Шекараны заңсыз кесіп өткен қандас: "Мені ол жақта өлім күтіп тұрған еді..."
2018 ж. 19 маусым
5043
0
Қытайдан балалары үшін шекара бұзып, елге жасырын келген Сайрагүл Сауытбайдың тергеуі Талдықорған қаласында жүргізіліп жатыр, - деп хабарлайды abai.kz.
Биылғы жылдың сәуір айының ортасында "Мені ол жақта өлім күтіп тұрған еді... о жақта да бір өлім, бұ жақта да бір өлім екен, ендеше құлындарыма жетіп бір-ақ жығылайын, балапандарымды бір иіскеп, Қазақстанда өлсем арманым жоқ..." деп шекараны бұзып өткен батыр ананы мамырдың 22-сі кешке 21.00-21.30-дар шамасында шекара қызметкерлері, Балпық би ауылындағы үйінде отырған жерінен ұстап әкеткен.
Бұл туралы Сайрагүлдің қайнысы Нұрболат Асан хабарлаған болатын.
Содан кейін Жаркенттің уақытша тергеу изоляторында қамауда болғанда тілшіміз қоғам белсенділерімен бірге арнайы барып, Сайрагүлдің қал-жайын біліп қайтқан-ды. Бір-екі апта бұрын Сайрагүл Талдықорғандағы уақытша қамау изоляторына ауыстырылды.
Бүгін Сайрагүлдің жайын тағы қаузамақ болып бір топ белсенді Талдықорған қаласында жүр. Олардың арасындағы тілшіміз бізге төмендегі жағдайларды хабарлады.
"Бүгінгі тергеу процесіне адвокат Абзал Құспан қатысып шықты.
Абзал Құспан, адвокат:
- Сайрагүлдің жағдайы жаман дей алмаймын. Сайрагүлмен бірге Дина Искакова деген журналист отыр екен. Сол кісі арқылы бұқаралық ақпарат құралдарында жарияланып жатқан мақалалармен танысыпты. "Бәрін біліп отырмын. Менің тағдырыма алаңдаған елге, халыққа ризашылығымды білдіремін" деді. Сонан соң, Сайрагүлді бір ғана сұрақ мазалайтынын айтты. "Қазақстанда қала аламын ба?, жоқ па?". Біз алдағы уақытта осы сұраққа жауап беру үшін ізденетін боламыз. Сайрагүлдің ҚР Қылмыстық Кодексінің 368 бабының 1 бөлімін (Қазақстан шекарасын заңсыз кесіп өту) бұзғаны рас. Қылмыс жасаудың мативі деген нәрсе бар. Пайдакүнемдік мақсатында ма, жоқ басқа да себебі бар ма, сол заң шеңберінде қаралуы керек. Тергеушілер Сайрагүлдің отбасы үшін шекара бұзып өткенін баса назарда ұстап отыр. Тергеу құпиялығын жарияламау туралы қолхат бергенмін. Сондықтан мұнан өзге ештеңе айта алмаймын. Қазақстанның түрмесі Қытайдың түрмесі емес қой. Бүгін, ертең балаларымен кездесе алады. Осының өзі - үлкен қуаныш.