Министр Біртанов менингитке байланысты мәлімдеме жасады
2018 ж. 06 маусым
3507
2
ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингококк инфекциясының тарауына байланысты Алматыда журналистермен кездесті. Бұл жайында Qamshy.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
— Осы уақытқа менингитке байланысты 59 адам тіркелді. Алматыда соңғы үш күнде менингитке байланысты ауруханаға түскендер жоқ. Премьер-министрдің бұйрығымен Алматы қаласының ауруханаларын тексеруге келдік. Кешелі бері Талғардағы ауруханаға, Есіктегі ауруханаға, қалалық балалар инфекциялық ауруханасына, жетінші қалалық ауруханаға барып, жағдаймен таныстық. Менингитке шалдыққандармен қатынаста болғандардың саны төрт мыңға жетті. Олармен дәрігерлер тікелей жұмыс істеп жатыр. Медициналық көмекке келер болсақ, облыстағы тұрғындарға көрсетілетін көмектің төмен екені жайлы арыздар келіп түсті. ДСМ енгізген ережелердің бұзылуы да болған. Ережеге сәйкес, науқасты бір ауруханадан екінші ауруханаға жіберуге рұқсат жоқ. Талғардан Қаскелеңге жіберілген науқас қайтыс болған. Соған байланысты тексерулер жүргізілді, - деді министр.
Біртановтың айтуынша, тұрғындардың тіркелген жеріне қарамастан, медициналық көмек науқас жеткізілген ауруханада көрсетілу керек. Алматы қалалық денсаулық сақтау басқармасымен осы мәселе жұмаға дейін шешіледі.
Сонымен қатар ҚР денсаулық сақтау министрі Елжан Біртанов менингококк инфекциясына қарсы вакцина бағасын арзандату бойынша жұмыстар жүргізілетінін мәлімдеді.
Айта кетейік, кеше Талдықорғанда 17 жастағы студент жігіт менингитен көз жұмды.
Кеше Астанада менингококк инфекциясын жұқтырды деген күдікпен жансақтау бөліміне екі жастағы бала жеткізілді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі Қазақстан тұрғындарына кеңес берді.