СУБСИДИАРЛЫҚ ЖАУАПТЫЛЫҚТЫҢ АРТЫНДА КІМДЕР ТҰР?
2018 ж. 28 мамыр
1922
0
«Ақ жол» депутаттары салық органдарымен енгізілген ЖШС үшін субсидиарлық жауаптылықтың артында «кімдердің құлағы қылтиып тұрғанын» анықтады.
«Шағын және орта бизнес үшін субсидиарлық жауаптылықтың болуы біздің салықтық саясатты XIX ғасырға кері шегіндіреді» - деді Азат Перуашев жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің (ЖШС) Типтік жарғысына кәсіпорынның берешегі үшін құрылтайшылардың жауапты болмайтыны туралы норманы қайтаруын талап етіп. Бұл туралы ол Мәжілістің пленарлық отырысында Үкімет пен Бас прокуратураға жолдаған депутаттық сауалында мәлімдеді. Сонымен, ағымдағы жылғы 11-мамырда бірқатар бұқаралық ақпарат құралдарында («Tengrinеws.kz» ақпараттық порталында, «Деловой Казахстан» газетінде, «Хабар-24» телеарнасында және т.б.) «Қандай жағдайда менеджерлер мен бухгалтерлер өз дүние мүліктерінің құнымен «есеп айырысуы» мүмкін» («В каких случаях менеджеры и бухгалтеры могут «поплатиться» своим имуществом») деген атаумен Алматы қаласы бойынша Мемлекеттік кірістер департаментінің акционерлік қоғамдар мен жауапкершілігі шектеулі серіктестіктердің лауазымды тұлғалары мен құрылтайшыларының субсидиарлық жауаптылығына қатысты бөлігінде «Оңалту және банкроттық туралы» Заңның талаптарын қолдану жөніндегі түсініктемелері жарияланған еді. Атап айтқанда, «Егер жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің 5 миллион теңге берешегі болса, онда лауазымды тұлға және құрылтайшы бес миллион теңге жалпы сомасын өтеуге тартылатын болады және де бес миллион теңге көлеміндегі негізгі қарыз мөлшері өтелмей барлығынан өндіріп алу жалғаса беретін болады» – деген дәйексөзден мысал келтірілді.Алайда, мұндай шара кәсіпкерлердің өздері заң бұзған жағдайда ғана (мысалы, әдейі банкротқа ұшырату немесе банкроттық рәсімді бұзу сияқты) қолданылуы мүмкін деген ескертпе әрі қарай бірінші пайымдауға тікелей байланыссыз түрде келтіріледі. Бұл субсидиарлық жауаптылық нормасы жалпыға бірдей және міндетті сипаттамаға ие деп пайымдауға мүмкіндік береді. Сол себепті де заңның мұндай кеңейте түсіндірілуіне абыржыған кәсіпкерлердің тарапынан «Ақ жол» партиясының атына көптеген арыз-өтініштер келіп түсуде. Перуашев Наполеонның Кодексінен бастап ЖШС қағидаттарының қалай пайда болғанын, соның арқасында миллиондаған адамдар бизнестің иегерлері атанып, ал нарықтық үрдістер қоғамның ең ауқымды топтарына ене түскенін түсіндіріп өтті. «Аталмыш норманың мәнісі сол – әртүрлі құрылтайшылардың азғантай қаражатын жинақтауға және оны экономикаға инвестициялауға мүмкіндік береді, сонымен қатар кәсіпкерлік тәуекелдерден олардың өздерін қорғауға да мүмкіндік жасайды. Бұрынғы кезде қазақстандық ЖШС-ның типтік жарғыларында да кәсіпорын құрылтайшылардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді, ал құрылтайшылар кәсіпорындардың міндеттемелері бойынша жауап бермейді деген ұғым әрдайым берілген. Алайда, 2008 жылдан бастап сол тұжырымдалған ой байқатпай, білдірместен жоғалып кетті, қандай мақсатта және мұндай шешімнің артында «кімдердің құлағы қылтиып тұрғаны» енді түсінікті болғандай», – деп атап өтті Азат Перуашев. Бизнес әрқашан тәуекелге барумен тікелей байланысты. Компанияның экономикалық дағдарыстардың салдарынан сұраныстың төмендеуі және несиелердің жоғары құны сынды объективті себептер бойынша күйреуі жиі кездеседі. Тіпті Еуропаның өзінде алғашқы 5 жылда жаңадан құрылған шағын және орта бизнес кәсіпорындарының жартысынан көбі жабылады екен. ЖШС-ның борышын өндіріп алу үшін оның тек ақшасын ғана алып қоймай, жеке мүлігін де тартып алатын болса, ешкім де іске қаржысын салмайтын болады, себебі өзінің туған балаларының болашағына қауіп төнгенін қаламайды деп есептейді ақжолдықтар. «Мұндай тәсіл шағын және орта кәсіпкерліктің өркендеп, дамуына кәсіпкерліктің тамырына балта шабады және бизнеспен айналысуда тек олигархтарға айрықша мұрсат береді. Бұл дегеніміз, тіпті XIX ғасырға да емес, феодалдық қарым-қатынастар дәуіріне қайтып оралғандай әсер береді», – деген сенімде Перуашев. Шенеуніктер сілтеме жасайтын «Оңалту және банкроттық туралы» Заңның 6-бабында шын мәнінде субсидиарлық жауаптылық қағидасы қарастырылған. Бұл қағида 2012 жылы заңның