АДАМ ТҮЗЕЛМЕЙ ЗАМАН ОҢАЛМАЙДЫ
2018 ж. 08 маусым
4137
2
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев халыққа арнаған кейінгі Жолдауында: «Біз жаңа заманға сай болу үшін Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы тарихи өрлеу бастауында тұрған біртұтас ұлт болуымыз керек» дегені мәлім. Сөйтіп ел алдына бірнеше нақты міндет қойды. Олардың бәрі де маңызды. Ал менің көңіліме мейлінше қонғаны «Адами капитал – жаңғыру негізі», сондай-ақ «Жемқорлықпен күрес және заңның үстемдігі» деп аталатын жетінші және тоғызыншы міндеттер еді.
Өз ойымша, бұлар бір-біріне өте байланысты қағидалар.
Ең өкініштісі, мемлекет тәуелсіздігі жарияланғалы ширек ғасыр уақыт өтсе де, әлі күнге дейін жаңа өмірдің заңдылықтарын әлі де қабылдай алмай жүргендер көп. Осынау уақыт аралығында адам танымастай өзгерген дүниені жатырқаған ағайын қашанға енді қашанға дейін адасар екен деп те шүбәленесің. Оның үстіне құндылықтар орнының алмасуы да талайды сансыратып жіберді. Анда-санда бас қосып, қонаққа барып қалғандай сәттеріңде мағыналы әңгіме айтатын ешкімнің табылмайтыны таңырқатады. Сен өзің бірдеңе дегің келсе де, сөзіңе құлақ асатын адам некен-саяқ. Мұндайда өз-өзіңнен секем алып, біртүрлі, шошына да бастайды екенсің. Өткенде: «Ой, тегің бар боғырлар-ой, қазақтың ішінде жүріп қазақты аңсайтын болдық-ау!» деп қалғанымды өзім де аңдамаппын. Елбасы айтқан «Адами капитал – жаңғыру негізі» мәселе осындайда еске түседі.
Иә, жабырқататын жәйттер баршылық. «Отқа айдасаң боққа қашады» дегендей, төңіректегі кей інішекке істің жөнін айтсаң қыңырая қарайды. Тетігін тауып, ұқсата білсең байлық аяқ астында жатыр. Малыңды өсір, егініңді ек, көкөнісіңді сал. Халықпен аралас. Жақсылап саудаңды жаса.
Жоқ, бұлар көбінесе бірін-бірі аңдумен, бірін-бірі мұқатумен өмірлері өтіп жатады. Соған мәз...
Әлі де бас салып, бәрін жазғыра жөнелуге даяр отырамыз. Кемшілік жоқ емес шығар. Бірақ ел игілігі жолында қабылданып жатқан керемет заңдар бар. Соны пайдаланып, мемлекет іргесін нығайтуға, жеке жағдайымызды түзеуге жетесіздік танытып жүрген тағы өзіміз. Бір-бірімізді күндеп, бір-бірімізді етектен тартуды қояр емеспіз. Әйтпесе, мемлекет тарапынан небір қамқорлық жасалып келеді. Мысалы, осыдан талай жыл бұрын жаңадан шағын және орта кәсіп ашқың келсе үш миллион теңге көлемінде қайтарымсыз қаражат бөлетін заң шықты. Немесе жөндеу шеберханасын ашасыз ба – онда да үш миллион теңге және дайын тұр. Егер бұл қаржы жетпейді десең, алпыс миллион теңгеге дейін несие алуға мүмкіндік жасалды. «Сыбаға» дегенді беруге кірісті. Қанша миллион алсаң да қолыңнан қақпайды. Үстемесі алты-ақ пайыз. Екі жыл каникул дегені бар. Бұл уақыт арасында ақша төлемейсің деген сөз. Міне, осыған сиыр сатып ал, қой ал. Керемет көмек емес пе...
Әрине, қолдағы дүниені орнымен іске асыру ақылға байланысты. Жоқ, тек жылайды да отырады. Бізге түк көмегі жоқ, далада қалдық деп. Ең бір жаман әдет. Енжарлықтан. Жалқаулықтан. Ой ойламағандықтан. Әйтпесе, шығып жатқан заңдарды орынмен, уақытысында пайдалана білсең қыруар шаруа игерілмей ме...
