Журналистерге де баспана керек
2018 ж. 21 мамыр
3822
0
Баспана мәселесі өзгелер секілді журналистерді де толғандыратыны сөзсіз. Төртінші билік иелерінің мәртебесін анықтау да күрделі. Өйткені, жекеменшік бұқаралық ақпарат құралдарының саны басым.
«Бізде бұқаралық ақпарат құралдарының 95 пайызы – жекеменшік компаниялар. Сол себепті олар баспанамен қамту мәселесін өздері шешуі керек. Мысалы, мұғалімдердің барлығы бюджеттік қызметкерлер болып саналады. Ал журналистердің басым бөлігі аталған санатқа жатпайды. Осы мәселені қалай шешеміз? Журналистің мәртебесін қалай анықтаймыз? Енді, қазіргі кезде мемлекет баспанамен қамтуға қатысты біраз шараларды қолға алып жатыр ғой. Соның ішінде «7-20-25» бағдарламасы да бар», – деді Д.Абаев xалыққа есеп беру кездесуі кезінде.
Министрдің сөзінше, мемлекетке қарайтын бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерін баспанамен қамтуға мүмкіндік бар.
«Ол мәселе бір жерде шешіледі, енді бір жерде шешілмей жатады. Себебі жатақxана бар. Дегенмен, біз министрлікке қарасты әрбір ұйымның баспана мәселесін жеке-жеке қарайтын боламыз. Нақты ұсыныстар болса, біз әрдайым қолдауға дайынбыз. Ондай ұсыныстар бар», – деп атап көрсетті Д.Абаев.
Гүлмира Бақытжанқызы
qazquni.kz