БІЗДІҢ ЗАҢНАМАЛАРДА «БІЛІНБЕЙ ЕНІП КЕТЕТІН» БАПТАР НЕГЕ КӨП?
2018 ж. 04 маусым
2094
2
Өткен жылы БАҚ туралы заңнамаға «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне ақпарат және коммуникациялар мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» заң қабылданғаны белгілі. Жоба жұртшылық назарына ұсынылып, біраз талқыланғандай да болған. Тіпті министр Д. Абаевтың өзі өзгертулерге әлденеше түсіндірме де берген болатын.
Талқылау барысында бірқатар белгілі журналистер ондағы кейбір баптардың сөз еркіндігін шектеп, журналистер қызметіне кедергі келтіретінін айтқан-ды. Бірақ сол айтылған пікірлер ескерусіз қалды. Заңды әзірлеген жұмыс тобы мүшесі Тамара Қалееваның өзі «реакциялық ұсыныстар» заң жобасын талқылағанда болмаған, аяқ астынан «білінбей еніп кетті» деп таңданады. Ал, министр Дәурен Абаев заң жобасы керісінше, «БАҚ сапасын арттырады, тілшілердің ақпарат алу мүмкіндіктерін ұлғайтады» деп сендірді. Алайда бұл өзгертулерге қатысты тәуелсіз журналистер және халықаралық ұйымдардың пікірі мен ресми үкімет өкілдерінің ойы бір жерден шықпайтыны о бастан байқалған-ды.
ЮНЕСКО ұйымының Қазақстандағы бюросының жетекшісі Тарья Виртанан ханымның айтуынша, БҰҰ-ның адам құқығы жөніндегі жоғары комиссары Қазақстанға арнайы сапармен келіп, осындағы адам құқығы және сөз бостандығы жағдайымен танысып қайтқан соң, өзінің бағалауында Қазақстанның қазіргі қолданыстағы БАҚ туралы заңы халықаралық нормалар мен талаптарға сай еместігі, заңда ақпарат құралдары үшін көптеген шектеулер мен олқылықтардың бар екендігін айтқан. Сол сияқты Халықаралық «Freedom House» ұйымы Қазақстанды әлем елдеріндегі адам құқығы мен сөз бостандығының шектелген тізіміне енгізген.
Халықаралық ұйымның хаттамасына қарасақ, әлгі құжатта «саяси құқық» өлшемі бойынша Қазақстан 6 баллға ие болып отыр. Хаттаманың реттік тізіміне сәйкес шектік 7 балл адам еркіндігінің, сөз бостандығының ең төменгі көрсеткіші болып саналады. Ал демократиялық еркіндіктің ең жоғарғы көрсеткішініне 1 балл алған мемлекеттер кіреді екен. «Азаматтар бостандығы» өлшемі бойынша еліміз 5 балл еншілеген. Сөйтіп, Қазақстан БАҚ және интернеттегі сөз бостандығы шектелген елдер сапына сырғыған.Осы мәселе бойынша БҰҰ-ның Даму Бағдарламасының Қазақстандағы тұрақты өкілінің орынбасары Стелиана Недера ханым «Әлемнің кез-келген мемлекетіндегі азаматтық қоғамның қаншалықты деңгейде дамығандығын сол елдегі баспасөз еркіндігінің жағдайы көрсетеді» деген пікірді алдыға тартады.
