Басты құндылығымыз - азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық келісім
2018 ж. 28 мамыр
10059
0
Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев өзінің Қазақстан халқына арнаған биылғы Жолдауында: «Көл-көсір мұнайдың дәуірі аяқталып келеді. Елімізге дамудың жаңа сапасы қажет. Жаһандық трендтер көрсетіп отырғандай, ол, бірінші кезекте, Төртінші өнеркәсіптік революция элементтерін кеңінен енгізуге негізделуі тиіс» дей келіп, еліміздің әлеуметтік-экономикалық табыстарының негізі – біздің басты құндылықтарымыз ретінде қала беретін азаматтық бейбітшілік, ұлтаралық және конфессияаралық келісім екеніне тоқталғаны мәлім. Тәуелсіз мемлекетіміз өркениетті әлемге танылып, елдігіміздің берік іргетасы қаланып, қасиетті де киелі құндылығымыз – Тәуелсіздік халқымыз үшін жаңа өрлеу жолын ашты. Қазақ елінің кемел келешегі бүгінгі жастардың салиқалы, сабырлы, білім мен еңбекке құштар, рухы биік, ұлттық дәстүрге адал, жан-жақты жетілген азаматтық ұстанымы айқындалған өркениетті және патриоттық бағыт-бағдарды ұстануын талап етеді. Қазақ ұлтының ауызбіршілігі мен келісімі қоғамдағы тұрақтылықты сақтауда маңызды. «Ел бірлігі – ең бірінші, қазақтың бірлігі. Жаһандық көштің басында жүретін мерейлі ел болу үшін бірлік пен ынтымақ алдымен өзімізге, қазаққа керек. Тарихтың өзі дәлелдеген бір ақиқат бар – халқымыз бірлікте болса күшейген, бірлігі қашса әлсіреген».
Халқымыздың сан ғасырлық тарихы ұлттық тұтасудың ортақ құндылықтар мен киелі рәміздер негізінде жүзеге асқандығын дәлелдейді. «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру » атты бағдарламалық мақаласында Елбасымыз «Ұлттық жаңғыру деген ұғымның өзі ұлттық сананың кемелденуін білдіреді. Оның екі қыры бар. Біріншіден, ұлттық сана-сезімнің көкжиегін кеңейту. Екіншіден, ұлттық болмыстың өзегін сақтай отырып, оның бірқатар сипаттарын өзгерту» деп ұлттық болмыс пен ұлттық ой-сананың заманауи дүние талаптарына сай кемелдендіруді атап көрсетті.
Қазақстанның ұзақ мерзімді «Қазақстан – 2050» Стратегиясы – қалыптасқан мемлекеттің жаңа саяси бағыты» бағыты көрегендік мен алысты болжайтын, стратегиялық ұтқырлықтың нақты дәлелі болып табылады. Еліміздің тұңғыш ұзақ мерзімді даму бағыты 1997 жылы 2030 жылға дейінгі Стратегиялық жоспар белгіленіп, бүгінде оның ең басым бағыттарына қол жеткізілді. Қазақстан – 2050 Стратегиясы заманауи өркениеттің нақты жағдайын сындарлы түрде есепке алып жасалынды.
Қазақстанның 2050 жылға қарай өркениетті әлемнің озық дамыған 30 мемлекетінің қатарына қосылуы жалпыұлттық мақсат болып отыр. Жолдауда әрбір қазақстандықтың өмір сүру деңгейі мен адам капиталының сапалық тұрғыдан түбегейлі түрде арттыру, оның ішінде елдің қауіпсіздігі мен ұлтымыздың береке-бірлігін нығайтуға, сондай-ақ еліміздің діни жағдайына және XXI ғасырдағы еліміздегі діннің орнына ерекше көңіл аударылды.
