Елбасы шешімі Шымкент үшін де, Түркістан облысы үшін де тиімді
2018 ж. 19 маусым
11129
0
Маусымның 20-сы көптен күткен игілікті бір істің шешімін тапқан күні болды. Қайсыбір шешім болмасын, неге бұлай болды, - деп болжай бастаймыз. Алдымен Шымкент қаласының тұрақты тұрғыны бір миллионнан асқан соң, Алматы, Астана секілденіп, өз алдына отау тігуіне қуанбаған қазақ болмаған шығар деген ойдамыз. Өсіп жатырмыз. Шымқала өзбетінше, Түркістан облысы өзбетінше дамымақ. Оған неге қуанбасқа.
Осы себеп жетер еді. Ары қарай қаузасақ, бұл шешімде еліміздің әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан даму үдерісін тигізер септігін айтамыз. Көршілес өзбек елі соңғы ширек ғасыр уақытында салыстырмалы түрде айтсақ, жабық мемлекет болды. Енді, жаңа басшылық, еркін даму саясатын ұстанып, нарықтық реформа жолына біржола көшкенде, ол елдің дамуына көршілес облыстың статусының көтерілуі өзекті болды.
Сондықтан, Елбасы шешімі Шымкент үшін де, Түркістан облысы үшін де тиімді болмақ.
Көрші елдің астанасы Ташкент өңірдегі алдымен үш миллиондық қала дәрежесіне жеткен қала. Бұл қала жақын жылдарда 5-6 миллион болатыны күтілуде. Осы орайда, кеш қалмай, қатар тұрған елдер Қытай, Ресей секілді жаңа үлкен нарық ретінде қолдауға тиіспіз. Кешеуілдетуге, қапы қалуға болмайды.
Ал Түркістанға Шығыс пен Батыстың ортасында алтын көпір болып, өзбетінше жедел дамуына мүмкіндік туып отыр. Енді солтүстік-батыс өңіріміз де дами түсетін болады.
Осылайша жедел дамып келе жатқан Өзбексан экономикасы, Түркістан, Қызылорда облыстарына, әрі қарай еліміздің батысындағы облыстардың да дамуына серпін береді.
Екі елдің арасында қазірдің өзінде 3 миллиард долларға жеткен өзара сату-сатып алу көлемі жақын бес жылда 1,7-2 есе өсуі мүмкін.
Түркістан қаласына басқару аппаратының біразы көшіп баруы мүмкін. Мұны шығын санамауға тиіспіз. Оның есесіне Түркістанға жаңа инвестиция келеді, мемлекеттік сатып-алу мен тапсырыс жүзеге асады. Бұл, сөз жоқ, облыс қаржысын молайтуға қызмет етеді. Коммуникация жетіледі, жаңа жолдар, үйлер мен қызмет етуші ғимараттар салынады, жергілікті бизнес пен сауда дамиды, туризм өркендейді.
Сонымен, құтты болсын миллионер қала Шымкенттің жаңа мәртебесі, құтты болсын Түркістан облысының статусы.
Құттықтай отырып, пенде ретінде облыс орталығының Түркістанға көшірілуі жайындағы шешімнің әрқайсысында 350 мыңнан тұрғыны бар Мақтаралдықтар мен Сарыағаштықтарға онша оңтайлы келмей тұрғанын айтқым келеді. Мақтарал бұрын да облыс орталығынан 200 шақырымдай шалғайда орналасқандықтан әлеуметтік жағдайы басқа аудандардан біршама төмен болып келген еді. Енді екі аудан да жаңа орталықтан 400 шақырымдай болса, яғни қатынау қызметі 2 есеге өсетін болады. Негізгі қызметі жерді игеру болып табылатын Мақтаралдың шаруалары ауа райына, қырғыз жерінен Тәжікстанға, одан өзбек елі арқылы бізге жететін сумен қамтамасыз етуге байланып қалған ауданымыздың еңбекқор халқына бұл қымбатқа түскелі тұр.