Бір айтарлығы, «gotoroad.ru» ақпараттық порталының жыл сайын дайындалатын бәсекеге қабілетті елдердің тізімінде Қазақстан 2015 жылы 140 елдің ішінде 42-орынға көтерілген болатын. Бұдан соң «отыздыққа» енуді мақсат еттік. Алайда, біздің ел 2016 жылы бірден 11-сатыға түсіп, 53-орынға, 2017 жылы 72-орынға сырғыды.Еске сала кетсек, «gotoroad.ru» ақпараттық парталы бұл тізімді әрбір елдің экономика, білім беру жүйесі, медицина, сөз бостандығы, жеке қауіпсіздік және әлеуметтік капитал салаларының орташа көрсеткішін ескере отырып дайындайды. Бұл көрсеткіштер бойынша Қазақстан денсаулық, білім беру саласы, жеке қауіпсіздік, әлеуметтік жағынан біршама жоғары орынға ие болғанмен, сөз бостандығы жағынан қалыс қалуда деп есептеген. Сөз бостандығы бойынша біз 68 орында тұрсақ, көрші Монголия мемлекеті экономикалық жағынан баллы бізден төмен болғанымен, сөз бостандығы бойынша бізден әлде қайда жоғары орналасқан. Осы ретте жоғарыда айтып кеткен Недера ханымның сөзімен келісуге тура келеді. Еліміздің жалпы көрсеткішіне әсері болған соң сөз бостандығын қолға алмасақ, жақын жылдары үздік 30 елдің қатарына кіруіміз күмән тудырады.
21 ғасыр ақпараттың заманы. Жеке тұлғалардың мүддесі мен құқығы ақпарат алуға деген еркіндіктен басталады. Құқық, теңдік, еркіндік, бостандық ұғымдарының өзара сабақтастығы демократиялық қоғамның негізін құрайды. Аристотельдің сөзі бойынша «Демократиялық құрылыстың негізгі бастамасы – бостандық...» Әрине оның ішіне сөз бостандығы да кіреді. Адам және азаматтардың заңмен тыйым салынбаған қызметтер үшін ақпараттарды пайдалану құқығының мәні қоғамның рухани жаңаруы, құқықтық-әлеуметтік мемлекеттің құрылуы, демократияның қанат жаюымен сипатталады.
Жоғарғыда айтып кеткеніміздей, адамдардың ақпарат алуы – заңды сұраныс. Сол сұранысқа жауап беруші БАҚ өкілдері болса, қазіргі кезде біздің журналистер заң шеңберінен аса алмай, дер кезінде керекті ақпаратты халыққа шұғыл жеткізуде бірқатар қиындықтарға тап болуда. Мәселен, БАҚ туралы заңның 18-бабының 1-тармағына «Сұрауға жауап күнтізбелік он бес күн ішінде беріледі. Қарау үшін өзге субьектілерден, лауазымды адамдардан ақпарат алу не жергілікті жерге барып тексеру талап етілетін бұқаралық ақпарат құралының сұрау салуы осы Заңда белгіленген тәртіппен тіркелген күнінен бастап бір айдан аспайтын мерзімде қаралады» делінген. Яғни елімізде қандайда бір мәселе туындаған жағдайда, журналист лауазымды тұлғаның жауабын бір ай мерзім аралығында ала алады. Ақпарат құндылығы ұшқырлықта болса, өкінішке орай өзгертуден соң заңнама бұл талапқа жауап бере алмайды.
Дәурен Абаев Esquire Қазақстан журналына берген сұхбатында: «Жұрттың ойына біз ұсынған ақпаратты тексеру туралы міндеттілік орала береді. Бір жағынан ақпаратты тексеру - құқық емес, кез-келген журналистің міндеті, әйтсе де дәл осы түзетуді халық ауыр қабылдайтын секілді. Дегенмен, бүкіл әлемде солай, журналист жазбасы деген де болады, жаңалықты естіді ме, журналист баспасөз хатшысына немесе басқа да құзіретті тұлғаларға кемінде екі-үш мәрте қоңырау шалып, оқиға орнына баруы керек. Факт-чекинг, яғни, қоңырау соғып мәліметтерді нақтылауы тиіс. Егер кәсіби журналист өзінің беретін ақпаратына мұқият болып, оны тексеріп, оқырман үшін оған өзінің «тұздығын» қоса қызықтырып, ұсынатын болса, әрине бұндай ақпарат жоғары бағаланады» – деген еді. (Baq.kz)
Бір жағынан жаналықтың сапалы әрі нақты болуы үшін бұл шешім дұрыс шығар. Бірақ сандық технология дамыған заманда, тың ақпарат дайындалып біткенше, оқиға куәгері оны желіге салып жібереді. Осы ретте деректер бұрмаланып, халыққа кейде жалған ақпараттар кетіп жатады. Ал, халық БАҚ өкілдерінен ақиқатқа негізделген жаңалық күтеді. Жаңалық мерзімінен кешіккен жағдайда халықтың ақпарат құралдарына деген сенімі мен ынтасы төмендейді. Бұл жерде министр айтқандай бұқара тарапынан берілетін «жоғары баға» туралы армандамасақ та болады.
