«ПРЕЗИДЕНТТІҢ БЕС ӘЛЕУМЕТТІК БАСТАМАСЫ» – ҚАЗАҚСТАН ӘЛЕУЕТІНІҢ КЕПІЛІ
2018 ж. 28 мамыр
2907
0
Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ұжымы «Президенттің бес әлеуметтік бастамасын» іске асыру үшін, арнайы іс-шаралар жоспарын әзірлеп, қазіргі кезде сол жоспарға сәйкес жүйелі жұмыстар атқаруда.
Ұлт Көшбасшысы анықтап берген ұтымды ұсыныстар барша қазақстандықтардың өмір сүру деңгейін жақсартып, халықтың әл-ауқатын көтеруге бағытталған. Осы орайда, үндеудегі жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын жақсарту, шағын несие көлемін көбейтуге қатысты үшінші ұсынысқа ерекше тоқталып өтсек.
Мемлекеттің кемел келешегін қамтамасыз ететін негізгі ресурс – ол адам капиталы. Алайда бұл ресурстың мұнай, газ және басқа да пайдалы қазба байлықтары сияқты қайта қалпына келтірілмейтіні табиғи заңдылық. Дегенмен, ең басты ұлттық ресурс саналатын адам капиталын дамыту мақсатында мемлекетіміз барлық жағдайды жасап отыр.
Елбасының бес бастамасындағы маңызды мәселенің бірі – биылғы оқу жылында студенттерге арналған білім беру гранттарын 20 мың бірлікке көбейту. Оның 11 мыңы ақпараттық технология, робот техникасы және нанотехнологиялар саласындағы инженер мамандарды оқытуға бағытталмақ. Мемлекет басшысының бұл ұсыныстары университет ұжымын ерекше қуантып отыр. Себебі республикамыздың агроөнеркәсіптік кешенін «Ақылды», сандық технологиялар», арқылы дамытуды іске асыру кезек күттірмейтін мәселе. Сол себепті, мемлекет тарапынан бірінші кезекте еліміздің жарқын болашағына қызмет ететін жастарға үлкен қамқорлық жасалуда.
Үндеуде Елбасы мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің қатысуымен 75 мың орынға арналған студенттік жатақханаларды 2020 жылға дейін салуды жоспарлағанын атап өтті. Бұл, әсіресе 98% ауыл балалары білім алатын біздің университетіміз үшін қуана қабылдайтын жаңа бастама.Бүгінгі таңда университетімізде жатақханаға мұқтаж студенттердің 56% ғана орындармен қамтамасыз етілген. Қазіргі кезде 2000 студент жатақханаға мұқтаж. Университет бүгінгі күні 450 орынға арналған заманға сай жабдықталған жатақхана салудың жоспары мен сметалық құжаттарын әзірлеп қойды. Бұл жөнінде университет тарапынан тиісті құзіретті органдарға арнайы хат жіберіліп, барлық керекті құжаттарды дайындалды.
Университет оқытушыларының көп бөлігін жас ғалымдар құрайды. Олардың көпшілігі баспанамен қамтамасыз етілмеген. Елбасы үндеуіндегі әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беруге қатысты бірінші бастамасы әсіресе жас отбасылардың баспаналы болуы үшін жасалып отырған оңтайлы қадам екенін атап өтуіміз керек. Елбасы ұсынған әлеуметтік маңызы бар «7-20-25» бағдарламасы халықты тұрғын үймен қамтамасыз етудің ең тиімді тетігі деп есептеуіміз керек. Бүгінгі күні университетте мемлекттік тұрғын-үй бағдарламасы аясында 185 білім берушілер мен қызметкерлер қамтылды.
