292 астаналық пәтерлі болды
2018 ж. 21 мамыр
1627
0
Елімізде баспаналы болғандардың саны күн санап артып келе жатқаны қуантады. Астанада 292 отбасы пәтерлі болып қоныс тойын тойлады.
Баспаналы болғандарға «Нұрлы жер» мемлекеттік бағдарламасының септігі тиген. Қошқарбаев көшесіндегі №39 үйден кезекте тұрған 146 отбасы баспаналы болды. Олар – жеңілдікпен пәтер алғандар, бюджеттік ұйымдардың жұмысшылары, ал қалғандары «Тұрғын-үй құрылыс жинақ банкіндегі» конкурс бойынша иеленгендер. Ал, үйді қала әкімдігінің тапсырысымен «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша «Мейір-М» ЖШС салған. Отбасылардың бірнешеуіне пәтер кілтін Астана әкімінің өзі табыстады.
«Қымбатты астаналықтар, бүгін – Қасиетті Рамазан айының алғашқы күнінде 300-ге жуық отбасы пәтерлі болды. Оның 146-сы кезекте тұрғандар. Жыл соңына дейін барлық мемлекеттік бағдарлама бойынша 1 мыңнан астам пәтер салынады. Сіздерді құттықтаймын, қоныс құтты болсын!», – деді Әсет Исекешев. Тұрғын-үй маңында Әзірет Сұлтан мешіті, Ұлттық музей, Бейбітшілік және келісім сарайы орналасқан. Тұрғын-үйде жаңа «Нұрлы жол» теміржол вокзалына қарай тура тартуға болады.
«Бүгін қала әкімінің қолынан пәтер кілтін алдық, қуанышымызда шек жоқ. Осы күнді көп күттік, бірақ бүгін бәрі ұмытылды, енді бәрі артта қалды. Осындай бағдарламалар көбейе берсін, әрбір қазақстандықтың өз баспанасы болсын!» – деп ағынан жарылды елорда тұрғыны Дина Қапашева. Ағымдағы жылы Астанада мемлекеттік бағдарламамен тағы да 6 көп пәтерлі тұрғын-үй кешені салынбақ. Олардағы пәтерлердің жалпы ауданы 60,58 мың шаршы метрді құрайды. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша 386 пәтер, ал кезекте тұрғандарға жалға берілетін баспана бағыты бойынша 677 пәтер бөлінбек. Қала әкімдігінің мәліметіне сүйенсек, 48 579 адам кезекте тұр.
Г.Бақытжанқызы
qazaquni.kz