КӨРІНГЕН УНИВЕРСИТЕТТЕ МЕДИЦИНА ФАКУЛЬТЕТІН АШУҒА МҰҚТАЖБЫЗ БА?
2018 ж. 04 маусым
2140
0
Бейінді емес университеттерде медициналық факультеттердің ашылуы дәрігерлерді даярлаудың құнын түсіріп, қадірін кетіреді – бұл туралы Дания Еспаева Денсаулық сақтау министрлігі мен Білім және ғылым министрлігінің атына жолдаған фракцияның депутаттық сауалында мәлімдеді.
Сөз сөйлеудің басында ол «Ақ жол» партиясының 2016 жылғы 7-қыркүйектегі депутаттық сауалынан кейін «педиатрия» мамандығын қалпына келтіргені үшін алғыс білдірді. Алайда, депутат атап өткендей, енді министрлік медицина кадрларын даярлау мәселесінде басқа бір тығырыққа тірелді. Мәселе мынада, мамандандырылған жоғары оқу орындарының дәрігерлерді даярлауымен қатар қарапайым кәдімгі жоғары оқу орындарында жоғары медициналық қызметкерлерді оқытуға рұқсат берілгенінде. Медицина факультетін ашуға Ш. Уәлиханов атындағы Көкшетау педагогикалық университеті рұқсат алған, Қызылорда қаласындағы «Болашақ» жеке меншік университетінің, Петропавл педагогикалық университетінің, Каспий қоғамдық университетінің өтінімдері – қазіргі уақытта қаралуға жіберілген. Біздің өзге де университеттеріміз медициналық факультеттер ашуға ниетті. «Ақ жол» мұндай өзгерістер дәрігерлерді оқытудың сапасын төмендетуге ғана жағдай жасайды деп санайды. «Бұл мұндай күмәнді эксперименттерге жол беретін сала емес – жіберілген бір қателік тым қымбатқа түседі», – деп Еспаева халықаралық тәжірибеден мысал келтірді. Ең ірі университеттерде медициналық факультеттер бар. Бірақ олар бірнеше ғасыр бұрын пайда болған және ресми түрде ғана факультеттер деп аталғанымен – шын мәнінде олар үлкен медициналық орталықтар. Бұл медицина жоғары деңгейде қарыштап дамыған Германияға қатысты – оларда университеттердің медициналық факультеттерінің құрамында институттар мен емханалар және зерттеу орталықтары да бар. Вена Медициналық Университеті – Австрияның ең ірі медициналық білім беру ордасы алғаш рет Вена университетінің бір фаультеті ретінде ғана 1365 жылы құрылған еді, ал 2004 жылдан бастап өз алдына тәуелсіз медициналық оқу орнына айналды. Инсбрук және Грац қалаларының ең танымал медициналық университеттері де 17 және 19-шы ғасырларда факультеттер ретінде құрылған, бірақ 2000-ы жылдары жеке жоғары оқу орындарына бөлінген. Линцтегі медициналық факультет 2014 жылы жеке университет болып бөлініп шығып, Австриядағы «Медициналық алқаптың» құрылуына негіз болды. Бұл халықаралық тәжірибеде факультеттердің бөлек медициналық жоғары оқу орындарына бөліну беталысы бар деген сөз. «Бізде тіпті мамандандырылған медициналық оқу орындарында дәрігерлерді дайындау сапасы әрқашан күткен нәтижеге сай келмейді. Әдетте, медициналық жоғары оқу орындары ведомстволық болып саналады, яғни денсаулық сақтау министрлігінің қамқорлығында. Оларда тәжірибе базасымен, оқытушылар-клиницистермен ешқандай проблемалар жоқ. Олай болса қалайша жалпы білім беретін университеттердегі медициналық факультеттердің керек-жарақтары, олардың денсаулық сақтау жүйесіне бірігуі көптеген қосымша сұрақтарды туғызады», – делінген сауалда. Депутат өткен жылдың наурыз айынан бастап Денсаулық сақтау министрлігі «Медициналық білім мен ғылымды жаңғырту» жобасын іске асыруды бастады, оның шеңберінде талапкерлерді іріктеудің жаңа тәсілдерін енгізу, медициналық колледждер негізінде университет клиникаларын құру және оқытушылық-профессорлық құрамның әлеуетін дамыту жоспарланып отырғанын еске салды. «Сондықтан да, бейінді емес ЖОО-да медициналық факультеттер ашу медициналық білімді жаңғыртудың жария етілген мақсаттарына қайшы келеді», – деп мәлімдеді халық қалаулысы. Сондай-ақ, Еспаева жоғары білікті медициналық кадрларды даярлаудың өзінің бір ерекшеліктері бар екенін атап өтті. Болон бағдарламасына сәйкес ол үш сатылы үлгіде жүзеге асырылады, ал клиникалық бағытта бакалавриат – интернатура – резидентура қарастырылған. Бұл дегеніміз, бакалавр дипломы клиникалық тәжірибеге рұқсат бермейді деген сөз. Осыған орай, «Ақ жол» депутаттары келесідей сауалдарымен министрлерге жүгінді: 1. Қарапайым ЖОО-да медицина факультетін ашу туралы шешім қандай негізге сүйенген? 2. Бұл факультеттердің академиялық клиникаларды құру жөніндегі бағдарламамен басын қосу қандай жолмен жоспарлануда, бұл үшін қаржылық және ұйымдастырушылық мүмкіндіктер бар ма, соның ішінде – толыққанды дәрігерлерді оқытып шығу үшін интернатура ашу мүмкіндігі бар ма? 3. Медициналық кадрларды даярлауда әртүрлі тәсілдердің болуы емделушілердің зардап шегуіне әкеліп соғатын дәрігерлердің біліктілік деңгейінде айтарлықтай айырмашылықтың болуын тудырмайды ма? «Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру бойынша жұмыстарды жалғастыруда. «Ақ жол» ҚДП баспасөз қызметі