Жолдауда ел өмірінің сан-саласын қамтылды. Әсіресе, ел жастарына үлкен үміт артатынын және еңбексүйгіш, ұлттық құндылықтарды ардақтайтын білімді жастар көркейген Қазақстанның болашағы деп атап көрсетті. Ұлт көшбасшысы «Сендер болашаққа деген үкілі үмітіміздің тірегісіңдер. Біздің бүгінгі атқарып жатқан қыруар шаруаларымыз тек сендер үшін жасалуда... Сендердің азат ойларың мен кемел білімдерің елімізді қазір бізге көз жетпес алыста, қол жетпес қиянда көрінетін тың мақсаттарға апаратын құдіретті күш»
Кез-келген өркениетті қоғамның әлеуетті жасампаз күш-қуатының маңызды құрамдас бөлігі – бұл жастар. Жастар заманауи Қазақстанның қарқынды инновациялық-индустриялық үдемелі дамуының жасампаз шығармашылық күші болғандықтан, мемлекетіміздің экономикалық, индустриялдық өрлеуі мен демократиялық құндылықтарының қалыптасуына жаңа мемлекеттілік ұстанымның негізгі іргетасын қалайды. Қоғамның жаңаруы мен кемелденуіне құштар бөлігі жастардың ел өміріндегі орнына ерекше мән беріледі. Тәуелсіз елімізде жастар саясатының тұжырымдамасын дайындау жұмысы 1997 жылдың күзінде басталған болатын. 1998 жылы ақпанда бірнеше жұмыс топтары дайындаған тұжырымдаманың жобасы бірыңғай құжат қалпына келтіріліп, студенттер мен жастар ұйымдары өкілдерінің Бірінші съезі делегаттарының талқылауына ұсынылған еді. 1999 жылы 28-тамызда мемлекеттік жастар саясатының тұжырымдамасы Қазақстан Республикасының тұңғыш Президенті өкімімен бекітілді. 2004 жылы Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңы қабылданды.
Қазақстан Республикасы «Мемлекеттік жастар саясаты туралы» Заңының қабылдануы еліміздегі жастарға қатысты саясаттың даму бағыт-бағдарын айқындап берді. Жастардың елдің үдемелі инновациялық дамуына қосар үлесін ғылыми тұрғыдан зерделеу мен әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан жан-жақты саралау керек. Жастардың діни санасындағы құндылықтық бағдарларының өзгеруі және жастардың діни бірегейлік деңгейін де ғылыми негізде саралау қажет. Жастардың дүниетанымына дәстүрлі құндылықтарды өркениеттік тұрғыдан сіңіру бүгінде маңызды болып отыр. Әлеуметтік-демографиялық топ ретінде жастар қоғам өмірінде болып жатқан әлеуметтік-экономикалық және саяси-мәдени өзгерістерге тәуелді. Жастардың қоғамдық санасы және құндылықтық бағдарының толық қалыптаспауы мен жас ерекшелігіне тәуелді дүние көзқарасы қоғамның егде және ересек топтарының түсінбеушілігін тудырып жатады. Бұл адамзат қоғамына тән құбылыс. Қоғамның ересектер және жастар арасындағы түсінбеушілік көне дәуірден келе жатқан мәңгілік мәселе. Көне грек философы Сократ сол уақыттағы жастар туралы былай деген екен: «Қазіргі жастар сән-салтанатқа малынып, әдепсіз әрекеттерге бой алдырды, үлкендерді сыйламайды, ата-ананың тілін алмай кетті» [4]. Бұл ересектер мен жастар арасындағы уақыт үнінен туындайтын құндылықтық бағдардағы өзгерістердің бар екендігін болжайды.
