртісі; У.ӘБДІРАЙЫМОВ, «Шаншар» театрының директоры; З.КӨПБОСЫНҰЛЫ, әнші, композитор; Қ.БОЛМАНОВ, «Демеу» продюсерлер мен орындаушылар Одағының төрағасы; К.СҰЛТАН, әнші, «Серілер» тобының мүшесі; Ж.АБЗЕЛБЕКҚЫЗЫ, «Сағым» тобы... Ашық хатқа 138 адам қол қойды. Қол қою әлі де жалғасуда