Мәскеуде қаза болған Томирис Байсафаның ісі: омбудсмен мәлімдеме жасады
2018 ж. 28 мамыр
3514
0
Қазақстан омбудсмені Асқар Шәкіров МГИМО студенті Томирис Байсафаның қазасына қатысты тергеу әділетті жүруі үшін ресейлік әріптесінен көмек сұрады, деп хабарлайды Қазақстандағы адам құқығы жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі.
Қазақстанның адам құқығы жөніндегі уәкілі Ресей омбудсмені Татьяна Москальковаға жолдаған өтінішінде өз құзыреті деңгейінде 2018 жылы сәуірде Мәскеу мемлекеттік халықаралық қатынастар институтының студенті Томирис Байсафаның белгісіз жағдайда қаза табуына қатысты тергеудің әділетті жүруіне ықпал етуді сұрады.
Қазақстан мен Ресейде қоғам назарына ілінген бұл оқиғаның мән-жайын Мәскеу қаласы Батыс әкімшілік округы бойынша бас тергеу басқармасы анықтап жатыр.
"Омбудсмен Т. Байсафаның ата-анасы айтқан тергеу барысындағы құқық бұзушылықтар, сондай-ақ тергеу туралы ақпарат беруден бас тарту сияқты мәселелерге алаңдаушылық білдіріп отыр. Қаза тапқан студент қыздың отбасы атап өткендей, тергеу органдары тиісті сараптама жасау үшін шараларды уақытылы жүргізбеген", — делінген құқық қорғау ұйымының хабарламасында.
Бұдан бөлек, өтініште айтылғандай, бойжеткеннің ата-анасы қылмыстық істі тергеудегі бұрмалаушылыққа алаңдаулы, өйткені тергеу амалдары, олардың пікірінше, жалғыз куәгердің жауабына негізделген, соның салдарынан ақтық процестік шешім қабылданып, сарапшылардың қорытындысы шыққанша, БАҚ көздерінде оқиғаға қатысты түрлі болжамдар таралып кеткен.
"Оқиғаның күрделілігін ескере отырып, Омбудсмен жоғарыда аталған деректерді тексеруге, сондай-ақ тергеу амалдарының айқын әрі әділетті жүргізілуіне көмектесуді сұрады", — делінген құжат мәтінінде.
Еске салып өтсек, 13 сәуір күні 21 жастағы студент МГИМО терезесінен құлап кеткен болатын. Куәгерлердің айтуынша, қазақстандық қыз Дағыстан тумасы — басқа бір оқу орнының студентімен сөйлесіп тұрған. Кей деректерде айтылғандай, екеуі қыз-жігіт болып жүріп жүрген көрінеді. Мәліметтердің біріне сүйенсек, екі жас бір-біріне дауыс көтеріп, жігіт терезені ашып, қызды итеріп жіберген. Көптеген жарақат алып, басына зақым келген қызды жедел жәрдем ауруханаға жеткізді.
Кейінірек Дағыстан тумасы қарама-қайшы түсініктеме беріп, қазақстандық студентпен болған оқиғаға қатысы барын жоққа шығарды.
Томирис ауруханада 20 күн жатып көз жұмды.
Дереккөз: sputniknews.kz