Еліміздің әлеуметтік жаңғыруында және жаңа мемлекет құруда жастардың алатын орны зор. Жастар бүгінгінің ең озық инновациялық даму моделдерін болашаққа алып баруы тиіс. Ал, керітартпа тозығы жеткен идеялар өткенде қалуы тиіс. Кеңестік кезеңде жастар негізінен коммунистік және атеистік идеология тұрғысынан идеялық және саяси тұрғыдан тәрбиеленді. Кеңестік дәуірдің жастары жарқын болашақ коммунизм идеологиясына адалдыққа тәрбиеленді. Коммунистік идеяның науқаншыл, ұраншыл ұстанымдарының іргетасын шайқалтқан қайта құру, жариялық ұранымен келген 1980 жылдардың соңындағы саяси өзгерістер нәтижесінде жастардың түрлі формалды емес топтары мен қозғалыстарын (панкттер, металлистер, роккерлер, байкерлер) тудырды. Бұл жастардың жаңа жағдайға әлеуметтік бейімделуін айқындаумен қатар, мұраттары мен өмірлік құндылықтарын қайта таразылауға мүмкіндік берді.
Жастар саясатын қалыптастыруда бүгінгі жастардың құндылықтық бағдарларының (саяси, мәдени, материалдық, этикалық, діни) кешенді түрде қарастырған жөн. Жастардың рухани, эстетикалық, діни құндылықтарын қалыптастыруда бүгінгі ғаламтор және БАҚ елеулі ықпал етеді. Жастар көбіне ғаламторды дереккөз ретінде пайдаланады. Сондықтан да, әдепсіздік, зорлық-зомбылық, экстремизм, ксенофобиялық идеяларын насихаттайтын ғаламтор сайттарына қарсы тұратын ұлттық және адамзатқа ортақ гуманистік құндылықтарды насихаттайтын, әрі жастар талабынан шығатын ғаламтор сайттарын қалыптастыру да маңызды.
Жастар еліміздің болашағы және олардың жаңшыл өркениетті ұстанымдарды келешекте іске асырушы десек жастардың рухани адамгершілік құндылықтары мен мінез-құлық бағдарын жүйелеуде жетекшілік жасау және тәрбиелеу үлкендердің борышы. Елбасының 2012 жылы «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында жастарға еңбек ету, адал жолмен күн көру қажеттігін айтқан болатын.
«Жұмыспен қамту – 2020» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру бағытында ауыл және қала жастарын жұмыспен қамту мақсатында кешенді жұмыстар жүргізу аясында еңбек нарығына қажетті жұмысшы мамандықтарын дайындау, біліктілікті арттырудың тиімді жүйесін құру, шалғай ауылдар мен шағын қалаларды кәсіпкерлікке жастарды тартудың оңтайлы әдістерін жасау, жастарды шағын және орта бизнеске қатысуына қолдау көрсету және жастардың кәсіби өсуіне қаржылай қолдау көрсететін арнайы қорлар құру, демеушілікті ынталандыру, ірі өндіріс орындары жанынан жастар қорын ашу, жастардың ересек өмірге араласып, әлеуметтік мәртебеге ие болуына көмектесетін қамқоршылдар кеңесі жұмысын жетілдіру қажет.
Жастардың саяси және рухани, экономикалық өмірге әлеуметтенуін ғылыми негізде қарастыру жастар саясатын қалыптастыру мен дамыту ерекшелігін түсінуге көмектеседі. Жастар саясатын іске асыратын іс-шаралар бағдарламасын жасауда жастардың өзекті мәселелесін шешуге назар аудару қажет.Қазіргі уақытта жастардың діни сенімге деген қызығушылығының арта түсуі және жастар арасында дәстүрлі емес діни ағымдардың миссионерлік жұмысының белсенділігінің өсуі өзекті болып отыр.
Қазақстан 2050 Стратегиясында «Қазір кейбір сыртқы күштер жастарымызды ислам дінінің хақ жолынан адастырып,теріс бағытқа тартуға тырысуда. Мұндай ұлттық табиғатымызға жат келеңсіздіктерден бойымызды аулақ салуымыз керек» деп атап көрсетілді. Сондай-ақ, зайырлы қағидаға сай діни сана қалыптастыру мен діни сауаттылықты арттыруды іске асыру механизмдері мен қажетті жағдайын жасау керек. Сонымен қатар, жалған діни ағымдар мен дәстүрден тыс діни ұйымдар қызметіне, миссионерлердің уағыз, насихатына қарсы тұратын иммунитет пен дүниетанымдық қалқан қалыптастыру қажет. Жастарымызды рушылдық пен жершілдік, әсіре діншілдік дертінен сақтау үшін ұлттық сана мен дербес мемлекеттілік рухына сай тәрбиелейтін жалпыұлттық бағдарлама қабылдануы керек.