Бұл мәселеге де, министр мырза «Шындығында, журналистердің тексерместен, нақтыланбаған ақпаратты алатыны туралы фактілер бар. Әсіресе әлеуметтік желінің қатардағы қарапайым пайдаланушыларынан тексерілмеген ақпарат алып, оны өздерінің ресурстарында жариялайды. Кейде кейбір БАҚ журналистері ақпараттың нақтылығын тексеруге еш мән бермейтін болғандай көрінеді. Бұл әсіресе аудитория тарту, берілетін ақпаратты коммерцияландыру үшін жасалатын секілді. Әрине, жалпылама алғанда бұндай қадамға қарсы емеспін, бүкіл әлемдегі бизнестің сипаты осы, алайда әр нәрсенің өз шегі бар. Біз ақпарат тұтынушылардың – қарапайым азаматтардың мүддесіне жұмыс істеуге тиіспіз» – дейді.
Қазіргі кезде әлеуметтік желілердегі жарияланған жаңалыққа да жауапкершілік жүктелгені белгілі. Осы кезде халықтың ақпарат астына өз пікірін білдіруде де сақ болғаны жөн.Министр жобада қарапайым азаматтардың ақпарат саласындағы құқықтарын қамтамасыз ететін бірқатар нормалар ұсынылып отырғанын атап өтті. Солардың бірі тұлға мен редакция арасындағы дәлелсіз ақпаратқа қатысты дау-дамайды сотқа дейін шешу тәртібіне қатысты.
Бұл ретте, ақпараттық порталдарға пікіріңізді қалдыру үшін, бұрын аноним ретінде пікір білдірсеңіз, қазір тіркелу міндеттелінгенін ескерту керек. Бұл шара бойынша, ҚР АКМ басшысы «Пікір қалдыру барысында ұлтаралық араздықты қоздырудың көптеген фактілері, келеңсіздіктер, азаматтарды кемсітушілік сияқты жайттар орын алып жатады. Біз ақпараттық порталдар пікірді кімдер қалдыратынын білу үшін қадағалау мүмкіндігін енгізуді жоспарлаудамыз. Біз лақап ат пайдалану құқығын қалай болғанда да алып тастамаймыз. Бұл жерде ешқандай проблема жоқ», – деп түсіндірді.
Алайда, сіздің пікіріңіз біреудің қитығына тисе, заң бұзушылыққа балап, сізді IP арқылы табу қиындыққа соқтырмайды. Ендігі кезекте, ұялы байланыс абоненттері телефон құрылғысын 2018 жылдың аяғына дейін өз атына тіркеуі қажет. Бұл дегеніміз желі қолданушысын онай табуға көмектеседі.
Әрине, 21-бапта «адамның немесе оның заңды өкілінің бұқаралық ақпарат құралында жеке басының, отбасылық, дәрігерлік, банктік, коммерциялық және заңмен қорғалатын өзге құпияны таратуға келісімін алуға» міндеттеу қарастырылғаны құптайтын іс. Себебі, сіздің жеке құқықтарыңыз тапталмайды. Бірақ пікір қалдырушының да жеке ойы барын есте ұстау керек. Ол адамның жеке құқығы. Қазақтың сын түзелмей, мін түзелмейді деген сөзі бұл ретте қиындыққа ұшырауы мүмкін. Оған қоса «коммерциялық құпия» деген желеумен ақпарат беруден тартынатындар да толып жатыр. Демек журналист ондай адамдардан мүлдем ақпарат ала алмайды деген сөз. Сондықтан, құпияның да құпиясы болатынын заңда алдымен ескеру қажет, ара жігін ашып алу қажет.