Содан бері қаншама уақыт өтті. Құдай-ау, қайсымен сөйлессең де, әлгіндей Қаулының шыққанын қатардағы жұртты былай қойып, араласып жүрген кейбір ірі шенеуніктердің, білікті кәсіпкерлердің өздері білмейді.
Сондайда «оу, қайда бара жатырмыз» осы деп аңтарыласың. Өкімет шығарған құжаттардан хабарсыз. Мемлекет басшысы айтқан сөзді естімеген. Тек бір-бірінің өсек-аяңымен өмір сүруге дағдыланған. Қауесетке малданады. Жақсы болсын, жаман болсын, елдің әлеуметтік мүддесіне жұмыс істейтін қаншама қаулы-қарар қабылданды. Саусақ қимылдатқысы келмейді. Қуатыны – бос сөз. «Анау ұрлады, мынау қымқырды».
Иә, ұрлап, жымқырып жатқаны да өтірік емес. Сары тоқым ұры мен жырынды қарақшы қай заманда да ескі дағдысын оңайлықпен тоқтата алмайды. Алайда күндердің күнінде оларға да бір түбегейлі тосқауыл қойылады. Зауал жетеді оларға да бір...
Отырғанда, жатқанда осындай жағдайларды ойлайсың да, ішің ауырады. «Неге осыншама сорладық екен?» деп. Қарап отырсаң, қазір мемлекет жап-жақсы дамып қалды. Дегенмен, кей адамдардың іштарлығынан, надандығынан кері кетіп отырған жағдайымыз да жасырын емес. Қаншалықты балағаттасақ та, халықтың тұрмыс-жағдайының оңалуы бәрібір мемлекетке байланысты. Мемлекетің мықты болмай қоғам мүшесінің бағы жанбайды. Айдарынан жел есіп, ұшпаққа шыға алмайды. Ендеше әр адам елінің іргесін нығайтуға ат салысуы керек. Сондықтан, кемшілікті алдымен өз бойымыздан іздесек, қателеспейтін шығармыз дейсің. Шенеуніктердің де бәрі бірдей ғажап болмағанымен, арасында ел қамын жеген ақылды азаматтар бар. Осыны да мойындаған дұрыс-ау.
Аудандағы шаруа қожалықтарының басын қосып, қауымдастық құруымыздың бір себебі – шаруашылықтың шегіншектеу, ақсау, тоқырау сырларын нақты ашып, істі ғылыми-теориялық бағытта сараптап, кәдімгі сырқатты емдеген дәрігердей, көбіне келеңсіз құбылыстармен күресу еді. Түсіндіру жұмыстарымен шұғылданасың.
Қарап отырсам, менің қатарым мен біздің ізбасарларымыздың буыны кешегі социализм уақытында қалыптасып, сарысүйек болып, сіресіп қалғандар екен. Сондықтан бұлар социализмнің құндылықтары мәңгілік жасай береді, барлық уақытта тек сол прициптермен жүру керек, одан ешқандай ауытқуға болмайды деген түйсіктен әлі ажырап болған жоқ. Және ылғи ескі өмірін аңсап, қайта-қайта соны дәріптеп, өздерінің қисық көзқарастарын дәлелдеуге ұмтылады. Сөйтіп шатасады.
Немесе бұлардың бірі бөлігі осы күні кез келген мәселені пара арқылы сатып алуға болады деп сенеді. «Бармақ басты, көз қыстыны» барлық қиындықты жеңудің төте жолы санайды. Мені күйзелтетін жәйттің де бірі осы – мемлекет қызметкерлерінің дені заң білмейді. Сол себепті, қолынан көп нәрсе келмейді. Қорқасоқтай қимылдайды. Дер кезінде мәселе шеше алмайды. Бірақ өзінің біліксіздігін бүркеп, кекіреюден танбайды. Одан соң бұған келіп отырған қарапайым адам: «Е-е, мынау менен бірдеме дәметіп отыр екен!» деп ойламай қайтсін. Ебін тауып, әлденесін беретіні содан. Шаруамды тезірек тындырсын деген дәмемен. Ал алып дәндей бастаған анау бұдан былай алдына келгеннің бәрінің қолына қарап, сұғанақтануды дағды қылады. Мұндайда батыл! Жең ұшынан қол шығарады. Міне, кейінде етек алған жиіркенішті «процестің» тағы бір түрі – осындай. Елбасы Жолдауында айтылатын жемқорлық мәселесі осындайдан туындамақшы.