үкіметтік редакциялануымен енгізілген болатын. Сонымен қатар, ҚР-ның «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» Заңының 2-бабына сәйкес жауапкершілігі шектеулі серіктестікке қатысушылар оның міндеттемелері бойынша жауап бермейді және серіктестіктің қызметіне байланысты зияндарға өздерінің қосқан салымдарының құны шегінде тәуекел етеді. Бұл ережеден ерекше жағдайлар Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінде және осы Заңда көзделуі мүмкін. Көріп тұрғанымыздай, «Оңалту және банкроттық» туралы заң бұл тізімде жоқ. «Дәл осындай тәсіл нарықтық экономикасы бар іс жүзінде барлық елдердің заңнамасында: Германияның «Gmbh-Gesetz» заңы, Қытайдың «Қытай компаниялары туралы» заңы, АҚШ, Канада, Ирландия, Ресей, Белоруссия елдерінің және т.б. заңдарында орын алады. Тіпті мұны «жауапкершілігі шектеулі компаниялар» деген атауының өзі айтып тұр. Алайда, тек Қазақстанда ғана салық органдарының нарық заңдары мен құқықтық формаға қайшы келетініне қарамастан, оған субсидиарлық жауаптылықты «жапсырып» қоюға ойлары жеткен. Олар мұнымен, өздеріңізге белгілі, тура сол ЖШС үлгісінде жұмыс істейтін еліміздегі коммерциялық заңды тұлғалардың басым көпшілігіне қауіп төндіріп отыр. Әріден соң, жоғарыда аталған жарияланымдарға қарағанда, бүгінгі күні мемлекеттік кіріс органдары өз қалауы бойынша субсидиарлық жауаптылықты әлдеқашан қолдануды бастап кеткен. Бұл түпнұсқалық «өнертабыс» біздің салықтық саясатымызға көріксіз, артта қалған, жетілмеген рең беріп, кәсіпкерліктің сыр-сипаты мен табиғатын түсінуде елеулі кемшіліктердің бар екенін айқын көрсетеді», – делінген сауалда. Сөзсіз, кәсіпорындардың ұйымдық-құқықтық нысандарына қатысты бөлігінде субсидиарлық жауаптылық толыққанды жауапкершілікпен жұмыс істей алады және тиісті де. Бірақ, менеджерлер, оның үстіне – ЖШС құрылтайшылары, – кәсіпорынды банкротқа қасақана ұшыратқан деген жеке тағылған кінәсі дәлелденген және жалған банкроттыққа немесе банкроттыққа тосқауыл қоюға әдейі кедергі болғаны анықталған жағдайда ғана жауаптылыққа тартылуы мүмкін. Және бұл кінәмен айыптауға өз қалауы бойынша әрекет ететін салық органдарының емес, Соттың ғана хақы бар. Үкімет дәл осындай аргументтерін алға тартып көрсеткендіктен ғана депутаттар 2012 жылы осы норманы енгізу туралы келісім берген еді. Басқа барлық жағдайларда, сол сияқты банкроттық жағдайларды қоса алғанда, субсидиарлық жауаптылық принципі ЖШС-ға қатысты қолданылмауы қажет – бұл түсініктеме ЖШС-дағы субсидиарлық жауаптылық туралы кез-келген пайымдаулардың алдын-алуы тиіс. Әйтпесе, «ақжолдықтардың» пікірінше, ел Президентінің бұқаралық кәсіпкерлікті дамыту, жалпы ішкі өнімдегі шағын және орта бизнестің үлесін 50% -ға дейін жеткізу, халықтың еркін айналымдағы қаражатын экономикалық айналымға тарту жөніндегі нақты берілген тапсырмалары ешқашан орындалмайды. Осыған байланысты, «Ақ жол» ҚДП фракциясы: 1) Туындаған құқықтық қайшылықты, яғни заңдар қайшылығын зерделеуді сұрайды: Қалайша «Оңалту және банкроттық туралы» Заң Азаматтық кодекс пен «Жауапкершілігі шектеулі және қосымша жауапкершілігі бар серіктестіктер туралы» бейінді заңнан жоғары, үстем тұр? 2) Кәсіпкерлік қызметтің жағдайын жақсарту шеңберінде, банкроттық туралы заңдарды осы заңдарға және нарықтық экономиканың мүдделеріне сәйкес келтіру жөніндегі шараларды қабылдауды; 3) Салық органдарының қызметкерлері арасында банкроттық туралы заңның қолданыстағы нормаларын түсіндіруді және оның кеңінен талқыға түсуін болдырмай, жұмысын адал атқарып жүрген кәсіпкерлерге субсидиарлық жауаптылықты қолдануға жол бермеуін; Мұндай фактілер анықталған жағдайда – кәсіпкерлердің ізіне түсуді доғарып, кінәлі лауазымды тұлғаларды жауапқа тартуды; 4) Мемлекеттiк кіріс органдарының бизнес қауымдастығына қажеттi түсiніктеме беруін және кәсіпкерлік қызметтің пайда болған қосымша тәуекелдеріне қатысты туындаған қорқыныш-үрейді жою туралы нұсқаулар беруді; 5) ЖШС-ның типтік жарғысына кәсіпорынның міндеттемелері бойынша құрылтайшылардың жауаптылығы болмайтыны туралы тұжырымдалған ойды қайтаруын сұрайды. «Ақ жол» ҚДП және оның парламенттік фракциясы сайлауалды бағдарламаны жүзеге асыру және қазақстандық бизнестің мүддесін қорғау бойынша жұмыстарын жалғастыруда.qazaquni.kz