Жастар арасында түрлі діни ағымдардың таралуы (жасанды сопылық, сәләфилік, дағуатшылдар, құраншылдар, ахмадияшылдар, кришнаиттік, иегова және т.б.) ұлттық бірегейлік пен рухани қауіпсіздігімізге кері әсер етуі мүмкін. Дәстүрлі және дәстүрден тыс дініи бағыттар мен ағымдар арасындағы адамның рухы мен наным-сенімі үшін бәсекелестік адамдар арасындағы түсінбеушілікті тудыруы мүмкін. Қазіргі таңда елімізде 18 конфессияға тиесілі 3750-ден аса діни бірлестік қызмет етуде. Оның 2600 мұсылмандық, 294 православия, 85 католик, 667 протестанттық діни қауымдар, иудаизм 7, буддизм 2, кришна санасы қоғамы 7 және Бахаи қауымы.Ел аумағында 13 конфессияның 500-ден миссионерлері қызмет жасауда. Сондай-ақ, 15 діни білім беру орындары жұмыс істейді.
Осы тұста айта кету керек, 1900 жылы Қазақ жерінде жүргізілген есеп бойынша халықтың 73,5 пайызы ислам, 26,4 пайызы христиан, 0,09 пайызы иудей, 0,2 пайызы протестант, 0,01 пайызы католик, 0,004 пайызы пұтқа табынушылықты ұстанған. А.Смайылдың пікірінше: «Діннің бұлай түрлі тармаққа бөлінуі халықтың этникалық жағынан әркелкі бола бастағанын аңғартатын еді» деп көрсетеді. [5]. Жаһандану үдерісінде әрбір ұлт өзінің салт-дәстүрі мен ұлттық сана тіректеріне сүйеніп, өзінің бет-бейнесін жоғалтпай, ұлттық болмысын айқындап, ұлттық рәміздерін асқақтатуға ұмтылуда. Біздің жастар да, ұлтымыздың тілі мен ділін, тарихын, дәстүрін сыйлауы және дінін қастерлеуі, ұлттық қадір-қасиетінен туған киелі ұғым түсініктерін құрметтеуді қалыптастыру еліміздің қарқынды инновациялық-индустриялық өркендеуін қамтамасыз ететін ұлттық мүдде мен азаматтық парызға адал жастарды белсенді іс-әрекетке тәрбиелеу болып табылады.
«Қазақстан – 2050» стратегиясында: «Бүгінде біздің халқымыз үшін дәстүрлі емес және жалған діни ағымдар мәселесі өткір тұр. Жастарымыздың бір бөлігі өмірге осы жат, жалған діни көзқарасты көзсіз қабылдайды, өйткені, біздің қоғамның бір бөлігінде шеттен келген жалған діни әсерлерге иммунитеті әлсіз» [6]. Жастардың діни санасын қалыптастыру үшін халқымыздың көнеден келе жатқан мәдениеті мен философиясын, салт-дәстүрін әдет-ғұрыпын, тыйымдарын, имандылық әдеп нормаларын, дәстүрлі діни ұстанымды тәрбиелеуіміз керек. Бұл діни сана қалыптастырудың негізгі тұғырының бірі деп білеміз. Өзгенің дәстүрі мен жат жұрттық діни ұстанымға құмарлық – бұл өзінің төлтума, рухани дүниесінен жирену деген сөз.
«Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына 20 қадам» атты бағдарламалық мақаласында: «Мемлекет жастар саясаты туралы заңды жаңарту қажет. Жас мамандарды еңбекке орналастырудың кепілдіктері мен әлеуметтік пакет туралы, жастар тәжірибесін ұйымдастырудың тәртібі туралы құқықтық нормалар» деп көрсете отырып, үкіметке «Мемлекеттік Жастар саясаты туралы» Заңына өзгерістер енгізу туралы тапсырма берген болатын. Жастарды еңбек ету мәдениеті, кәсіп таңдау, дербестік пен бастамашыл еңбек етуге баулудың маңызын қадап айтқан болатын. Техникалық және кәсіптік білім алып, еліміздің қарқынды инновациялық-индустриаландыру бағдарламасына қатысуға ынталандыру маңызын ерекше атап көрсетті.
2013 жылы ақпанда Үкімет 2020 жылға дейінгі «Мемлекеттік Жастар саясаты туралы» тұжырымдаманы бекітті. Еліміздің алдында тұрған «Қазақстан – 2050» стратегиясында көрсетілген биік міндеттерді еңсеру, болашақтағы тұрақты, үдемелі дамуымыз – ертең ел тізгінін қолына алар бүгінгі жас ұрпақтың білімі мен біліктілігіне, тәрбиесіне, отансүйгіштігі мен жасампаздығына байланысты.
Елімізде 14 пен 29 жас аралығындағы жастар 4,4 миллион, бұл халықтың 26 пайыздан астамын құрайды. Қазақстанда 1000 аса жастар ұйымдары бар. Жастар ұйымдарының жұмысына қатысатын жастар үлесі – 22 пайыз. ҚР БҒМ стратегиялық жоспар көрсеткіші бойынша жастардың – 75,4 пайызы өзін патриотпын деп санайды. Дін мәселесін зерттеу орталығының деректеріне сәйкес республика халқының 90% астамы өзінің нақты бір дінге қатынасын көрсетеді. 18-29 жас аралығындағылар 75,7 % өзін діндар деп көрсетеді. 16,7 % дінге сенбейтіндер. 7,6 % жауап беруге қиналған. Дін мәселелерін зерттеу орталығының мәліметіне сүйенсек, жастардың басым бөлігі аптасына бір рет мешітке, шіркеуге, синагогаға және т.б. міндетті түрде барады, бұл сұралғандардың 54,8 %.Жастардың 36,2% діни ғұрыптарды орындайды. 30,9 % діни нормаларға сәйкес өмір сүруге даяр. 2,2 % әлі де болса өз пікірлерін айқындамаған.
Жастардың әлеуметтенуі мына құндылықтарға сүйенеді: ұлтжандылық, білім мен ғылым, кәсіпкерлік пен еңбексүйгіштік, бірлік пен ынтымақтастық, руханилық пен діни тағаттылық, ұлттық, асыл мұраттар, саламатты өмір салты, спорт, ізденгіштік, қайсарлық.
Кез-келген қоғамның экономикалық, әлеуметтік, рухани жаңғыруы мен өркендеуі – елдің болашағы жастардың интеллектуалды деңгейімен байланысты. Еліміздің «Интеллектуалды ұлт – 2020» ұлттық жобасынының мақсаты жастардың жан-жақты үйлесімді дамыған, білімді, білікті, кәсіби құзіреті терең, мәдениетті, рухани дүниесі бай жаңа буын қалыптастыру. «Интеллектуалды ұлт – 2020» жобасының міндеті – ұлттық білім беру жүйесіне инновациялық серпіліс беру, ғылым саласын дамыту, ғылым мен өндіріс арасындағы байланысты арттыру, ғылыми әлеуетті арттыру, жаңа буын жастарды тәрбиелеуге бағытталған инновациялық жүйені дамыту.
