«7-20-25» бағдарламасына қатысатын банктер тізімі жасалмақ
2018 ж. 21 мамыр
1870
0
Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Президенттің бес әлеуметтік бастамасы» атты халыққа үндеуінде қазіргі таңдағы еліміздегі ең өзекті қадау-қадау мәселелерді атап көрсете отырып, олардың шешілу жолдарына да байыппен үңіледі. Мәселен, ең бірінші бастаманы: «Әрбір отбасына баспана алудың жаңа мүмкіндіктерін беру» деп атап көрсетті. Және де дәл осы бастамасында Мемлекет басшысы: 2017 жылы 11,2 миллион шаршы метр тұрғын-үй пайдалануға берілді.
Бұл – рекордтық көрсеткіш.
Дегенмен, оның өзі жеткіліксіз, әлі күнге дейін көптеген отбасы баспанасыз жүр.
Бұл – айрықша әлеуметтік маңызы бар мәселе.
Оның шешімін тұрғын-үй ипотекасының қалың көпшілікке жаппай қолжетімділігін арттыру арқылы табуға барлық жағдай жасау керек.
Жұмыс істейтін әрбір адам несиеге пәтер сатып алып, оны отбасылық бюджетінің мүмкіндіктері аясында төлей алатындай болуы үшін арзан ресурстар ұсынатын тетіктер қажет.
Сондықтан, мен «7 – 20 – 25» бағдарламасын ұсынамын», – деген-ді.
Ал, біз «Өз үйім» айдары арқылы тұрғын-үй саласындағы атқарылып жатқан жұмыстарды «Қазақ үні» газеті оқырмандарының назарына ұсынғанды жөн санадық.
ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев «7-20-25» бағдарламасына қатысуға керекті талаптарды түсіндіріп өтті. Сонымен, «Азаматтар «7-20-25» бағдарламасына қатысу үшін не істеу керек?
Біріншіден, сатып алынатын баспана таңдалады және оның шекті құны белгіленеді. Мысалы, Астана, Алматы, Ақтау және Атырау секілді қалалар үшін баспананың ең жоғары құны 25 млн. теңгені құрайды, ал өзге өңірлерге ең жоғары бағаны 15 млн. теңге сомасында белгілеу көзделіп отыр», – деді ҰБ басшысы. Оның сөзіне қарағанда, бастапқы кезеңде тек жаңа тұрғын-үйді сатып алу өтінімдері қарастырылады. «Екіншіден, адамдар тиісті өтініммен және құжаттармен банкке келуі тиіс. Біз таяуда қажетті қаржылық көрсеткіштері мен дамыған филиалдық желісі әрі қызмет көрсету жағдайы бар банктерді айқындаймыз. Сонымен қатар қажет құжаттардың базалық тізімін нақтылаймыз», – деді Ақышев.Үшіншіден, баспана алуға ниетті адамдар несиеге қызмет көрсету үшін қажетті табыстылық деңгейі болуы керек. «Төртіншіден, тұрғын-үй алатын адамның меншігінде баспанасы болмауы тиіс. Ұлттық банк барлық қажетті шараларды іске асырып, халықпен белсенді жұмысқа әзір», – деп қорытындылады сөзін.
qazaquni.kz