Кейбір бақылау органдарының мұндай бассыздыққа бой үйреткені сонша, мұңы мен мұқтаждығы басым дәрменсіз елді одан сайын сүмірейтіп, ашса алақанында, жұмса жұдырығында ұстаудың жеңіл «жолын» тапқан. Бұлардың белгілі өтінішпен алдына келген жұртты саты-саты бойынша бір-біріне сілтеп, өзара селбесіп, ауыз жаласып алып, пайда табуға кіріскеніне де талай өтті. Сөйтіп, аңқау елді тападай тал түсте тонауды «заңдастырып» отыр.
Ертеректе біздің де күнделікті тірлігімізде мұндай кедергілер жиі ұшырасты. Бірақ саналы түрде ешкімге пара берген емеспіз. Мұндай бағытта соқыр тиын шығындамаймыз. Басқалардың да сөйтуін қалар едік.
Біз де нешеме жылдардан бері төңіректегі жетім-жесірге жебеуші болып, алғысқа бөленіп келеміз. Аудандағы көпшілік мәдени шараларға қаржылай жәрдемдесіп отыруды да ұмытпаймыз. Жалпы, елге жасап жүрген өзге де қайырымдылық істер баршылық. Ал пара беруге – жоқпыз.
Расында, тілемсек жемқорларға «сыбағасын» жып еткізсек, көп қиындық бір-ақ күнде шешілер еді. Ал мұндайға бармайтынымыз – мейлінге осындай тазалық, бірбеткейлік мінезбен мемлекетке жәрдемдесуге ұмтыламыз. Жебірлерге: «Мемлекет бар, оның заңдары жұмыс істейді!» дегенді дәлелдегіміз келеді.
Осындайда тағы да еріксіз ойға түседі, бұдан бірталай жыл бұрын салық жүйесі қызметкерлерімен соттасқан едік.
Ақыры, сол тартыс үш жылға созылды. Салық төлемедің деп бопсалап ақша алмақшы екен. Әңгімені – сен мемлекетке он бір миллион теңге берешексің дегеннен бастаған. Одан үш миллион деді. Төрт-бес күннен соң бес жүз мыңға түсті. Келе-келе үш жүз мыңға төмендеді. Бәрі жала, әрине. Ылғи мойынға жазады да қояды. Шындығында, жан баласына үш теңге де қарызымыз жоқ-тын. Бірден айттық:
– Үркітіп-қорқытып, пара алғың келетіні белгілі. Бірақ оныңнан ештеңе шықпайды. Әуреге түспей-ақ қойғаның жөн! – дедік.
Іс аяғы сотқа тірелді. Қызық болғанда, алғашқы сот та біздің сөзге құлақ асқысы келмеді. Қыңыр сөйлеп, бұра тартты. Неге өйтетіні түсінікті еді. О заманда жеңнен жалғасу деген бұл салада да жоқ емес-ті. Осы себепті облыстық сотқа жүгінуге тура келген. Олар да қисық сүйреуге тырысты. Аппеляциялық шағым түсіріп, жоғарырақ сатыдағы қазыларға тағы жүгінесің. Іс бірнеше рет қайта қаралды.
Міне, осындай үдерістердің бір кезеңінде өзінің ақ екенін, ал қарсылас жақтың небір былыққан сорақылықтарын жақсы білетіндіктен, індетіп, пәле жабушының өз сұмдықтарын аштық.
