Глубокое аудандық көші-қон полициясы күйеуімді Қытайға күштеп өткізіп жіберді
2018 ж. 06 маусым
4560
0
«Нұр Отан» партиясы Төрағасының
Бірінші орынбасары
М.С.Әшімбаевқа
ҚР Ішкі істер министрі
Қ.Қасымовқа
ҚР Сыртқы істер министрі
Қ.Әбдрахмановқа
Менің күйеуім Бихан Қанат (1981 жылдың 28 маусымында туған) бұл күндері Қытайдың Шыңжаң өлкесінің Қаба ауданында жүр. Қазірге оның Қазақстанға қайтуы мұң болып тұр. Мен екі баламмен ШҚО-ның Ұлан ауданында тұрып жатырмын.
Шытырман оқиғалы әңгімені басынан бастайын.
Мен Бихан Қанатпен 2008 жылы 24 қаңтарда Қаба ауданында заңды некеге тұрып, күйеуге шықтым. Үлкен қызым Қанат Жібек сол жылы 19 қазанда дүниеге келді.
Қайын атам Ескендір Бихан отбасымен 2008 жылы наурыз айында Қазақстанға көшіп келіп, ШҚО-ның Ұлан ауданы, Гагарин ауылына қоныстанды.
Күйеуім Бихан Қанат 2008 жылы 6 қыркүйекте Қытайдан шекара бұзды деген айыппен ШҚО-ның Глубокое ауданында ұсталады. 2008 жылы 1 желтоқсанда қылмыстық жауапкершілікке тартылып, 6 айға бас бостандығынан айырылды. Жазасын жалпы режімдегі түзету колониясында өтеді.
Қанат жазасын өтеп шыққан соң, 2009 жылдың қараша айында артынан қызымды жетелеп мен де оралдым Қазақстанға.
2010 жылы 7 мамырдағы Глубокое аудандық соттың шешімімен күйеуімнің қылмыстық ісі тоқтатылды. 2011 жылы 17 қарашада екеуміз «Оралман» ретінде тұрақты тіркеуге тұрып, Қазақстан Республикаасының азаматтығын алдық. Осы жылы екінші ұлым Биқан Еларыс Қанатұлы дүниеге келді.
Басымыз түгенделіп, бауырымыз бүтінделіп, көңіліміз енді орныға бастап еді, күтпеген жерден Глубокое аудандық көші-қон полициясының қызметкерлері «Әкеңнің аты қате жазылған!» деген сылтаумен күйеуім Бихан Қанаттың Қазақстан тарапынан берілген Төлқұжатын тартып алып, «бұрын шегара бұзған» деген желеумен ескі Қытай Төлқұжатына он күндік шығу визасын беріп, Бақытбек Төлеуханұлы есімді милция жігіт 2011 желтоқсан айында Қытай шегара бекетінен ары өткізіп жіберді.
Біз шулап бұл жақта қала бердік. Міне, содан бері жеті жылға таяды. Күйеуім Қытайға өткен соң, бұрынғы қашып кеткен қылмысы қайта қозғалып, 6 жылға сотталып, өткен жылы түрмеден босап шықты. Жақында бір айлық «саяси үйрену» курсын да тамамдады. Қазір Шыңжаңның Қаба ауданында тұрып жатыр.
Кейін анықтап білдік, оның әкесінің аты қате жазылмаған. Не себепті Қытайға шығарып жібергенін білмейміз. Түрмеден шыққан соң бізге хабарласты. Қытайдың құзырлы орындары Қазақстан Республикасының азаматы екеніңді дәлелдеп, Төлқұжатыңды әкелсең, Қазақстанға шығуға рұқсат етеміз депті.
Күйеуім Бихан Қанаттың Қазақстан Республикасының азаматы екенінде дау жоқ. Қолымызда азаматтыққа қабылданғаны туралы шешім мен жеке басын куәландыратын куәлігінің көшірмесі бар.
Құрметті ағалар!
Сіздерден өтініш, Күйеуім Бихан Қанаттың Қазақстан азаматы екенін анықтап, Төлқұжаты мен куәлігін өзіне беріп, Отаны Қазақстанға, мұндағы отбасына қайта оралуына көмектесіңіздерші!
Құрметпен,
Әнипа Сатыбалды
Abai.kz