Тағы бір ерекше бастама – ол еңбек ақысы төменгі қызметерлерге салық төлемін төмендету. Есеп бойынша еңбекақысы 60 мың теңгеден төмен адамдар енді 9,5 пайыздың орнына 1,0 пайыз ғана салық төлейді. Бұл әсіресе аграрлық сала қызметкерлеріне үлкен көмек. Себебі бүгінгі күні ауыл шаруашылығы саласында қызмет жасайтын адамдардың орташа еңбек ақысы 80 мың теңге. Сонымен қатар, өз бизнесін, өз кәсібін ашып, дамытқысы келген адамдарға жеңілдетілген шағын несиелер беріледі. Оған биылғы жылы мемлекетттік бюджеттен 62 млрд. теңге бөлінеді.
Біздің студенттер университет қабырғасында бизнес-жобаларын әзірлеп, нарыққа дайын жобаларымен шығуға мүмкіншіліктері бар. Себебі 2-курстан бастап барлық мамандықтар бойынша «Агробизнесті ұйымдастару», «Жобаны басқару» және «Кәсіпкерлік қызметті ұйымдастыру» және т.б пәндер енгізіліп отыр. Осы жұмыс нәтижесінде жақында университетте студенттердің стартап-жобалары байқауы ұйымдастырылды. Стартаптардың 70% өндіріске енгізуге болады. Осындай жастар келешекте өз беттерімен бизнеспен айналысуына осы микрокредиттердің көмегі тиетіні анық.
Аталған бағыттарды дамыту мақсатында 2015 жылдан бері Қазақ ұлттық аграрлық университеті жанында Агротехнологиялық Хаб жұмыс істейді. Оның қызметі – шетелдегі озық технологиялар мен білімді тарту және оны қазақстандық жағдайға бейімдеу, ғылыми-зерттеулер нәтижелерін өндіріске енгізу, мемлекеттік-жекеменшік серіктестіктің құралдарын тәжірибеде қолдану, агроөнеркәісіптік кешеннің басымды бағыттарын дамыту.Хабтың құрамына Қазақстан-Жапон, Қазақстан-Корея, Агроинженерлік мәселелер мен энергия үнемдеу, Тұрақты егін шаруашылығы, Азықтық өнімдердің технологиясы мен сапасы, Су инновациялық орталықтары, Қазақстан-Беларусь агроинженерлік инновациялық орталығы, Инновациялық жылыжай, Оқу-өндірістік шаруашылығы және тағы басқа ғылыми-зерттеу зертханалары кіреді.
Бүгінгі күні ҚазҰАУ базасындағы Агротехнологиялық хабта отандық агроөнеркәсіптік кешенге цифрлы технологияларды енгізуге ықпал жасайтын Ситуациялық орталық жұмыс істейді. Бұл орталық сандық технологияларды игерген әлемдік деңгейдегі білікті мамандарды тартуға, тың идеялар мен жаңа коомуникациялық-ақпараттық технологияларды енгізуге, озық инновациялық тәжірибелерді алмасуға жол ашады. Бүгінгі күні осы орталықта білімді жастарымыз өздерінің жаңа идеялары мен ғылыми жобаларын іске асыруға мүмкіндік алуда.
2017 жылы университетте ҚР Ауыл шаруашылығы министрлігі, Азия Даму банкі, АҚШ Ауыл шаруашылығы министрлігі, Ислам банкі және ЮНЕСКО қолдауымен Қазақстандағы және Орталық Азия аумағында су мәселелерін шешумен, құрғақшылық, су деңгейінің төмендеуі, топырақтың тұздануы сынды экологиялық проблемалар мен өзге де төтенше жағдайларда жедел әрекет етіп, су ресурстарын интеграциялық басқару мәселелерін зерттейтін Су хабы құрылды.