Одан соң адалын айту керек, қазіргі Қазақ еліндегі кәсіпкерлікті дамытуда үлкен кедергі жасап отырған монополиялық компаниялар екені де жасырын емес. Бұлар алдымен белгілі бір нысаннан пара алмай, бір де бір күрделі мәселе шешпейді.
Алғашқыда ондай құқайды біз де көрдік. Құдай-ау, түрлі желеумен жан-жақтағы шамды өшіріп тастап, бір айдай діңкелетті. Соттаспай қайтесің...
Әйтеуір, еліміз аман болса екен деп тілейсің. Азаматтар ақылдырақ болса...
Дербес мемлекетпіз. Үкімет кезең-кезеңімен қолайлы заңдар шығарып келеді. Бірақ, қайталап айтайық, көп жәйт сонау жаңғыруға бастайтын адами капиталға келіп тірелетінін байқаймыз.
Жасыратыны жоқ, әлгінде тоқталғанымыздай, кейде ата-бабамыздың «Жаным – арымның садағасы» дейтін баяғы намысқойлық қасиеті қайда кеткен деп ошарыласың. «Өзінде ой жоқ, басында ми жоқ ақылсыз, кердең, наданның» деп дана Абай айтқандай, рухани кері кетушілік күйіндіреді.
Алла жаратқанда Қазақты екінші сортты халық етіп жаратпаған шығар. Иә, Алаш жұрты қай жағынан алсаң да әлемдегі күллі елмен бірдей. Қайта, тіпті, кейбір ұлттық салт-дәстүрлеріне сәйкес айрықша алғырлығымен ерекшеленетін қауым. Жаңалық атаулыны қағып алып, сіңіре қоятын өте жас, дарынды халық саналады. Бірақ дәл қазіргі кейбір пұшайман халіне қарасаң, әлі де сол кейінгі қатардағы жұрт қатарында жүрміз бе деп күмәнданбасқа лажың жоқ.
Әлбетте, шұқшиып іздей берсең, рухани тоқыраудың әртүрлі әлеуметтік-психолгиялық себептері көп қой. Қатпары терең. Бәрібір, көрінген сәтсіздікті сылтау қылып жүнжи беру кімге абырой әперсін. Серпілу қажет емес пе. Баяғыда қораға қамап баққан қасқырға бостандық берген кезде, ол байғұс алды-артқа қарамай, зымырап тауға қашудың орнына абдырап, құйрығын қысқан күйі қайта айналып келіп үйреншікті күркесіне тығыла береді деуші еді. Кей ағайынның тірлігін көргенде үнемі осынау көрініс есіне түседі. Қазір ой ойлауға мүмкіншілік бар. Талпынып, қалаған кәсібіңді тауып, жеке тірлігіңді күйттеуге де жағдай жеткілікті. Етек-жеңді жиып, елге ие болатын жағдайға жеткен сияқтымыз.
Сөз жоқ, көпке топырақ шаша алмайсың. Ел ішінде өз қотырын өзі қасып, жағдайларын түзеп алғандар да, қайтсем ұл-қызымды ешкімнен кем қылмай, адам қатарына қосылам деп тынбай тырбанып жүргендер де баршылық. Бірақ көпшілік жамағаттың сең соққандай әлі сансырап жүргені өтірік емес.
Біздегі ең бір жаман әдет шығар – өз сәтсіздігімізді ылғи біреуден көреміз. Істің мәніне бойлап, толғанып жатпаймыз. Әлденеден жолымыз болмаса, сырттан долбарлап, айдаладағы біреулерді жазғырып отырамыз. Және «қазақтың өзге жұрттан сөзі ұзын» – ел дербестік алғалы арада жиырма жеті жыл өтсе де, бала-шағаның қамын жеудің орнына күні бүгінге дейін ши басын сындырмай, қоғамдағы әлеуметтік қайшылықтарға «өкпелеп», кіжінумен таң атырып келе жатқан туыстар таңырқатады.
Тілеуғабыл ЕСЕНБЕКҰЛЫ, құсбегі, Шет аудандық шаруа қожалықтары ассоциациясының президенті, Қарағанды облысы
qazaquni.kz