«Интеллектуалды ұлт – 2020» аясында өзіндік азаматтық ұстанымы қалыптасқан, кемел тұлға қалыптастыру үшін жастарға рухани тәлім-тәрбие беруде білім сапасына мән бере отырып, жастардың интеллектуалды әлемін қалыптастыру керек. Осы мақсатқа орай, Н. Назарбаев зияткерлік мектептері ел аймақтарында ашылуда. Интеллектуалды ұлт дегеніміз – рухани, интеллектуалды, дүниетанымдық, ғылыми, ақпараттық, кәсіптік тұрғыда бәсекеге қабілетті адамдық капиталы бар қоғам. Қазақстандық жастар өз Отанын, мемлекеттік рәміздерін, бай тарихы мен көне дәстүрін, тілі мен ділін қадірлейтін азамат болып қалыптасып, кемелденуі қажет. Дәстүріміз бен тарихымыз, ана тіліміз – біздің тұтастығымыздың негізі. Ұлттық дәстүрлі құндылықтарымыз – ұлтымыздың өміршеңдігінің кепілі және жаһандық бұқаралық мәдениеттің қиратушы ықпал-әсерінен қорғайтын қалқанымыз. Ел болашағы үшін ұлттық құндылықтарымызды қолдап, көздің қарашығындай сақтап, киелі мұрамызды сақтауымыз керек.
Тәуелсіздік аясында халқымыз өзінің тарихын, мәдениетін, рухани мұрасын жан-жақты және терең тануға қол жеткізді. Қазақстан-2050 стратегиясында елдегі діни жағдайға қатысты өзекті мәселе қозғалды.Жастарды ұлттық дәстүрді ардақтауға, зайырлы мемлекетіміздің болашағы жастарда елдік дәстүр мен ділге сай діни сана қалыптастыру кажеттігін атап көрсетті. Әсіресе, қыздарымыздың өзгенің емес, өз ұлттық болмысына сай киіну және заман талабына сәйкес өмір салтын ұстануға шақырды. Діни сана мен ұстаным діни ілім, мораль, салт дәстүрлер, тыйымдар, ғұрыптар, ұлттық құндылықтарға сүйенеді. Өйткені халқымыздың тарихында айшықталған құндылықтарды және ұлттық дүниетанымымыздың негіздері мен ерекшеліктерін білу ұлттық жаңғыруымыздың негізі болмақ. Қазақ елінің рухани тұғыры ислам мен оның құндылықтарының қайта жаңғыруы халықтың өзінің рухани түп-тамырын толық түсінуге деген ұмтылысын ашып көрсетеді.
Ұлттық дүниетаным мен ділдің қалыптасуына ықпал еткен рухани құндылықтарды зерттеу қазіргі қазақ қоғамының рухани түлеуі және діни санамыздың беріктігін нығайту үшін қажет. Осындай зерттеулер қазақ елінің рухани тұғырының бірі ретіндегі ислам құндылықтарының қоғам өміріндегі орны мен рөлін айқындауға мүмкіндік береді. Ұлт руханияты үшін ұлттық тіл, ұлттық діл және дін рухани тұғыр болып табылады. Осы үш діңгек бір-бірімен ажырамас бірлікте болғанда ұлт тұтастығы да берік.
Қазақтың бітім-болмысын және рухани жан дүниесін айшықтайтын ислам дінінің құндылықтары мен мәдениетін жан-жақты зерттеу, қазақ қоғамындағы діни төзімділік пен діни келісім мұраты жолына қызмет етпек. Қазақстандағы қазіргі діни жағдайды және дінаралық қатынасты зерттеуде ислам діні мен дәстүрлі әлемдік діндердің қоғамдағы мәдени-діни және рухани негіздерін ғылыми тұрғыдан талдау өзекті.
Еліміздің тәуелсіз ел ретінде әлемдік қауымдастыққа енуі, ұлт руханиятының қайнар көзі тіл, діл, діни сананың өрлеуіне жол ашты. Халқымыздың рухани құндылықтарының қайта жаңғыру үдерісі діни сана мен діндарлықтың жандануына ықпал етіп отыр.