Облыс басшысы таяудағы бір мәліметінде екі ауданда – Мақтарал мен Сарыағашта халық саны 700 мың шамасында екенін айтты. Тіркелмеген, есепте жоқтары тағы бар. Бұл екеуі төрт аудан болып қайта құрылуы жөнінде шешім шықты. Осыларға Қазығұрт пен Шардара аудандарын қоса айтсақ – 1 миллион халыққа жақындайды. Осы алты аудан бір облыс болып, орталығы Сарыағаш қаласы болса, ұтарымыз көп болар еді. Бұл аудандардың экономикасы дербес жағдайда да кейін қалмайтынына сенуге болады. Ұсынып отырғанымызға Төлеби ауданын қоссақ та артық емес.
Қазақстанда халық саны 1 миллионға жетпейтін 9 облыс бар, тек Оңтүстік Қазақстан, Қарағанды, Шығыс Қазақстан, Алматы, Қостанай облыстары ғана миллионнан асық немесе жетуге жақын. Демек, шекарада тұрған, халқы еңбекқор, саудаға бейім, қызмет көрсету саласы дамыған өңір өздігінен жаңа облыс болуға сұранып тұр. Сарыағаш қаласының өзінің халқының санын бес жылда 500 мыңға жеткізуге болады. Қазір шешілмей, бір қалып қойса тағы 5-6 жылға шегеріліп кетеді. Облыстар мен аудандардың құрылымын қайта-қайта өзгерте беру де қисынсыз.
Біздің ұсынысымыз қалаланудың әлемдік үрдісінің бағытына да сай келеді: Қытайда жыл сайын халық саны 1 миллионға жететін жаңа қала пайда болады, Чили елінде халықтың 50 пайызы Сантьяго де Чили аталатын астанасында шоғырланған, яғни урбандану бүкіл әлемді, оның үстіне Қазақстанды да қамтып барады. Әлемде болашаққа бағдарланған озық елдерде халықтың 70 пайызы қалаларда тұрады. Статистикалық мәліметтерге сүйенсек, өңірдегі халық санының артуына басқа мысалдарды қоспағанда, тек Сарыағаш және Мақтарал аудандарында жыл сайын 80 мың сәби дүниеге келетіні көңілге қуаныш ұялатады. Халқы тығыз оңтүстік аймақтағы тұрғындар Сарыағаш, Жетісай, Шардара, Қазығұрт, Төлеби сияқты қалаларда 70-100 мың болып шоғырлануы тиіс, сол кезде бұл қалаларда үлкенді-кішілі өндіріс ошақтары құрылып, кәсіпкерліктің өндіруші, сауда-саттық, қызмет көрсетуші түрлері жандана түсетін болады. Астанамызды 200 мыңнан бес есе өсіріп, миллиондық қала еткен Елбасының жүректілік тәжірибесі осы орайда үлгі болуға тиіс.
Сарыағаш қаласы облыс орталығы болуға жан-жақты лайық. Шекара бойында орналасқан, соның есебінен Сарыағаш пен Жетісай қалаларын арнаулы экономикалық аймақ етуге болады. Сарыағаштың жан-жағы кең, темір жол бар, барлық аудандармен жол қатынасы жақсы, кезінде Ислам Каримов аэропорт саламын деп сұраған жер ұшақ порты болуға дайын. Өзбекстанмен қарым-қатынас жақсарғалы өңірдің дамуы өзгеше қарқын алуда. Тек қана Сарыағаштан екі бағытта - Мақтаралға баратын, Елбасының сыйы деп қабылдаған Тәуелсіздік көпіріне қатарластырып және Шардараға қарай темір жол салынса (оларды концессиялық жолмен жасауға да болады), бұл миллион халқы бар өңірге пайдалы бір іс болар еді.
Осы ұсынысымыз жергілікті тұрғындардан, аты аталған аудандардан шыққан зиялылар мен кәсіпкер азаматтардан қолдау табатынына сенімдіміз.
Мырзагелді Кемел,
Экономика ғылымының докторы, профессор