Осы жерде мынадай сұрақтар туындайды: егер мәселе пікір білдірушінің ішкі тәртібіне ғана қатысты болса, сайт әкімшілігі жаңағыдай пікірлерді шектеп, сүзгіден өткізсе болды емес пе? Желідегі пікірі үшін жауапкершілікке тартылатынын естігендер өз пікірін ашық білдіруге жасқанып қалмай ма? Екіншіден, пікір білдірушілер сайтқа тіркеліп отырмайды. Бастарын қатырмай, қолдарын бірақ сілтейді. Одан кейін ойларын ашық айтуға қорқады. Бұл – нағыз сөз бостандығын шектеу.
Осыдан біраз уақыт бұрын желіде пікір жазамын деп ұсталған адамды білеміз. Мәселен, журналист даулы мақала жариялап, бір адам оны қолдап пікір жазды делік. Сонды пікір қалдырған адамда да жауапкершілік пайда болады деген сөз.
Бұл өзгерістер сайттың жұмысын бағалауға, оның оқылымына зиянын тигізеді. Сондықтан бұл қате шешім болды, – дейді заңгер Абзал Құспан. Шындықтың бетіне тура қарасақ, бұл заңнамаға халық үреймен қарайтыны рас. Әлеуметтік желіде «сізді сотқа беремін» не «өз ойыңызға сақ болыңыз, сізді тексеріп жүрмесін» деген пікірлерді көз шалады.Бір жағынан енгізілген заң халықты бірін бірі сыйлауға орынсыз пікір қалдырмай, былай айтқанда өзін-өзі тәрбиелеуге үйретсе, екінші жағынан «білем деген көп сөз, білмеймін деген бір сөз» деген пікірді ұстануға әкеп соқтыруы мүмкін.
Осы мәселе бойынша тәуелсіз журналист Ермұрат Бапи: «Әлеуметтік желідегі белсенділіктің күннен-күнге артып бара жатуы қоғамдағы шектеуге байланысты. Мәселен, азаматтардың саяси ерік-жігері мен белсенділігі шектелгендіктен дінге бетбұрушылық асқынып барады. Олар өздерінің азаматтық энергиясын, саяси арын-амбицияларын ашық алаңда, заңды саяси тартыста жүзеге асыра алмағандықтан, басқа әлеуметтік топтарға, діни ағымдарға бет бұруда.
Әлеуметтік желілер де осындай ой-пікір алаңына айналып бара жатыр. Бұл – заңды құбылыс. Бірақ ол мүмкіндіктің өзіне де шек қоюға тырысып жатыр. Бұл азаматтық қоғамды, елдегі демократияны дамытуға, азаматтардың саяси белсенділігін дамытуға кедергі келтіретін жағдай. Егер жалпы қарайтын болсақ, бұл шектеу – қазақстандық азаматтық қоғамның тамырына балта шабу деп түсіну керек» – деп тұжырымдайды.
Негізінде, егер адамның құқығын шектеу толассыз қойыла беретін болса, бұл өз кезегінде қоғамның үлкен толқынысына әкелері сөзсіз. Психологиялық тұрғыдан қарасақ та, тұлға ұзақ уақыт өз пікірімен бөліспесе, ақпаратты алып, бірақ оның қолдану аясы тарылса, адам уақыт өте келе өз ойын дұрыс жеткізуден не өз пікірінің керектігін сезінуден қалады, не болмаса күйзеліске түседі. Егер қоғам тірі ағза болса, оның мүшелері өз пікірінің маңыздылығын сезінбесе тоқырауға ұшырайды. Ондай қоғам соңында жақсы мен жаманды айырудан, алға қарай дамудан да қалады. Ал біз дамыған демократиялық мемлекет құрып жатырмыз, 30 үздік елдің қатарына кіруге талпынудамыз. Ол үшін өзіміз өмір сүретін заңымыз да соған сай болуы керек. Адам құқығын шектейтін, қоғамның басым бөлігін құрайтын қарапайым адамдардың мүддесін қарастырмаған заңды «білдіртпей» өткізіп жібергеннен ешкім ұтпайды. Керісінше мемлекет те, қоғам мүшелері де ұтылады.
Әмина ӘЛМАХАН
qazaquni.kz