Астана дәрігерлері екі жасар баланың менингитке шалдыққанын растады
2018 ж. 07 маусым
3566
0
Астана қаласының дәрігерлері ауруханаға түскен екі жасар баланың диагнозы «менингококк инфекциясы» екенін растады, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
«6 маусымдағы жағдай бойынша, Астана қалалық Балалар жұқпалы аурулар ауруханасында диагнозы «менингококк инфекциясы» екені расталған екі бала жатыр. 29 мамырда түскен баланың денсаулығы жақсарып келеді. Баласы анасымен бірге өздерін жақсы сезінуде. Ал 4 маусымда түскен баланың диагнозы бүгін расталды: менингококк инфекциясы. Оның жағдайы тұрақты, ем алып жатыр», - деп хабарлады тілшілерге Астана қаласының Балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бас дәрігері Сәуле Нұрашева.
Астана қаласының Қоғамдық денсаулық сақтау департаменті басшысының орынбасары Сарқыт Бейсенова хабарлағандай, 29 мамырда түскен баланың жанында жүрген 14 адам зерттелген.
«Барлық нәтиже теріс. Бірақ, лабораториялық зерттеу қорытындысын күтпей-ақ оларға антибиотикалық-профилактика белгіленді», - дейді ол.
4 маусымдағы жағдай бойынша, баламен байланыста анасы, әкесі және тағы төрт адам болған.
«Бала әке-шешесімен Аршалы ауданында қонақта болған. Ол жерде әріптестеріміз төрт адамды тексеріп жатыр. Қазір тексеру мәліметі жұмыста», - дейді ол.
Бас дәрігердің айтуына қарағанда, Астанадағы эпидемиологиялық жағдай тұрақты. Өткен жылдың бес айында менингококк инфекциясының үш жағдайы, биылғы бес айда бес жағдай тіркелген.
Еске сала кетсек, 4 маусым күні екі жасар бала қалалық Балалар жұқпалы аурулар ауруханасына түскен болатын.