Соңғы уақытта жаһандану үдерісіне байланысты әрбір халық өзінің төлтума мәдениеті мен құндылықтарына ерекше мән беріп отыр. Құндылықтардың құлдырауы мен адамның рухани әлемінің құлазуы адамзаттың заманауи жаһандық мәселесінің бірі болып отыр. Бұл бүгінгі адамның рухани бағдарды ізденуіне ықпал етеді. Материалдық құндылықтар басымдық алған заманда рухани азыққа мұқтаждық қазіргі адам болмысына тән құбылыс. Сонымен қатар, діни мәдениетті танып білуге ұмтылу, діни құндылықтар мен дәстүрлерге деген құлшыныс бұл ұлттық руханиятқа деген ынта жігерді бейнелейді. Еліміздегі рухани жаңғыру ең алдымен, халқымыздың дәстүрлі мәдениетіне негізінде және зайырлы мәдениетке сай үйлесімді үндесуі тиіс. Шеттен келген діни ағымдардан сақтану үшін діни сауаттылық пен орныққан саналы ұстаным қажет. Бүгінгі қоғамда діннің адам дүниетанымына ықпалы артуда, әсіресе жастар арасында діндарлық деңгейі өсіп отыр. Дін бүгінгі жастардың әлеуметтенуінде маңызды орынға шықты. Жастардың әлеуметтену үдерісіндегі діни түрткілердің және діни құндылықтардың орны мен рөлін талдау келешектегі қоғам мен адам өміріндегі діни мәдениеттің мәнің ашуға жол ашады. Деректер бойынша, теріс ағымдар арасында 16 мен 30 жас аралығындағы адамдар қатары көбірек. Жастардың діни санасының радикализациялануы қаупі мен маргинализациялану үдерісінен сақтану үшін ауылдан қалаға ағылып жатқан жастарды кәсіпке баулу, жұмысқа орналастыру, баспана мәселесін шешу, зайырлы мәдениетке тәрбиелеу маңызды. Қазіргі жастар ел тізгінің қолға алар жасқа келгенде зайырлы қағидатты ұстануы үшін бүгінен оларды зайырлы мәдениетке баулуымыз керек. Зайырлылықты нығайту қоғамдағы руханилық пен діндарлықтың үйлесімді дамуының түп негізі. Діндар қыздарға ұлттық және зайырлы құндылықтар негізінде тәрбие беруге назар аудару қажет. Елімізде нәзік жандылар саны 4,5 миллион, олардың ІЖӨ қосатын үлесі 40 пайызға жуық. Денсаулық сақтау және білім беру саласы қызметкерлерінің 90 пайызы әйелдер қауымы. Еліміздегі рухани өрлеу ұлттық мәдениеттің имани нәрі мен өмірлік қуатына деген сенімінен туындап отыр. Қазақ халқының рухани мұрасындағы халық ауыз әдебиеті үлгілер, әдет-ғұрыптарды, сондай-ақ діни ойшылдарымыз мен дін қайраткерлері мұраларының діни негіздерін танып білу өзіміздің ділімізге негізделген және тарихымызда таңбаланған рухани ұстанымдар мен құндылықтар өмірдің нақты шындығы негізінде туындаған. Сондықтан да, ұлттық өмір салтымызды, әдет-ғұрпымызды, дәстүрлі діни мәдениетімізді және киелі мұрамызды жүйелі де, толыққанды зерделеу үшін тарихи мұрамызды танып білуіміз қажет.
Қазақтың далалық өркениетіне негізделген көшпелілер мәдениеті мен ұлт дүниетанымына негізделген дәстүрлі құндылықтарымызды пайымдау рухани мүддеміз бен ізгі мақсатымызды айқындайды. Халқымыздың бірлігі мен ынтымағының негіздерінің бірі бұл ұлттық құндылықтар және ұлттық руханиятымыз. Зайырлы қағидатпен ұлттық салт –дәстүр, қазақ ойшылдарының діни ізденістері мен ұлтымыздың рухани мұрасын жастарға таныту жолымен біз келешек ұрпақты өзіндік төлтума дәстүріміз бен құндылықтар негізінде білім беріп, тәрбиелей аламыз.
Бағдат Бейсенов, философия ғылымының докторы
qazaquni.kz