Қазіргі кезде университет Тағам қауіпсіздігі, Топырақтану және агрохимия, Жылуэнергетикасы, Биотехнология сияқты 11 мамандық бойынша және «Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы» негізінде мамандар дайындауды іске асырып отырған республика көлеміндегі 10 белді жоғары оқу орны санатына енген. Аталған мамандықтар бойынша жасалған модульдік бағдарламалар жұмыс берушілердің сұранысын қанағаттандыра алатын инновациялық бейіндігі бар. Осы бағыттағы жұмыстарды тиімді жүргізу мақсатында университетте жаңа 11 лаборатория ашылды. Оның ішінде «Жасыл экономика» және клеткалы инженерия» зертханасын ерекше атауға болады. Онда ауыл шаруашылық жануарларын бағалаудың кешенді түрдегі молекулалық-генетикалық сараптамасы, генетикалық модификацияланған жануарлардың мониторингі, отандық селекция нәтижесінде шығарылған және шетелден әкелінген асыл тұқымды малдардың қауіпсіздігін бағалаудың әдістемелерін жасақтау мен бекіту, асыл тұқымды жануарлармен молекулалық-генетикалық деңгейде жұмыс жасаудың нормативтік құжаттарын түзу сияқты өзекті мәселелер қолға алынуда. Аталған зертханада ірі қара малдың өнімділігін 240 көрсеткіш бойынша анықтауға мүмкіндік беретін зерттеулер жүргізілуде. Жануарлар аурулары мен өсімдік ауруларын анықтағаннан кейін, алынған зертханалық мәліметтерді әлемнің 34 еліндегі агротехнологиялық орталықтарына жіберіп, шет елдік әріптестерімізбен бірлесе отырып, ғылыми-зерттеу нәтижелерінің нақтылығын анықтаймыз.
Жуырда ғана еліміздің Ауыл шаруашылық министрлігінің ұсынысымен республикамыздағы екі ғылыми-зерттеу институтын: Картоп және көкөніс шаруашылығы ҒЗИ мен Жеміс және жүзім шаруашылығы ҒЗИ – ҚазҰАУ-ға сенімді басқаруға беру туралы шешім қабылданды. Бұл отандық агроөнеркәсіптік кешенін ауқымды жаңғырту бойынша Елбасы тапсырмасын жүзеге асырудағы ғалымдардың қосар үлесін молайтуға септігін тигізбек.
Мемлекет басшысының барлық бастамалары бойынша университет жан-жақты жұмыс жүргізуде. Елбасы ұсынған Мәңгілік Ел, Рухани жаңғыру ұлттық идеяларын іске асыру масқатында университетімізде жақында «Н.Назарбаев білім, ғылым орталығы» ашылды. Орталық құрамында, Елбасы мұражайы, Елбасы кітапханасы және білім алушы 23 ұлттың өкілі бас қосқан «Достық» студенттік ассамблеясы орналасқан.Жақында ғана біз Астанадағы Елбасы кітапханасынан Президентіміздің 1500 кітабын алдық. Бұл – біз үшін, біздің белсенді жастарымыз үшін үлкен олжа. Аталған орталықты ашуға Қазақстан Республикасы Президентінің Кеңсесі мен Елбасы кітапханасының басшылығы бізге тікелей қолдау көрсетіп, үлкен абыройлы міндеттер атқарды.
Мемлекетке өзгеріс пен жаңалықты әкелетін – озық білім мен инновациялық ғылым. Білім мекемелерінің түлектері жаңа форматтағы ел экономикасының темірқазығына айналуы тиіс. Ауылдан шыққан жастар білім алатын университет түлектерінің басым бөлігі бүгінде ауыл зиялылары контингентін қалыптастыруға негіз болып, еліміздің түкпір-түкпірінде еңбекке белсене араласып, елге қызмет етуде. Біздің мақсатымыз — ауыл-ауылдардан келген студенттерімізге тиісті білім беріп қана қоймай, оларды Ел мен Жердің қасиетін бағалайтын Ұлт зиялысына айналатын тұлға ретінде қалыптастыру. Сондықтан, Ел Президенті Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың әлеуметтік бес бастамасы Тәуелсіз Қазақстанның инновациялық бағыттағы әлеуметтік-экономикалық дамуына жаңа серпін берері сөзсіз.
Тілектес ЕСПОЛОВ, Қазақ ұлттық аграрлық университетінің ректоры, ҰҒА академигі
qazaquni.kz